Қоғам 20.08.2017 сағат 06:55

ЖОО грантын жеңе алмаған қарағандылық қыз үйінен кетіп қалған

Қарағанды облысында ҰБТ-дан төмен балл жинап, ЖОО грантын жеңе алмаған бойжеткен қыз үйінен кетіп қалып, арада бірнеше күн өткеннен кейін аман-есен табылды. Ол Жезқазғанға барып жұмыс істеп, өздігімен ақша тапқысы келген көрінеді. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы жазды.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

18 жастағы Ырысжан 15 тамыз күні Қарқаралы ауданындағы үйінен Майқұдыққа сұлулық салонына кеттім деп үйінен шығып, сол күйі оралмаған. Оны іздеуге жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге ерікті азаматтар да атсалысқан болатын. Суреттері әлеуметтік желілер мен БАҚ беттеріне ілінді.

Бойжеткенді күні кеше жезқазғандық әйел тауып берді. Ырысжан оның сіңлісімен бірге сол әйелдің үйіне бір күн қонған екен. Кейін БАҚ беттеріне жарияланған суретін көріп, танып, үй иесі дереу полицияға хабар берген.

"Ырысжан ол әйелдің үйіне оның сіңлісімен бірге барыпты. Бір түнеп шыққаннан кейін келесі күні жұмыс іздеуге кеткенін айтқан. Әйел өз мекен-жайын айтқаннан кейін Ырысжанның әкесі дереу Жезқазғанға тартты. Қызды тауып үйге алып келді. Қуанышқа орай, барлығы жақсы", - дейді қыздың ағасы Бекболат Нұржанов.

Оның айтуынша, бойжеткен қыз үйіндегілерге салмақ салмай, өзі ақша таппақ болған көрінеді. Жуырда ол ҰБТ-дан жоғары балл жинай алмай, грант жеңе алмай қалған.

"Ырысжан әлі кішкентай бала секілді. Өмірге де түрлі-түсті көзілдірікпен қарайды. Оның үйден кетіп қалған себебі - бізге көмектескісі келген. Ол өзі жұмысқа тұрып, ақша тауып, бізге салмақ салғысы келмегенін айтты. Өзі пәтер жалдап тұрмақ болған екен. Түсінесіздер ме, мен үнемі жұмыста боламын. Балалардың қалай өсіп жатқанын да көрмеймін. Барлық қазақтар секілді бізде де несие бар. Ал, Ырысжан осының бәрін көріп өсуде. Біз ешкімге қол жайып отырғанымыз жоқ. Бірақ, асып-тасып бара жатқан да жоқпыз. Ал, қызым биыл мектеп бітірді. Грантқа санаулы балл ғана жетпей қалыпты. Енді оқуының ақысын бізге төлетпейін деп осындай қадамға барып отыр", - деді Ырысжанның әкесі.

Оның айтуынша, үйде қыздың грант жеңе алмағанына ешкім ұрыспаған. Үйдің үлкені болғандықтан жауапкершілікті өзіне алғысы келген көрінеді.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар