Қоғам 29.08.2017 сағат 11:34  543

Жыл басынан бері радикалды діни ағымдарға өтіп кеткен 300 азамат дәстүрлі дінге бет бұрған

Былтырғы Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік оқиғалардан кейін елімізде қауіпсіздік деңгейінің күшейтілгені белгілі. Күштік құрылымдар бірнеше арнайы операция жүргізіп, радикалды көзқарастағы азаматтарды ұстаса, теологтар мен өзге де дін мамандары арнайы топтар құрып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жаппай жүргізе бастады. Ақпараттық түсіндіру топтары шалғай ауылдарға, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарға, тіпті түрмеге дейін барып, теріс діни ағымдардың қаупі жайында түрлі мысалдар келтірді.

Бүгінде атқарылған осынау жұмыстар оң нәтижесін беріп келеді. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Үкіметте өткен брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, түсіндіру топтарына министрліктің аймақтағы өкілдері мен теологтар және имам-молдалар кірген.

Биыл құрамы қайта жасақталған ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысының арқасында осындай нәтижеге қол жеткізілді. Министр келешекте бұдан да көп адамды дұрыс жолға бағдарлау мүмкін болатынына сенім білдіріп отыр.

«Бұл жұмыс күшейтілуі керек. Аталған көрсеткіштер көңіл көншітерлік емес», – деді Н. Ермекбаев.  

Бұдан өзге, баспасөз конференциясында министр «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылданатын болжамды күнін хабарлады. 

Заң жобасын желтоқсан айында депутаттардың қолдауымен қабылдау үшін, ҚР Парламентіне 2017 жылғы қарашада ұсыну көзделіп отыр. 

Сондай-ақ, ол заң жобасына түзетулерді әзірлеу кезінде шамамен 50 елдің тәжірибесі ескерілгенін мәлімдеді. 

«Әр мемлекеттің өз ерекшелігі бар. Біз бұған дейін айтып өткендей, Қазақстанға ешбір мемлекеттің тәжірибесін қайталаудың қажеті жоқ. Себебі біздегі жағдай бірегей – біздің өз дәстүрлеріміз, тарихымыз бар. Сондықтан да біз шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың өзімізге тән жеке үлгісін қалыптастырамыз», – деп сөзін түйіндеді министр.

Соңғы жаңалықтар