Қоғам 09.08.2017 сағат 05:12  458

Ақтөбе облысында биыл 134 азамат оралман мәртебесін алған

Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізге келген оралмандар саны жүз мыңдап есептеледі. Атақонысқа көшкен қандастар негізінен Оңтүстік Қазақстан облысы мен Жетісу жерін, Шығыс Қазақстан облысын мекендеп отыр. Алғашқы жылдары солтүстік пен батыс өңірлерге қоныстанған оралмандар саны саусақпен санарлық қана болса, бүгінгі таңда шетелден келген қазақтар Павлодарға да, Петропавлға да, Орал мен Ақтөбеге, Ақтау мен Атырауға да лек-легімен көшіп барып, жергілікті халыққа сіңісіп кетті.

Бір ғана Ақтөбе облысына былтырдың өзінде 99 оралман отбасы, яғни 458 шетелдік қазақ көшіп келген екен. Бұл туралы облыстық мәслихаттың депутаты Дмитрий Довматенконың төрағалық етуімен өткен депутаттық өкілеттіктер мен этика, заңдылық, құқық тәртібі мәселелері және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында айтылды.

Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме басшылары қатысқан болатын..

Отырыстың күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша облыстағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Аман Жекеев баяндама жасады.

— Өткен жылы облысқа 99 отбасы – 458 этникалық қазақ келіп, оралман мәртебесін алды. Ал биылғы жылдың 1 тамызына дейінгі есеп бойынша облысымызға 22 отбасы – 134 этникалық қазақ келіп, оралман мәртебесін алған. Облысқа көшіп келушілердің басым көпшілігі Ақтөбе қаласы мен облыс орталығына жақын орналасқан Алға, Мәртөк, Мұғалжар, Қарғалы, Хромтау аудандарында қоныстанды. Жалпы «Оралман мәртебесін беру» мемлекеттік қызметі 2011 жылдың 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Халықтың көшi-қоны туралы» Заңына сәйкес көрсетіледі. Мемлекеттік қызметті көрсету қағаз түрінде «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және уәкілетті орган облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жүзеге асырылады. 

Мемлекеттік қызмет жеке тұлғаларға тегін және бес жұмыс күні ішінде көрсетіледі. 

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы шетелдік жұмыс күшіне рұқсат беру жөніндегі жергілікті атқарушы орган болып табылады, —деді А.Жекеев.

Оның айтуынша, 2017 жылға Ақтөбе облысына шетелдік жұмыс күшін тартуға 2143 бірлік квота бөлінген. Оның ішінде І санат бойынша 90, ІІ санат бойынша 388, ІІІ санат бойынша 1205, ІV санат бойынша 460 бірлік бар. Ал биыл 1 тамызға дейін біздің облыста шетелдерден келген азаматтарға қызмет жасауға 70 мекемеге 1009 рұқсат қағазы берілген. Атап айтсақ, облысқа Қытай Халық Республикасынан 916, Германиядан 53, Корей Республикасынан 9, Украинадан 22, Түркия елінен 6 және тағы басқа елдерден азаматтар келіп, қызметке орналасқан. Нәтижесінде биылғы жылдың І жартыжылдығында рұқсат қағазы берілгені және ұзартқаны үшін Ақтөбе облысының бюджетіне 167 679 100 теңге көлемінде алым алынған.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің биылғы жылдың 25 мамырдағы №296 қаулысымен Астанада, облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда көші-қон процестерін реттеу үлгілік қағидалары бекітілген.

Биылғы жылы облыс әкімдігі жанынан оралмандар мәселелері жөнінде комиссия құрылды. Аталған комиссия жыл басынан бері үш отырыс өткізіп, облысқа келген оралмандардың жағдайы, олардың жұмысқа орналасуы, әлеуметтік жағынан қорғалуы, тағы басқа мәселелерді қарады.

Отырыста облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Хайруллин баяндама жасады.

Оның айтуынша, 1992 жылдан бастап бүгінге дейін облыс аумағында 42 208 оралман тіркеуден өтіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған.

— Биыл жыл басынан бері Қазақстан Республикасы азаматтығына 729 адам қабылданды. Олардың 652-сі, яғни 89,4 пайызы — этникалық қазақтар. Ал өткен жылы біздің облысқа 638 адам көшіп келген еді. Салыстырып қарасақ, биыл бұл көрсеткіштің өсу қарқыны — 2 %. Айта кету керек, аталған оралмандардың ішінде 36 адам әлі күнге дейін Қазақстан Республикасының азаматтылығын ала алмай жүр. Себебі Өзбекстан елінен келген қандастарымыздың жаңа үлгідегі, биометрлік деректері бар ұлттық төлқұжаттары жоқ, — деді Н.Хайруллин.

Оның айтуынша, биылғы жылы ішкі көші-қон процестеріне жасалған талдау бойынша облыс орталығына аудандардан келіп қоныстанушылар көп. Атап айтсақ, биылғы жылдың 7 айында 97 818 азамат тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұрған. Оның ішінде 31 257 адам уақытша тұру үшін тіркелген. Сондай-ақ әлі күнге дейін облыс орталығында еш жерде тіркелмей тұрып жатқан тұрғындар да бар.

— Қазіргі кезде Ішкі істер департаменті осы бағытта қарқынды жұмыстар атқарып жатыр. Мәселен, жаңа оқу жылында жоғары және арнаулы оқу орындарына түсіп, жатақханаларға орналасып, уақытша тіркеуге тұратын ауыл-аймақтан келген жастармен жұмыстар жүргізіледі. Алайда, аудандардан қалаға жұмыс іздеп келіп, тұрып жатқан азаматтарды тіркеуде біршама мәселелер туындайды, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, жыл сайын облысқа жеке мақсатпен келетін шетелдіктердің саны азаймай тұр. Олардың көп бөлігі біздің облысқа жұмыс жасау үшін келеді. Атап айтсақ, биыл Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан елдерінен келген 6,7 мың азаматқа облыс аумағында жұмыс жасау үшін рұқсат қағазы берілген, соның нәтижесінде мемлекетке 90,2 миллион теңге түсім түскен.

Бүгінгі күні облыстық ішкі істер департаменті заңсыз, жасырын көші-қонға қарсы іс-шаралар жүргізуде. Атап айтсақ, осы іс-шаралар аясында 1458 бұзушылық тіркеліп, 336 шетелдік облыс аумағынан шығарылды. Оның ішінде 50-і — Қытай Халық Республикасының азаматтары. Сонымен қатар бүгінгі күні шетелдіктерге салынған әкімшілік айыппұлдың көлемі 27 миллион теңгені құрайды, — деді Н.Хайруллин.

Бұдан кейін комиссия отырысында облыстың әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша кейбір нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Бұл мәселе бойынша облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева баяндама жасады.

Отырыста комиссия мүшелері аталған екі мәселе бойынша басқарма басшыларына сауалдарын қойып, өз ой-пікірлерін білдірді.

Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова басқарма басшыларына алдағы уақытта аталған мәселелер бойынша толық талдау жасап, мониторинг жүргізу керектігін, сессия қарауына ұсынылатын мәселелер әрдайым облыстық мәслихат депутаттарының назарында болатынын атап өтті.

Отырыс соңында күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты қарар қабылданды.

Данагүл ҚАЗИХАН

Соңғы жаңалықтар