Қоғам 30.08.2017 сағат 09:04  1338

Медеу ауданы Конституция күніне орай ерекше шара ұйымдастырды (ФОТО)

Күні кеше Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Оқушылар сарайы алдындағы алаңда Қазақстан Республикасы Конституциясының 22 жылдығына арналған «Конституция күні» атты іс-шара өтті. Мерекелік шарада әншілер тұрғындар алдында ән салып, атаулы күнмен құттықтады.

Қазақстандық эстрада әншілері және ауданның шығармашылық ұжымдарының бірге қатысуымен өткен концерттік бағдарлама халық көңілінен шығып, Бағлан Әбдіраимов, Нұрлан Албан, Ералхан Әбішевтер қошаметке бөленді. Оған қоса, Медеу ауданы Әкімінің Кубогына ұлттық спорт түрлерінен арнайы қойылым жасалды. Бұған қоса, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі де ұйымдастырылды. Шеберлердің қолынан шыққан өнер туындыларына тамсанушылар да көп болды. Балаларға жеке мереке ұйымдастырылған екен. «22 бақытты сәт» деп аталатын балалар суреттерінің байқауы да шараға ерекше көрік берді. «Ата заңым – айбарым» кітап көрмесі де биылғы жиынға келушілердің таңданысын тудырды.  

«Жыл сайын біз тек мерекелік шара ұйымдастыратынбыз. Ал биыл концерттік шарамен қатар спорттық ойын түрлерінен қойылым, көрме қатар ұйымдастырылды. Бірінші рет көшпелі музей жасадық. Елбасымыздың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында музейлерде арнайы шараларды жиі ұйымдастырып жатырмыз. Оларға бүгін орындарды дайындап бердік», - дейді Медеу ауданы Тілдерді дамыту және архив бөлімінің басшысы Сәкен Аралбаев.

Жиынға аудан әкімі қатысып, қазақстандықтарды, Алматы тұрғындары мен қонақтарын Конституция күнімен құттықтады. «Биыл еліміздің мәртебелі мерекесі – Қазақстан Республикасының Ата Заңы Конституциясына 22 жыл толып отыр. Баршаңызды осынау ұлы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Конституция – қазақ елінің өркені мен өрлеуінің негізі», «Халықтың жүрегінен шыққан, заман сынына қапысыз төтеп берген мемлекеттігіміздің темірқазығы» деген еді. Ия, расында да, Ата Заңымыз - еліміздің ертеңін айқындаған дара дүние. Қазақта «Заңын құрметтей білген, заңына бағына білген ел ғана озады деген» дана сөз бар. Бүгінде Конституциямыздың әрбір тармағы өмірлік заңымызға айналуын қадағалап келеміз. Соның нәтижесінде еліміздің жетістіктері, ішкі және сыртқы саясаттағы тұрақтылығы, экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі арта түсті. Оған дәлел мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы,  «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам», күні кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында халықтың әл-ауқатынын артыру, халықаралық аренада ел беделінің жоғарылауын қамтамасыз ететін терең реформалардың жүзеге асуы», - деді Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев.

Соңғы жаңалықтар