Қоғам 24.08.2017 сағат 15:47  354

Алматыда жол және коммуналды инфрақұрылымды қайта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Биыл Алматы қаласы бойынша жол инфрақұрылымы толықтай қайта жөндеуден өткізілді. Жол және коммуналды инфрақұрылымды қайта жөндеу жұмыстарын қала әкімі Бауыржан Байбектің өзі қадағалап, жұмыс барысын тексеріп жүрді.

Алматы қаласы әкімдігі берген мәлімет бойынша, магистральды көшелердегі 151 шақырым жол толықтай ретке келтірілген. Ал қалған 85 көшенің жөндеу жұмысы қазан айының соңында аяқталады екен. Сондай-ақ, 32 тротуардың 26 шақырымы жаңартылған. Жөндеуден өткен Шевченко және Қонаев, Байтұрсынов пен Тимирязев көшелеріндегі жұмыс аяқталып, қозғалыс бұрынғы қалпына келді. Айта кету керек, велосипед жолдары да ескерілді. Мәселен, «Орбита» мен Көк базар аралығындағы веложолдарды абаттандырып жатыр.

Сонымен қатар, Асқаров көшесінен Әл-Фараби даңғылының батыс бөлігіндегі ұзындығы 3,5 шақырым болатын су жүйелерін қайта жасалды. Бұл жөндеу арқылы қыркүйектен бастап 200 мыңға жуық қала тұрғыны ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, Жұбанов, Төле би, Маметова және Қазыбек би көшелері бойында жылу жүйелерін қайта жасау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, қалада Фурманов, Абай, Хмельницкий көшелерін үңгілеу және бірнеше жолайрықтарын салу жұмыстары одан әрі жалғасады. Абай даңғылы бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Ал оның солтүстік бөлігіндегі көлік қозғалысы 1 қыркүйекте, ал оңтүстігіндегі көлік қозғалысы 1 қазанда ашылады.

«Төле би - үлкен көлік легі бар магистарльды көше. Мұнда ұзындығы 1,6 шақырым болатын аумақта күшейтілген режимде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, технологиялық қауіпсіздік толық сақталып келеді. Жұмысты 25 қыркүйекте аяқтауды жоспарлап отырмыз. Төле би бойымен Масанчиге бұрылатын жерден Қарасай батырға дейінгі аумақтағы жөндеу жұмыстарын тамыз айында бітіреміз, сонымен қатар, Маметова мен Қазыбек би көшелеріндегі жұмыстарды да осы мерзімде толық аяқтаймыз», - деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС директоры Ерболат Аманғалиев.

Әкімдік берген мәлімет бойынша, жаңа жылға дейін 32 шақырымнан асатын жылу жүйесі жаңаланады. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, бұл 2,7 есеге көп екен. Жылу жүйелерін жаңартуға изоляцияланған құбырларды қолданып жатыр, оны пайдалану мерзімі – 40 жыл.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, жыл соңына дейін 102 өтпелі жол қайта жасалып, оларға жарық беріледі. Ал автобустар мен троллейбустар жолақтары 100 шақырымға дейін ұзартылады. Ақылы көлік тұрағының санын 10 мың орынға жеткізіп, велобекеттер саны 200-ге дейін көбейтілетін болады. Оған қоса, 500 ауланы жөндеу жұмысы күн тәртібінде тұр. Жаяу жүргіншілер қозғалысын реттеу мақсатында Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен «Астана» алаңында да ауқымды қайта жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Соңғы жаңалықтар