Қоғам 16.08.2017 сағат 16:53  426

Алматыда дін өкілдері ХҚКО-да «қоғамдық қабылдау» форматында акция өткізіп жатыр

Еліміздің қоғамдық өмірінде дінтанушылар айрықша маңызға ие. Президент «Қазақстан 2050» стратегиясында өркениет құндылықтарының дағдарысы басты сын-қатерлердің бірі екенін атап өтіп, әлеуметтік, этностық, діни салада тұрақтылықты дамытудың сенімді тетіктерін жасау қажеттігін ескерткен болатын.

Бұл бағытта бүгінде бірқатар шаралар қолға алынған. Әсіресе, мемлекеттік органдармен қатар дінтанушыларға да зор жауапкершілік жүктелеіп отыр. Енді олар азаматтық қоғам ұйымдары мен ақпарат құралдары бірлесіп жұмыс істейді.

Мұндай жұмыстардың алдын Алматы қаласы бойынша Дін істері басқармасы бастап та кеткен. Басқарма мамандарының айтуынша, ең алдымен халыққа кереғар діни ағымдардың залалы туралы түсіндіру қажет. Түсіндіру жұмыстарынан кейін теріс ағымдарға өтіп кеткен азаматтарды анықтап, олармен жеке жұмыс жүргізіледі екен.

– Біз Алматы қаласы бойынша 110 адамнан тұратын ақпарат түсіндіру топтарын құрдық. Топтар құрамына ІІМ, психологтар, заңгерлер, тарихшылар, дінтанушылар, теологтар, қоғам қайраткерлерін, спортшы, әнші және т.б. адамдарды енгіздік. Соның ішінде имамдар мен теологтардың қатысуымен қала мешіттерінде, базарларында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты іс-шаралар өткізудеміз, - дейді Алматы қаласы, Дін істері басқармасы Сараптама және зерттеу орталығының бас сарапшысы Нұрислам Исмайл.

Маманның айтуынша, діни ағартушылық еліміздің мектептерінің бәрінде жүргізіледі. Атап айтқанда, 9 сынып оқушыларына «Дінтану негіздері» пәні қазақ, орыс және өзге этнос тілдерінде өтіліп келеді.

Алдын алу және ағарту жұмыстарын жүргізуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және оның қарамағындағы мешіттер де белсенді. Олар еліміздің қоғамдық, мәдени, әлеуметтік және саяси өмірінде белсенділік танытып келеді.

– Сонымен қатар, мұсылман дін өкілдері, теологтар және психологтардың қатысуымен қаламыздың Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «қоғамдық қабылдау» форматында акция өткізіп жатырмыз. Бұл жерде сұрақ қою арқылы кез келген адам өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарына барынша жауап алуда. Осындай іс-шараларда қатысуларымен  мұсылман дін өкілдері мен психолог, теологтар қолдарынан келгенше көмектесуде, - дейді Нұрислам Оразалыұлы.

Еліміздегі кеңес беру-оңалту орталықтары арқылы бірқатар мақсаттарды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, теологтарды тарта отырып, өңірдегі діни ахуалды ақпараттандыратын жергілікті БАҚ журналистердің, мемлекеттік қызметкерлердің, имамдардың, ақпараттық-насихат топ мүшелерінің біліктілігін арттыру және оқыту курстарын жүйелі түрде өткізу бойынша қызметтер жасау қолға алынбақ. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан дінтану сараптамасынан оң қорытынды алған белгілі теолог мамандардың  және министрлік дайындаған баспа өнімдерін (кітап, брошюра, буклет, журнал, т.б.) шығару, қайта басу және тарату қызметтерін көрсетуді жалғастыратын болады.

Ақбота Мұсабекқызы

Соңғы жаңалықтар