Қоғам   18.09.2017   сағат   04:41     874

Алматының Наурызбай ауданында жаңа саябақ ашылды (ФОТО)

«Туған жер» бағдарламасын іске асыру аясында Наурызбай ауданындағы С.Шаймерденов көшесінде «Alibi City Park» деп аталатын жаңа қалалық саябақ ашылды.

Алматының Наурызбай ауданында жаңа саябақ ашылды (ФОТО)

Саябақ жасыл желекпен көмкерілген. Мұнда адамдардың демалуына барлық жағдайлар жасалыпты. Атап айтқанда, балалардың ойын алаңдары, баскетбол, футбол, шахмат ойнауға арналған алаңдар, скейт паркі, жүгіру жолы, сахналар, стендтер және көз жауын алатын субұрқақ бар. Саябаққа жақын жерде 100 орынға шақталған тұрақ орналасқан.

Саябақтың ашылу бағдарламасында әуесқой командалар арасында футбол және стритболдан жарыс ұйымдастырылды. Қонақтарға арнайы мимдар мен стилистер, тірі мүсіндер естелік суретке түсуге ұсынылған. Мұндағы тірі мүсіндер ұлттық киіммен ерекше көзге түсіп қонақтардың назарын ерекше баурап алды.

Жалпы, саябақта күн сайын аквагрим мен криошоу, байқаулар мен жүлделер, әртүрлі жастағы балаларға арналған иллюзиялық шоулар ұйымдастырылып отыратын болады. Келем деушілерге мерекелік ойын сауық бөлімі сағат 14.00-ден 23.00-ге дейін жалғасын тауып, эксклюзивті жарық шоуы, үлкен отшашулар ұйымдастырылмақ. Көтеріңкі көңіл-күй мен іс-шараның музыкалық сүйемелдеуін Алматы қалалық «Zaratushtra» тобы өз жауапкершілігіне алған.

Жаңа саябақты ашуға аграрлық саладағы «ALIBI» компаниясының директоры Жанболат Тілеубаев мұрындық болған. Елбасының өзі жариялаған «Туған жер» бағдарламасы Қазақстандағы барлық кәсіпкерлердің патриоттығына сын дейді ол. Сондықтан, туған жеріме пайдам тисін деген ниетпен саябақ салдым дейді ол.

- Халық пайдасына берілген 4,3 гектар жер бұрынырақта  Пионер лагері орналасқан алқап болатын. Бұл жерді халық игілігі үшін қолдану оңайға түскен жоқ, Яғни, құжаттарын әзірлеуде көптеген қиындықтар кездесті. Алайда осынша жер көлеміне саябақ орнату үшін Алматы қалалық әкімшілігінің де көмегі тигенін айтуым керек. Әкімдікпен бірлесе Наурызбай ауданына қарасты ықшам ауданында бұрын соңды бірде-бір демалыс саябағы болмағандықтан балалар үшін де, зейнеттегі қариялар үшін де бірден-бір керемет демалатын орын сыйлауды жөн көрдік, - дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бас-аяғы құрылысқа 320 млн. қаржы жұмсалыпты. Саябақтың әлі де болса бітпеген тұстары бар екен. Бірақ, ол тұрғындардың демалысына еш кедергісін келтірмейді. Сондықтан, жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары жүріп, ол толық аяқталады дейді Жанболат Тілеубаев.

Айымхан Әмірбекқызы

Соңғы жаңалықтар