Қоғам 25.09.2017 сағат 17:19  1487

Шымкенттік бойжеткенді өзінің сыныптасы Түркияға жезөкшелікке өткізіп жіберген

Түркияда құлдыққа салынған тағы бір қазақстандық бойжеткен құтқарылды. Бұл туралы шымкенттік заңгер Айгүл Орынбек мәлімдеді. Жас қызды өзінің сыныптасы алдап Стамбұлға шақырып, сол жерде жезөкшелікке өткізіп жіберген көрінеді.

Жәбірленген қыз үйдегі төрт қыздың үлкені болған. Жалғызбасты ананың тапқан табысы тамақтан әзер артылғандықтан мектепті кеше бітірген бойжеткен өзі жұмыс істеп көрмек болыпты. Дәл осы сәтті Түркиядағы сыныптас құрбысы ұтымды пайдаланып, тігін фабрикасына жұмысшы қажет деп алдап, оны Стамбұлға келуге көндірген.

«Алғашында қыздың өзі кетуге жүрексініпті. Алайда, алған бетінен қайтпаған сыныптасы анасымен сөйлесіп, жол ақысын өзі көтеретінін айтып, ақыры анасын да көндірген. Ал, Стамбұлға барғаннан кейін қорқыту арқылы құжаттарын алып қойып, жезөкшелікке салған», - дейді Айгүл Орынбек.

Қызының құлдыққа түскенін естіген ана жанын қоярға жай таппай заңгердің көмегіне жүгініпті. А.Орынбек болса дереу Стамбұлдағы Қазақстанның бас консулдығына хабарласып, оларға мән-жайды хабарлаған.

«Тәукеxан Пошанов, Думан Қызыр, Абылай Амандықов сынды консулдық қызметкерлерінің жедел әрекет етуі нәтижесінде және Түркия полициясының көмегімен жоғалған қызымыз сол күннің ертесіне табылды. Араға бір күн салып оның құжаттары өзіне қайтарылды. Қазір жәбірленген бойжеткен үйіне қайтарылды. Шымкент полицейлеріне сыныптасының үстінен арыз түсірдік. Қазір ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғау мәселесін қарастырып жатыр», - деп мәлмдеді заңгер Айгүл Орынбек.

Оның сөзінше, қазақстандық күдікті қызды Түркияның полициясы ұстап, мән-жайды анықтамай Қазақстанға беруден бас тартыпты. Қазір тексеруді олар өздері жүргізіп жатқан көрінеді.

Соңғы жаңалықтар