Қоғам 15.09.2017 сағат 09:43  493

Алматыда «Латын әліпбиі: ұлт қарекеті» атты талқылау өтті

Алматыда «Сарапшы» дискуссиялық клубы «Латын әліпбиі: ұлт қарекеті» тақырыбында жиын өткізді. Күн тәртібіне шыққан негізгі тақырып - қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Латын әліпбиіне өту тақырыбын талқылауға қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, тарихшылар мен қоғам белсенділері шақырылған. Сондай-ақ, тіл мамандары, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар, қоғам қайраткерлері, жастар мен студенттер, мемлекеттік орган қызметкерлері қатысып, өз ойларымен бөлісті.

- Біз «Сарапшы» дискуссиялық клубы қоғамға маңызды өткір мәселелерді талқылап келеміз. Соның бірі - 11 қыркүйекте Парламентте ұсынылған жаңа әліпбидің үлгісі. Осы жаңа әжоба әлеуметтік желі мен қоғам ішінде үлкен талқыға түсуде. Сондықтан осы пікірлер мен ұсыныстарды бір ортаға жинау мақсатында аталмыш басқосуды ұйымдастырдық. Бұл жиын әр тараптың ойын ашық айта алатын және бір-біріне жеткізе алатын басқосу болды, біздің негізгі мақсатымыз да сол еді. Жас буынның өз ойы, аға буынның өз ойы бар екені белгілі. Әрине, жастарға бұл жаңашылдыққа үйрену аға буынға қарағанда жеңілірек болмақ. Сондықтан, екі түрлі ойдың болуы заңдылық. Дей-тұра осы бағытта қос тараптың ойы  үндес екен, - дейді «Сарапшы» клубының өкілі Асхат Қасенғали.

«Латын әліпбиі: ұлт қарекеті» тақырыбында өткен жиында 11 қыркүйекте ұсынылған латын әліпбиін қолдаушылар да, қолдамаушылар да табылды. Мәселен, сол жиынға қатысқан журналист Бауыржан Карипов Парламент қарауындағы қоғам қызу талқылап жатқан нұсқаның кемшіліктері мен қолдамау себептерін түсіндірді.

- Қазақстанда Тіл білімі институты бар. Сол тіл білімі институты жанынан құралған ғалымдар 25 жыл бойы осы латын әліпбиін зерттеп келе жатыр. Біз осы ғалымдардың пікіріне, жасаған жобаларына, ізденістеріне, пайымдарына, жеткен жетістіктеріне, нәтижелеріне сүйену керекпіз. Бізге латын әліппесін жолдан қосылған я ІТ маманының, я филологтың, әлде бизнесменнің, әлде ағылшын тілі маманының жасағаны керек емес, бізге нағыз мамандар жасаған әліпиі қажет. Біз шынымен де осы қазақ тілін зерттеп келе жатқан, қазақ тілінің бүкіл табиғатын, буынын, дыбысын, классификациясын, типологиясын білетін мамандарға жүгінуіміз керек. Біз 26 әріпке енуіміз керек, біз компьютердегі 26 әріпке кірсек, әлемдік жүйеге кіреміз деген пікір бар. Алдымен мынаны түсінуіміз керек, біз ағылшын тілінің латын әліпбиіне көшіп жатқан жоқпыз. Біз өзіміздің латын әліпбиімізге қайта оралып жатырмыз. Себебі, мына батыс, герман, француз тілдерінің барлығының да өздерінің төл дыбыстарына арналған латын таңбалары бар. Біз де өзіміздікін жасауымыз керек. Бәлкім ол ноқат бола ма, бәлкім ол сызықшалар бола ма, әлде нүктелер бола ма, арнайы ғалымдар өздері шешіп жатар. Бірақ, біздің өзіміздің төл тілімізді, төл дыбыстарымызды сақтап қалатын алфавит қажет. Ең басты принцип, біз тек тіл білімі институты ғалымдарының еңбегіне сүйену керекпіз, - дейді Бауыржан Карипов.

2025 жыл латынға көшудің шеткі межесі екені белгілі. Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дәурен Бабамұратов қалай болғанда да барлық әріпті 26 таңбаға сыйғызуымыз керек деген пікірде.

- 11 қыркүйекте ұсынылған нұсқа әлі де өзгереді деп ойлаймын. Әлі де жаңартатын дүниелер бар. Бірақ жалпы бағыт жаман емес, бағыт дұрыс. Біз мүмкіндігінше пернетақтаның ішіндегі 26 әріпке, таңбаға сыю керекпіз. Бұл қазақ тілінің болашағының мәселесі. Ертеңгі күні 26 таңбалы латын әліпбиіне көшкен кезде 30-40 жылда қазақ тілі қатты өзгереді. Орыс тіліндегі мыңдаған сөз архаизм боп қалады. Орнына дәл сол сияқты мыңдаған жаңа терминдер келеді. Олар ағылшын тілінен келеді. Біздің болашақ ұрпақ 30-40 жылдан кейін ұшақты ешқашан самалет демейді. Олар ұшақты ұшақ немесе ағылшын тіліндегі баламасымен айтуы мүмкін. Яғни, осындай орыс тіліндегі сөздер тіліміздегі архаизмдер болады да, олар түсіп қалады. Есесіне ағылшын тілінен көп терминдер енеді. Мен мұны жақсы да, жаман да демеймін. Бұл заманның талабы. Бірақ біз өркениетке бір табан жақындаймыз. Біз 26 таңбалық әліпбиге көшкен кезде әлемдегі озық үлгідегі кітаптар, оқулықтардың барлығы дереу және оңай қазақ тіліне аударылатын болады, - дейді Дәурен Бабамұратов.

Ақбота Мұсабекқызы

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар