Қоғам 22.09.2017 сағат 15:35  485

Алматыда жаңа троллейбус бағыттары іске қосылуы мүмкін

Алматы қаласының Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы қалада жаңа троллейбустық бағыттарды іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

«Троллейбустық қатынасты жаңғырту аясында біз тағы 4 тролейбустық бағытты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Біз қаланың орталығы мен шағынаудандарға қосымша бағыт ашамыз. Атап айтқанда, «Ақсайға» қарай 2 бағыт және қаланың төменгі бөлігіне қарай тағы екі бағыт. Бірақ, бұл тек біздің жоспарымыз ғана. Өйткені, жобалық-сметалық құжат қымбатқа түсуі мүмкін: бәлкім жолдың бойында сым немесе құбыр өтуі мүмкін, оларды айналып өту қажет, бәлкім жол бойында кедергі келтіріп тұрған үйлерді сатып алу керек болады. Сондықтан, нақты қай уақытта іске қосатынымызды айта алмаймын», - дейді Алматы қалалық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.

Оның айтуынша, қазір қалада троллейбустық желілерді жаңарту жұмыстары да жоспарланып отыр екен.

«Қалада 32 троллейбус желісі бар. Олардың соңғы 10 жылда тек 7-8-і ғана күрделі жөндеуден өткен. Қалғандары кеңестік дәуірден бері жұмыс істеп келе жатыр. Сондықтан, олардың бәрін жөндеуіміз керек. Ол үшін ақша бөлінді. Жөндегеннен кейін тағы 20 мың адамды троллейбус қатынасымен қамти аламыз. Біздің троллейбус паркіндегі жүргізушілердің 80 пайызы Алматының жергілікті тұрғындары. Троллейбус жүргізушілері автобустар секілді бір-бірімен жарыспайды, олар тек кестемен жүріп, халыққа сапалы қызмет көрсетеді», - дейді Мақсұт Исахов.

Басқарма басшысының айтуынша, троллейбус сымдарының жалғаушы тростары да алмасады. Осы тростардың сымға жалғанған жерімен өткенде троллейбустар жылдамдығын сағатына 5 километрге дейін төмендетеді екен. Өйткені, ескіргендіктен «мүйіздері» сымнан шығып кететін көрінеді. Ал, жаңарғаннан кейін 5 шақырым емес, сағатына 60 шақырыммен де өтуге болады.

«Мұның барлығы троллейбус қатынасының тиімділігін 20-30 пайызға дейін арттырады», - деді ол.

Айта кетейік, биыл 10 шілдеде Мақсұт Исахов қалада 60 троллейбустың бос тұрғанын айтқан болатын. Өйткені, троллейбустар қатынайтын бағыттардың саны Алматыда өте аз.

Ал, өткен жылдың қарашасында қала әкімі Бауыржан Байбек троллейбустар желісін жөндеуге жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді.

«Троллейбустар өте тиімді қоғамдық көлік, олар экологилық тұрғыдан өте таза. Халыққа да ұнайды. Оның үстіне, шығыны аз», - деген болатын Бауыржан Байбек әкімдікте өткен жиындардың бірінде.

 

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар