Қоғам 30.09.2017 сағат 14:03  466

2050 жылға дейін ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 50%-ға дейін жеткізе аламыз ба?

Қазақстан 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына қосылуы тиіс. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсеткен ең басты міндеттердің бірі. Ал, бұл міндетті жүзеге асыру үшін экономиканың басым бағыттарының бәрін дамытуымыз қажет. Олардың қатарында шағын және орта кәсіпкерлік те бар.

Елбасы аталған маңызды құжатта атап көрсеткендей, 2050 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 50 пайызға дейін жетуі керек. әлемнің алпауыт державаларындағы көрсеткіш осы шамалас. Ал, біз сол көрсеткішке жете аламыз ба? Межелеген уақытқа д ейін қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуеті арта ма? Ендеше сол туралы азды-кем сараптап көрсек.

Статистикаға сәйкес, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, елімізде ШОБ-тің 1 158 680 субъектісі кәсіпкерлік қызметпен айналысады, онда 3 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Олар 4 трлн теңгеден астам сомаға өнім шығарған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ШОБ субъектілерінің 6,3%-ға артқаны байқалады.

Мәлім болғандай, ШОБ-ті дамытудың басты кедергілерінің бірі – шектен тыс әкімшіліктендіру. Бүгінде Үкімет мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын қысқарту жұмыстарын қолға алды.

Тексеріс қорытындысы бойынша, бақылау мен қадағалаудың бірқатар салаларын қысқарту, бизнесті тексеру бойынша талаптардың жартысына жуығын шектеу туралы ұсыныс білдірілді. Бұл ретте, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында талаптардың шамамен 85%-ы, өрт қауіпсіздігі саласында талаптардың 72%-ы қысқартылған. Сондай-ақ, қайталанатын және мемлекет пен тұтынушы қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін, мемлекеттік органдардың 540 бақылау және қадағалау функцияларының 165-ін олардың штат санын қайта қарау мен оңтайландыру арқылы шектеу ұсынылған.  

Уәкілетті органдардың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 30 бабы бойынша әкімшілік іс қозғауға құзыреттілігі мен баптары алынып тасталады, алдын ала бақылау институты іске қосылған. Жалпы алғанда, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды реформалау бойынша қабылданып жатқан шаралар 2018 жылға қарай тексерістер санын 30%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.

Айта кеткен жөн, монополист кәсіпорындар, квазимемлекеттік кәсіпорындар беретін рұқсат құжаттарына да ауқымды тексеріс жұмыстары жүргізілген.

Қазіргі таңда, осындай кәсіпорындар беретін рұқсат құжаттарының тізімі бар, ол 69 рұқсат құжатынан тұрады. Аталған тізім жеткілікті әрі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңның қосымшасы ретінде бекітіледі.

2016 жылдың мамырында «Өзін-өзі реттеу туралы» заң қолданысқа енгізілген. Заңға сәйкес актілер қабылданып, салаларда «өзін-өзі реттеу» институтын енгізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Өзін-өзі реттеу ұйымдарын құру шарттары заңнамалық негізде реттелген. Аталған ұйымдардың қызметі шығарылатын тауарлар мен ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ, өндірушілердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Қазірдің өзінде кейбір салаларда ерікті өзін-өзі реттеу ұйымдары қызмет көрсетеді (экологиялық аудит, букмекерлік қызмет, салық консультанттарының қызметі, өрт қауіпсіздігі).

Бағалау қызметі мен экологиялық аудиттер қызметінде міндетті өзін-өзі реттеуді енгізу бойынша шешім қабылданғанын айта кету керек. Сонымен қатар адвокатттық, нотариалдық, аудиторлық салаларда және құрылыс жобаларын ведомстводан тыс кешендік сараптау қызметінде міндетті өзін-өзі реттеу жүйесін енгізу жоспарда бар.

«Doing Business» рейтингісі: реформалардың нәтижесі

Үкімет жүргізген жұмыстың арқасында, Қазақстан түрлі халықаралық рейтингтердегі орнын елеулі түрде жақсартты. Мысалға, «Doing Business» рейтингісінің нәтижесі бойынша Қазақстан 2016 жылы 190 экономика арасында 35-орында тұрақтады, осылайша рейтингісін 16 орынға жоғарылатты. Дүниежүзілік банк тобы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар елімізде бизнес жүргізу шарттарын айтарлықтай жеңілдететінін мәлімдеді.

Аталған бағыттағы жұмысты жалғастыру мақсатында 2017 жылдың І тоқсанында Қазақстанның бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингісіндегі орнын жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамалардың жаңа пакеті қабылданды. Соның ішінде, түзетулер миноритарлық инвесторлардың құқықтарын қорғауға, салық салу саласындағы рәсімдерді жеңілдетуге, несиелер алып, құрылысқа рұқсат алуға бағытталған, олардың аясында ШОБ субъектілері электрондық тіркелу кезінде бір уақытта банктермен және сақтандыру ұйымдарымен шартқа қол қоя алады, сондай-ақ, ҚҚС бойынша тіркеу есебіне тұра алады, сотқа арыз беру рәсімдері жеңілдетілген, жаңа құрылыс нысандарына техникалық төлқұжат әзірлеу талаптары алынып тасталған.

Бұдан өзге, қазіргі таңда «Кейбір заңнамалық актілерге кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Үкіметке жіберілген.

ШОБ-ке мемлекеттік қолдау көрсету

Жалпы, елімізде кәсіпкерлікке кешенді қолдау көрсету үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен оған қолдау көрсетудің бірыңғай бағдарламасы әрекет етеді, ол өңірлік жеке кәсіпкерлік пен бәсекеге қабілеттілікті дамытуға бағытталған.

«БЖК-2020» іске асырыла бастаған уақыттан бері республикалық бюджеттен 341,3 млрд теңге бөлінген, оның ішінде қаржылық қолдауға – 308,7 млрд теңге, соның ішінде жалпы сипаттағы трансферттер аясында 30 млрд теңге, және ҚР Ұлттық қоры есебінен 31,8 млрд теңге бөлінген.

2017 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 10 240-тан астам кәсіпкер жалпы сомасы 169,1 млрд теңгеге субсидия алған. 4,3 млрд теңге сомасында 772 шағын несие берілген. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын несиелендіру құралы 2017–2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында іске асырылуда.  

«БЖК-2020» жүзеге асырудың әлеуметтік-экономикалық әсері – бағдарлама қатысушыларының салық базасын 609 млрд теңгеге ұлғайтуы, өнім шығару көлемінің 8,5 трлн теңгеге өсуі, сондай-ақ, 337 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын сақтау мен құру.

Бүгінде мемлекеттік қолдау шараларымен 160 мыңнан астам кәсіпкер қамтылған. Бұдан өзге, «БЖК-2020» іске асырыла бастаған кезден бері оқыту құралдары тұрғысынан «Бизнес–Кеңесші» және «Бизнес–Өсім» жобалары бойынша қысқа мерзімді бизнес-тренингтерден 138 568 тыңдаушы өткен, «Жас кәсіпкер мектебі» жобасы бойынша 2 109 адам оқытылған, ШОБ топ-менеджментіне оқыту сабақтарына кәсіпорындардың 2 390 басшысы қатысқан, «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша 3 344 адам оқытылған, оның ішінде АҚШ пен Германияның бейінді кәсіпорындарында шетелдік тәжірибеден 450 адам өткен.

Кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға, шағын қалалар мен ауылды жерлерде жеке істі ашу мен жүргізуге жағдай жасау мақсатында 2017 жылдан бастап Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жаңа бағдарламасын толық көлемде іске асыру жұмыстары басталды. Ол қаржы жетіспеушілігі мен кепілзаттық қамтамасыз етудің жетіспеуіне байланысты мәселелерді шешуге бағытталған шараларды қарастырады.

Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге максималды сомасы 8 мың АЕК (18 млн-нан астам теңге) кезінде, шекті сыйақы мөлшерлемесі ең көбі 6% болатын, 7 жылға дейінгі мерзімге шағын несиелер беріледі. Несие бойынша негізгі қарызды төлеу кезінде «демалыс» беру қарастырылған.

Биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша қарыз алушылардың 1 млрд теңге сомасындағы 80-нен астам жобасы екінші деңгейлі банктердің қарауында жатыр, 133 млн теңге сомасындағы 12 жоба — қаржыландыруға мақұлданды.

Бағдарлама аясында бизнес жүргізу негіздеріне оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда 10 мыңнан астам істі енді бастап жатқан ауыл кәсіпкерлері «Бизнес Бастау» жобасы бойынша бизнес жүргізу негіздеріне даярлаудың бейімделген курсынан өтті, олардың 17%-дан астамы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгро» ҰБХ желісі бойынша қаржыландырылды. Оқыту өтеусіз негізде, 16 мың теңге көлемінде бір реттік стипендия беру арқылы жүргізіледі.  

Бағдарлама аясында әзірленген шаралар қалаларда 2 500-ден астам жобаны қаржыландыруға, 500-ден астам жобаны жетпей тұрған кепілзатпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, төменгі кірісі бар ауыл халқының басым бөлігінің материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, осы жылдың басынан бері Қазақстанда бизнеске қолдау көрсетудің және азаматтардың еңбекке жұмылуын арттырудың тиімді тетіктерінен тұратын Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске асырыла бастады.

Жалпы, Үкімет пен бизнес өзара тиімді қадамдар жасап, аталған бағыттың осал тұстары мен әлеуетті өсім салаларын анықтап жатқанын айтуға болады. Осындай тығыз байланыс еліміздің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесінің ұлғаюына берік негіз болары сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар