Қоғам 21.10.2017 сағат 13:44  744

Алматыда «Еңбек сақшысы» жобасы қорытындыланды

Биыл жазда Алматыда «Еңбек сақшысы» деген атаумен ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Халықаралық құқық қорғау орталығы бірлесе жоба бастаған болатын. Мақсат - кәсіорындар мен мекемелерде, шағын және ірі компанияларда орын алатын еңбек дауларының себебін анықтау, талдау және алдын алу. Жоба Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысымен жүзеге асып отыр.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Бірнеше айға созылған жоба бүгін Алматыда қорытындыланды. Осы уақыт аралығында зерттеу жүргізген мамандар дөңгелек үстел басына жиналып, еңбек дауларын шешудің жолдарын ортаға салды. Жиын «Азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау, еңбек дауларының алдын алу мен азайту, бітімгершілік рәсімдері» деген атаумен өтті.

Жиынға Алматы қалалық Кәсіподақ ұйымы, Халықаралық құқық қорғау орталығы қоғамдық бірлестігі, Алматы қалалық соты, мемлекеттік Еңбек инспекциясы және Көші-қон басқармасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Алматы қаласы бойынша Жұмыспен қамту орталығы ММ, Санкт-Петербург Гуманитарлық кәсіподақтар университеті ҚҚ, «Нұрлы бағдар»  ҚҚ өкілдері қатысты.

«Еңбек сақшысы» жобасының жетекшісі Жанділдә Әжіғалиұлының айтуынша, бір ғана 2016 жылдың өзінде республика бойынша 4 мыңнан астам азамат пен компаниялар еңбек қатынастары бойынша арызданған. Олардың басым көпшілігі жалақы мәселесіне байланысты құқық қорғау органдарына шағым түсірген екен. Сондай-ақ, құқықтары тапталған жұмысшылардың да саны аз емес. Ал, «Еңбек сақшысы» жобасының мақсаты да осындай шағымдарды зерттей отырып, еңбек дауларын болдырмаудың жолдарын қарастыру, себебін анықтап, алдын алу.

Зерттеу жүргізілген уақытта мамандар Алматыдағы 180 компанияның 350 қызметкеріне семинар-тренингтер өткізген. Тақырып – «Еңбек дауларын шешуде ҚР Еңбек заңнамасының, келіссөздер процесінің және медиацияның негіздері». Оған мекеме басшылары, кадр бөлімінің мамандары, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысқан. Осы тренингтер барысында оның қатысушыларына еңбек дауларын қалай шешудің жолдары үйретілді. Сондай-ақ, тренерлер еңбек дауы бола қалған жағдайда заң аясында қандай шешімдер қабылдау керектігін де түсіндірді.

Сонымен қатар, зерттеу барысында Алматыдағы 20 ұжымның 1000 қызметкері арасында сауалнама да жүргізілген. Оған да мекеме басшылары және кадр бөлімінің мамандары қатысқан. Осы сауалнаманың қорытындысы бойынша бүгінгі дөңгелек үстелге жиналған мамандар өз ойларын ортаға салды, қандай өзгерістер енгізу керектігін ұсынды. Одан бөлек, мамандар осы жұмыстың нәтижесі бойынша әдістемелік құралдар әзірлеп, еңбек заңнамаларына байланысты диск жинақтарын дайындаған. Олардың барлығы кәсіпорындар мен мекеме өкілдеріне таратылды.

– Осы жоба аясында жүргізілген сауалнама қорытындысына қарасақ, барлық компанияларда кадр мамандары, менеджерлер дауды басқару, реттеу, шешу жолдарын білмейді екен. Яғни, олардың білімдерін арттыру үшін ешқандай жұмыс жүргізілмей жатыр. Соның салдарынан еңбек ұжымдарында дау-дамайлар жиі-жиі туындайды. Себебі, келіссөз жүргізу маманы яғни медиатор маманы секілді тұлғалар жетіспегендіктен, олар штатта жоқ болғандықтан даулар әлі күнге дейін орын алып жатыр – дейді «Еңбек сақшысы» жобасының жетекшісі Жанділдә Әжіғалиұлы.

Жүргізілген жұмыстарды қорытындылаумен қоса бұл жиында заң шығарушы орган яғни Парламентке жолдайтын ұсыныстар даярлау жайы да талқыланды.

 

Мөлдір Бегімбет

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар