Қоғам 24.10.2017 сағат 06:46  564

Астананың полицейлері көлік жүргізушілеріне дөңгелектерін ауыстыруға кеңес берді

Ауа-райының күрт бұзылуына байланысты Астана қаласының ЖПҚ көлік жүргізушілеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

«Жол жүру кезінде көлік апатының алдын алу мақсатында жүргізушілерге автокөліктің дөңгелегін жазғыдан қысқы дөңгелекке ауыстыруға кеңес береді», - делінген Астана қаласының ЖПБ таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары жүргізушілерге күн райының ерекшеліктерін ескеріп, жылдамдық режимін белгіленген көрсеткіштен асырмай, жол белгілеріндегі нұсқаулар мен көлік құралдарының тұрақтау ережелерін қатаң қадағалауға кеңес береді.

«Жаяу жүргіншілерге де жол жүру ережелерін сақтау керек. Ол үшін жолды тек рұқсат етілген жерден өтуі тиіс», - делінген хабарламада.

Астана қаласында температураның төмендеуіне байланысты көктайғақ болады деп күтілуде.

Бүгін Астанада күн бұлтты, жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болады. «Жел оңтүстік-батыстан, батыстан 15-20 м/с соғады. Температура күндіз және түнде +3...+5°С төмендейді», - делінген Қазгидромет хабарламасында.

Синоптиктердің болжамынша 25 қазан күні Астанада күн райы бұлтты, қар жауып, бұрқасын соғады.  Жел батыстан, солтүстік-батыстан 15-20 м/с соғады. Түнде температура -3...-5°С, күндіз 0...-2°С.

Бейсенбі күні – көшпелі бұлт, түнде аздаған қар жауады. Жел солтүстік-батыстан 9-14 м/с соғады. Түнде температура -3...-5°С, күндіз - 0....-2°С.

Ауа райының төмендеп, суытуына байланысты көктайғақ болады деп күтілуде. Сондықтан, қалалықтар мен астана қонақтарына көшелерде абай болуын ескертеді.

Соңғы жаңалықтар