Қоғам 26.10.2017 сағат 06:16  3288

Киелі жерлер картасына Жамбыл облысынан 8 тарихи-мәдени нысан енгізілді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бағытында қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды жұмыстар қолға алынып жатқаны белгілі. Бұл ретте Жамбыл облысында да бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткене брифингте облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Бықыбаев баяндады.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда облыста Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында бесжылдық үлкен бағдарлама әзірленген. Еліміздің барша тұрғындары ыстық ықыласпен қабылдаған Президенттің бұл идеясы үлкен жауапкершілікті, терең талдауды қажет ететіндіктен өңірде осындай ауқымды бағдарлама әзірленіп отыр.

Тұтастай алғанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалпы жұртшылықтан қолдау тапқан, төл руханиямызды түлетуге ықпал ететін іргелі жұмыстарға арқау болмақ.

Өңірде соңғы жылдары мәдениет саласына ерекше назар аударылып, бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де бірнеше есеге ұлғайған. Кітапхана қоры молайып, мәдени нысандар жаңартылып, бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Атап айтар болсақ, кейінгі 5 жылда мәдениет саласын қаржыландыру көлемі 2 млрд. теңгеге артқан және 2009 жылдан бері 3 млрд. 331,5 млн. теңгеге облыс көлемінде 249 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті.

Биыл 308,0 млн. теңгеге «Баласағұн» орталық концерт залының сыртына күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді.

Өткен жылы Жамбыл өңірінің рухани мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан ұлы тұлғалар мен ірі қайраткерлердің еңбектерін келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында, ұлт Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен қазақ халқының ұлы ақыны Ж.Жабаевтың 170 жылдығына орай Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы ашылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бағытында, «Рухани қазына» кіші бағдарламасына мәдениет саласы бойынша 27 жоба енгізілген.

Олар, «Туған жер» жобасына – 25 жоба, «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасына – 1 жоба, «Заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасына – 1 жоба ұсынылды. Ұсынылған жобаларға жоспарланған қаржы көлемі 706,5 млн. теңгені құрайды.

Аталған жобалар қоғамдық сананы рухани жаңғыртуға өз үлесін қосып, халықтың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, мәдениетті дамыту, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, шетелдерде таныстыру, сондай-ақ, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдыру, рухани тәрбие беруге бағытталған. Енгізілген жобалардың алтауы биылғы жылдан бастау алып, іске асырылуда.

Сондай-ақ, Қазақстанның сакралды картасының тізіміне Жамбыл облысынан 8 тарихи-мәдени нысандар енгізілді. Олар:

Сәулет ескерткіштері: Тектұрмас кесенесі ХІV ғ., Қарахан кесенесі ХІІ ғ., Айша бибі мазары ХІ-ХІІ ғғ., Бабажы Хатун мазары Х-ХІ ғғ., Байзақ батыр Мәмбетұлының кесенесі;

Археологиялық ескерткіштер: Ақыртас сарай-кешені VІІІ - ІХ ғғ., «Ежелгі Тараз қалашығы» І-ХІХ ғғ, «Меркі-Жайсан ғұрыптық кешені».

Облыста туристік кластерді дамыту мен туристерді өңірге тарту мақсатында академик «К.И.Скрябиннің үй-мұражайы» мен Қарахан кесенесі жанында орналасқан «Ортағасырлық мешіт» қайта қалпына келтіріліп, ортағасырлық Ақыртас кешені қайта жаңғыртылды және оған баратын жол жөнделді.

Сонымен қатар, биылғы жылы Бектөбе (7,0 млн), Георгиевск (5,0 млн.), Тамды (7,0 млн.), Саудакент (5,0 млн.) қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылдары осы нысандарға консервация, музеефикациялау жұмыстарын жүргізу және микросакральдық нысандарға енгізу жоспарланып отыр.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында табылған барлық жәдігерлер облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталатын болады.

Сонымен қатар, өткен аптада облыстық жобалық офиске жаңадан «Шу өзені аңғарындағы түркілердің киелі ескерткіштері» атты жобасы ұсынылды. Аталған жобаның мақсаты: Бүгінгі күнге дейін өз деңгейінде зерттелмеген, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет ететін Жамбыл облысы, Шу өзенінің аңғарында және Меркі елді мекенінен 37 шақырым қашықтықта орналасқан Меркі-Жайсан ескерткіштерінің бұған дейін ашылмаған құпиялары мен сырларын ұғуға бағытталады.

Жоба аясында шетелдік және отандық түркітанушы мамандарды тарту арқылы түркілердің өмір салты мен мәдени идеологиясы жайлы жаңа мағлұматтар жинау жұмыстары жүргізілетін болады. Зерттеу барысында тюркология саласындағы әлемнің жетекші мамандарын, яғни Такаши Осава (Жапония), Боталов Сергей (Ресей), Максим Мордовин (Венгрия), Баян Тотев (Болгария), Бекир Дениз және Омер Займоглуларды (Түркия) тарту көзделіп отыр.

Нәтижесінде шет елдік және отандық тюрколог ғалымдардың қатысуымен археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар, Жамбыл облысының жоғарғы оқу орындарының тарихшы мамандары мен білімгерлерінің қатысуымен далалық семинарлар мен мастер кластар өткізіледі,- деп сөзін түйіндеді басқарма басшысы.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар