Қоғам 01.11.2017 сағат 06:37  416

Астана мектептерінде дефибрилляторлар пайда болады

Келесі жылы Астана мектептеріндегі медициналық пунктерде 167 дефибриллятор орнатылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың айтуынша 2018 жылы елордалық білім мекемелеріне 167 құрал алынады. Астана республика бойынша бірінші болып мектептерге дефибрилляторлар орнатуды қолға алып отыр.

«Ақ жүрек» қоғамдық қорының директоры  Руслан Масхұтов аталған құрал еліміздің барлық білім беру мекемелері мен қоғамдық орындарда қолжетімді болуы керек деген пікірде.

«Автоматтық дефибрилляторлар мектептегі медициналық пунктерде немесе дене шынықтыру сабағы өтетін жерлерге орнатылуы керек», - деді медиа орталықтың тілшісіне берген сұхбатында «Ақ жүрек» қорының директоры. 

Мамандардың айтуынша аталған құралдың екі түрі бар. Бірі медициналық ұйымдарда қолданылатын кәсіби құрал, ал екіншісі - кез келген адам пайдалана алатын автоматтық  дефибрилляторлар.  Елорда мектептеріне орнатылатын дефибрилляторлар автоматтық болып табылады. Оны арнайы медициналық білімі жоқ адамдар қолданып, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. ​​

Соңғы жаңалықтар