Қоғам 04.11.2017 сағат 07:25  584

Оралда 5 ай бұрын көшеден табылған нәрестені анасы қайта алғысы келеді

Оралда осыдан 5 ай бұрын құрылыс алаңынан табылған нәрестені анасы өзіне қайта алғысы келеді. Бұл туралы Сәбилер үйінің өкілдері хабарлады деп жазады mgorod.kz порталы.

Сәбилер үйінің бас дәрігері Мария Құбашеваның айтуынша, баланың жағдайы қазір жақсы. "5 айлық сәби өз жасына лайық дамып келеді. Оның артынан анасы мен әжесі қамқоршылық органының рұқсатымен келіп, кездесіп тұрады. Анасы сәбиді өзіне қайта алып кеткісі келіп, қазір сот шешімін күтіп жүр", - дейді М.Құбашева.

Орал қалалық Білім бөлімі, балалар құқығын қорғау секторының меңгерушісі А.Бержанованың айтуынша, баланың әкесі ДНҚ сараптамасын өткізіп, өзінің әкелігіне көз жеткізбек көрінеді.

"Мұнан кейін ол бізге сараптаманың қорытындысын әкелуі керек. Мұнан кейін ол баланы асырап алуға өтініш жаза алады. Ал, анасына қатысты іс сотта қаралады", - дейді Бержанова.

Еске салайық, 26 маусым күні кешкі сағат 20:00 шамасында 4-шағынауданда құрылысы бітпеген үйдің жертөлесінен қарауыл жылап жатқан сәбиді тауып алған болатын. Анасы оны босана салып тастап кеткен. Артынша тәртіп сақшылары 21 жастағы "көкек ананы" да ұстады. Оның айтуынша, ол жігітімен ұрысып қалғаннан кейін баласын сәбилер үйіне өткізбек болған көрінеді. Алайда, мекен-жайын таппағаннан кейін жертөлеге тастап кетіпті. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар