Қоғам 05.10.2017 сағат 10:28  4883

Туған өлке тарихы – ұрпаққа тағылым

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» жобасы мен  еліміздегі «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық бағдарламасы аясында Жамбыл облысындағы Амангелді орта мектебінде келелі кездесу өтті. Төл тарихымызбен, өлке тынысымен терең таныстыру бағытындағы басқосуда жоғары сынып оқушыларына тың деректер ұсынылып, қазба жұмыстары кезінде Тараздан табылған жәдігерлердің шағын көрмесі ұйымдастырылды.

Туған жерді сүю парыз, сүю үшін білу парыз. Туған өлке тарихын әспеттеп, келер ұрпаққа жеткізу аға буынның міндеті. Бұл жайында Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да ерекше аталып көрсетілді. Болашаққа қалай қадам басарымыз – өскелең ұрпаққа беретін тәрбиеге байланысты. Бүгінгі кездесудің де көздегені осы. Жастарды киелі мекеннің тарихымен таныстыра отырып, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін арттыру.

Киелі Әулиеата рухани-мәдени мұраларға бай өлке. Таразды – тарихымыздың темірқазығы деп бекер айтылмаса керек. Бір Жамбыл облысының өзінде 3600-ден астам тарихи-мәдени орындар бар. Өлкенің киелі орындарының географиялық картасына солардың алтауы кіріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Ал, ашылмаған құпиялары қаншама?!

Кездесуде оқушылар Тараздан арнайы әкелінген қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи жәдігерлерді көзбен көрді. Бұл ұйымдастырылып отырған көрме ата-бабамыздың мекені, ежелгі қоныс көне шаһардың мыңжылдықтарынан сыр шертеді. Қала жайында  арнайы жасалған шағын фильм,  туған жер туралы тереңірек білгісі келген жастардың қызығушылықтарын оятты. Мұндай тағылымы  мол басқосулар келешекте де жалғасын тапса, деген тілектерін жеткізді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы биыл сәуір айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған болатын. Елбасының бұған дейінгі бағдарламалары мен жолдаулары ел экономикасының дамуына негізделсе, «Рухани жаңғыру» – аты айтып тұрғандай, қазақ қоғамының санасын жаңғыртуды өзіне мақсат еткен. Мақалада «Туған жер» бағдарламасынан бөлек бірнеше басым бағыттар бар. Олардың қатарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Киелі жерлердің картасы», Қазақ әліпбиін латын графикасын көшіру сынды жобалар жүзеге асатын болады.

Соңғы жаңалықтар