Қоғам 31.10.2017 сағат 14:39  648

Алматыда денсаулық сақтау саласының мамандары педиатриялық қызметтің бағыт-бағдарын талқылады

Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы басты ұстанымдарының бірі – ана мен бала саулығы. Жыл сайын бюджеттен бөлінетін миллиардтаған қаражаттың да дені осы аналар мен балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталып келеді. Өйткені, дені сау ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Қаржының мол бағытталуы нәтижесінде елімізде ана мен баланың өлім көрсеткіші айтарлықтай төмендеп, ауруға шалдығу қауіптері де біршама сейілген. Ал, осы жетістікке жетуге үлес қосып, аянбай тер төгіп жүрген Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының мамандары биыл аталған мекеменің 85 жылдығын атап өтіп жатыр. Осынша уақыт бойы бұл орталық талай баланы ауруынан емдеп, талай отбасыға үміт сыйлады.

Айтулы датаға орай орталық қызметкерлері бүгін еліміздегі барлық білікті балалар дәрігерлерімен бас қосып, алқалы жиын өткізді.

«Біздің Орталық республикамыз бойынша барлық балаларға медициналық көмек көрсететін еліміздегі көне медициналық ұйымдардың бірі, бұл жерде жоғары білікті мамандар дәрігер-педиатрлар, бала хирургтері, ғылыми қызметкерлер, білікті мейірбикелер қызмет етеді. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Ана мен нәрестелер институты болып негізі қаланған сәттен бастап, заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен жарақталған қазіргі Ғылыми орталыққа дейін дамыған үлкен тарихы бар. Біз барлығымыз осындай Орталықта жұмыс істеуге мүмкіндігіміздің болғанын және педиатриялық қызметтің негізін қалаған ұстаздарымыздың ісін жалғастыру жолындағы үлесімізді мақтан етеміз», - деді құттықтау сөз сөйлеген аталған орталық директоры Риза Боранбаева.

Орталықтың 85 жылдығына арналған салтанатты жиын аясында қазақ балалар хирургиясының атасы Камал Ормантаев, академик Төрегелді Шарманов,  медицина ғылымдарының докторы, профессор Тамара Чувакова сынды танымал дәрігерлер қатысқан еліміздегі педиатриялық қызметтің бағыт-бағдарына арналған конференция өтті.

Конференцияда педиатрияның өзекті мәселелері, онкологиялық, гематологиялық көмек беруді ұйымдастыру, зертханалық қызметтің, балалар кардиохирургиясы қызметінің дамуы, онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларды оңалтудың бүгінгі жағдайы сынды балаларды емдеудегі өзекті мәселелер талқыланды.

Аталған орталықтың хирургия бөлімі басшысы, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Ақпаров елімізде балалар арасындағы кең таралып отырған дерттерді айтып берді.

«Біздің орталықта Қазақстандағы ең ауыр науқасқа шалдыққан балаларды емдейді. Соның ішінде, көп кездесе бермейтін ауруға шалдыққан балаларды, туа біткен науқас балаларды да қарайды. Біздің орталықта оталардың барлық түрі жасалады. Орталықтағы хирургия бөлімі 1994 жылы академик Камал Ормантаевтың жетекшілігімен ашылды десе болады. Міне, содан бастап, 3-4 жыл сайын оның салалық жағын кеңейттік. Бүгінде неонталды, кардио, урологиялық хирургия секілді бөлімшелері қызмет етіп жатыр. Соңғы үш жылда онкология хирургиясы ашылды. «Тікішек тесігі» деген өте ауыр науқаспен түсетін балалар бар. 2004 жылға дейін осы диагнозбен келген балалардың 95 пайызы өте қиын ота жасалғанымен, мүгедек болып қалатын еді. 2004 жылы мен ТМД елдеріндегі дәрігерлер арасында бірінші болып, АҚШ-тан тәжірибе алдым. Қазір осы ауруға қатысты ең қиын оталарды өзімізде жасайтын болдық. Қазір осы науқаспен түскен балалардың 15 пайызы ғана мүгедек ретінде қалса, қалғаны жазылып, өмірге араласып кетіп жатыр», - деді Нұрлан Ақпаров. 

Айта кетейік, Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының негізі 1932 жылы 28 қарашада  Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты ретінде қаланған. Аталған орталық балалардың денсаулығын қорғауда қол жеткізген жетістіктері үшін Халықтар Достығы орденімен және «Сапа үшін Еуропалық Гран При» халықаралық байқауының  «Медицина саласының көшбасшысы» Бас жүлдесімен марапатталған. 

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар