Қоғам 21.11.2017 сағат 15:00  2548

Алматыда «Таза қала – Таза мекен» экологиялық акциясы өтті

Алматыда «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобаның  аясында «Таза қала - Таза мекен» экологиялық акциясы өтті.

Экологиялық акция Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынып отыр. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалының Республикалық «Гүлдене бер, Туған Ел!» атты эстафеталық марафоны бастау алғанын айта кету керек. Акция аясында «Жанұя» КММ балалар үйінің ауласында тәрбиеленушілер өз қолдарымен құстар үйін және жем салғыштар орнатты.

Акцияның мақсаты – балаларды қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға шақыру. Сондай-ақ, тәрбиленуші балалар арасында қамқорлық, бауырмашылдық қасиеттерді орнатып, еңбексүйгіштікке баулу.

- Осындай шаралардың балалар тәрбиесіне қосар үлесі зор. Балалар біздің болашағымыз. Кішкентай кезінен еңбекке баулып, қоршаған ортаны қорғауды санасына сіңіріп өскен бала үлкен жетістік әкеледі. Табиғат жанашыры болып, өз ортасын таза ұстауға  үлесін қосқан әрбір тәрбиленуші үшін бұл жауапты іс, - дейді аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Мұқанова.

Айта кету керек, тәрбиеленушілер арасында құстарға арнап үй жасаған Владимир Андрянов талантымен көпшілікті таңқалдырып үлгерген екен. Оның айтуынша, өзі жасаған қолөнер туындылары Астанада өткен «EXPO-2017» халықаралық  көрмесінде келушілердің назарына ұсынылыпты. Сондай-ақ, әлемдік, қалалық, аудандық жарыстардан жүлделі орындарға да ие болған.

Шара соңында балалар үйінің директоры Ләззат Құлсарина ұйымдастырушылар мен балаларға алғысын білдіріп, акция жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын тапса екен деген тілегін білдірді. Ал, белсенді қатысқан тәрбиеленушілер, осындай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғанын қалайтындарын жасырмады. Себебі, олар бір күн болса да табиғат аясында үлгілі іс атқару борышымыз деп біледі.

«Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалының хабарлауынша, бұл акцияны Алматының барлық аудандары өткізуі тиіс.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл сәуір айында жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 6 басым бағыт көрсетілген. Солардың бірі «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру. Жоғарыда аталған тазалық шараларының бәрі осы бағдарлама аясында өткзілуде. Тазалық акциларынан бөлек еліміздің түкпір-түкпірінде көгалдандыру, жол салу, меткеп пен балабақша салу секілді игі істер атқарылып келеді. Мұның барлығы да ауыл-аймақты, яғни туған жерді түлету мақсатында жасалып жатыр.

Айымхан Әмірбекқызы

Соңғы жаңалықтар