Қоғам 15.11.2017 сағат 09:05  1418

Жаңа құжат діни радикализмнің алдын алады

Қоғамда ең көп талқыланып жатқан мәселе Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен әзірленіп жатқан Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер. Биыл қыркүйек айында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылғанына бір жыл толды. Осы уақыт аралығында саладағы уәкілетті мемлекеттік орган болып табылатын ведомство тарапынан көптеген іргелі жұмыстар қолға алынып, бірқатар стратегиялық құжаттар әзірленіп, қабылданды.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Айталық, маусым айында Мемлекет басшысының Жарлығымен 2017-2020 жылдарға арналған Дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы тұжырымдама қабылданып, қыркүйекте Үкімет қаулысымен құжатты жүзеге асыру жоспары бекітілді. Ал қазан айында Үкімет қарауына «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша жекелеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.

Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі, сол себепті де ел тарихы қазіргі заманғы әлемнің жағдайымен, даму серпінімен, халықаралық саясат пен экономикадағы өзгерістерге тығыз байланысты дамиды. Діни сипаттағы дүниені дүрліктірген құбылыстардың еліміз үшін де ықпалы, қауіп-қатері бар екені рас. Бұл ретте қоғамның тыныштығы мен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау мақсатында дін саласындағы мемлекеттік саясатты жан-жақты жүзеге асыру міндеті алға шығады. Елбасы бекіткен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» осы бағыттағы жүйелі жоспарлар арқылы қоғамның радикалдануының алдын алуды көздейді.

Жаңа заңнамалық құжат жайынды дінтанушы мамандар мен теологтардың пікірі қандай?

Берік Арын, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі:

9 заңға және 2 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі

–  Биыл  маусым айында тәуелсіз тарихымызда тұңғыш рет Мемлекет басшысының Жарлығымен 2017-2020 жылдарға арналған Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамаcы бекітілді. Біз осы құжатта дін саласындағы мемлекеттік саясаттың алдағы орта мерзімдегі негізгі бағыттары мен басымдықтарын айқындадық. Яғни, тұжырымдамада белгіленген мерзімде барлық мүдделі мемлекеттік органдар еліміздің Конституциясында көрініс тапқан зайырлылық қағидаттарын ілгерілету, конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, діни радикализмнің алдын алу бағыттарында бірлесіп жұмыс істейтін болады. Қыркүйек айында ел Үкіметінің қаулысымен осы құжатты жүзеге асыру жоспары бекітіліп, қазіргі таңда тиісті мекемелер жұмыстарын бастап кетті. Осы ретте, мемлекеттік органдармен әзірленетін және белгілі бір саланы пәрменді реттеу мақсатын көздейтін кез келген тұжырымдама, өз кезегінде, заңнамалық өзгерістер мен толықтыру жұмыстарымен қатар жүретінін айта кеткім келеді. Министрлік осы қисынды басшылыққа алып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, оны министрлік жанындағы Қоғамдық кеңес отырысында, қоғамдық ұйымдар мен діни бірлестіктердің және ғалым-сарапшылар қауымдастығының қатысуымен өткен үлкенді-кішілі басқосуларда кең талқылаудан өткізді. Заң жобасы белгіленген тәртіпке сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдардың келісуінен өтіп, министрліктің ресми сайтында және Үкіметтің ашық веб-порталына орналастырылды. Үкіметке енгізген заң жобасы шеңберінде әртүрлі саланы реттейтін 9 заңға және 2 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде. Олардың қатарында діни қызмет және діни бірлестіктер, білім беру, мемлекеттік қызмет және басқа да мәселелер бойынша ел заңнамаларын жетілдіруге бағытталған көптеген ұсыныстар көрініс тапты. Атап айтар болсақ, заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар кәмелетке толмағандардың діни іс-шараларға қатысу тәртібін реттеу, шет елдерде діни білім алу мәселесін реттеу, қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға бөгет жасайтын киім түрлерін киіп жүруге тыйым салу, дін саласындағы уәкілетті органның діни бірлестіктермен өзара іс-әрекетін жетілдіру, діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметкерлердің діни рәсімдер мен жоралығыларға қатысуын реттеу және тағы басқа да көптеген мәселелерді қамтып отыр.

Балғабек Мырзаев, дінтанушы, теология ғылымының докторы:

Деструктивті діни ағымдарға тыйым салынады

– Негізінен, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнама азаматтардың құқықтарының сақталуына кепіл болуды көздейді және діннің экстремистік және басқа да деструктивті іс-әрекеттерде қолданылуын азайту мақсатында құқық нормаларын орнатуға бағытталған. Шынтуайтында, заң жобасында сақалдан немесе пәренжеден гөрі бірнеше маңызды және салмақты дүние бар екенін білгеніміз абзал. Онда алғаш рет діни радикализм, деструктивті идеологиялық ағым, деструктивті діни ағым және басқа да бірқатар терминдерге анықтама берілген. Деструктивті діни ағымдарды насихаттауға, идеологиясының таралуына тыйым салу қарастырылуда. Діни бірлестіктердің құқықтарын қорғау, олардың қызметі үшін түсінікті және ыңғайлы жағдайлар жасауға, нақтылауға, қорғауға бағытталған нормалар бар. Кейбір ниеті түзу еместер осыған көңіл бөлудің орнына, екпе шаралары бойынша тұрғындардың бір бөлігінің көңіліне күмән салғысы келеді. Бұл жерде екпе мәселесі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің емес, Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіндегі нәрсе екенін де атап өту керек. Кейде мерзімі өтіп кеткен немесе сапасы өте төмен екпе егіліп, оның салдарынан арты қайғылы жағдайға кездесіп жатамыз. Бірен-саран дәрігерлердің салғырттығы, өз жұмыстарына жауапсыз қарауы көптің бәрін өзімен бірге ала кетеді. Осыған мүлдем жол бермеу үшін дәрігерлерге де түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу керек-ақ. Сонымен қатар кейде бар мәселені дін мамандарына жүктеп жатамыз. Олар медицина мамандары емес, тек діни тұрғыдан екпе алуға кедергі жоқ екенін ғана айта алады. Екпенің пайдасы туралы білікті әрі танымал медицина мамандарының көбірек жазып түсіндіргендері абзал болар еді.

Алау Әділбаев, «Нұр-Мүбәрак» университеті «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, теология ғылымының докторы:

Жастарды теріс діни идеологиядан тазарту маңызды

– Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жастар халық санының 23 пайызына тең. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметтері бойынша, жастардың 79,6 пайызы дін ұстанады, оның 9,9 пайызы белсенді түрде дінге бет бұрған. Бұл дегеніміз жастар арасында дінге деген қызығушылықтың өте жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Әлбетте, жастардың имандылыққа бет бұруы қуантарлық жайт. Дегенмен, қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан діни радикализм мен террорлық әрекеттер әлем жұртшылығын қандай қауіп төндіргенін көріп отырмыз. Интернеттің көз ілеспес шапшаң дамуы нәтижесінде кішкентай ғана бір ауыл секілденіп қалған жаһанданудың ықпалымен санасы уланған кей жастарымыздың шекара асып, қолдарына қару алып Сирия еліндегі соғыс ошағына түсуі біздің қоғамымызға ауыр соққы болып тиді. Жалпы, жастарды теріс діни идеологиялардан аман алып қалу жұмысы өте үлкен, кешенді жоспарлармен атқарылуы тиіс деп ойлаймын. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «Бүгінгі күні түрлі радикалды ұйымдардың 80%-ын 30 жасқа дейінгі жастар құрайды. Осыған байланысты, елімізде және жалпы халықаралық жастар ынтымақтастық жүйесінде жастарды бағыттауға және ынталандыруға арналған құндылықтарды қалыптастырудың тиімді жүйесі болғаны маңызды» деп, жастар саясатына немқұрайлы қарауға болмайтынын баса айтты. Осы ретте Елбасы Н.Назарбаев бекіткен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» күрмеуі мол мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік беретініне сенімім мол. Қазіргі кезде деструктивті діни топтар адам тартудың сан түрлі тәсіліне көшкен ғой. Олар материалдық жағдайдан бастап, діни қажылық орындауға дейін қаржылық демеу көрсетуге әзір. Тұжырымдама осындай сананы улаудың сан жолын қолданатын деструктивті діни ағымдардың идеяларын енгізу және оларды тарату үшін діни қажылықтың пайдаланылуына жол бермеуге баса назар аударуы аса маңызды. Бұл құжатта радикалдану деңгейін азайту, діни ағымдардың идеяларына қарсы іс-қимыл, теологиялық тұрғыдан олардың идеологияларына тойтарыс беру үшін діни бірлестіктермен бірлесе жұмыс жүргізу жоспары айқындалған. Жастар арасында экстремистік топтарға қосылушылар санының артуы – бүгінгі қоғамның басты мәселесі. Республикамыздағы білікті діни мамандар мен теологтар осы жоспарлы жұмысты жұмыла атқарса қоғамды бұл індеттен сақтап қалуға қашанда мүмкіндік бар.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар