Қоғам 13.11.2017 сағат 12:05  497

Меркі тұрғындары Мұрат Әуезовпен кездесті

Жамбыл облысы Меркі Мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мән-маңызын түсіндіріп, насихаттауға арналған «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясында Меркі түлеткен түлектердің бірі, мәдениеттанушы, әдебиет зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әуезовпен оқырмандар кездесуі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов пен аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков бастаған зиялы қауым өкілдері де қатысты.

Іс-шара шымылдығы биылғы республикалық Абай оқуларының бас жүлдегері Айдана Еспағанбетова, Ақылбек Оңдасын, Қанат Рүстем, Қанат Дастан секілді оқушылардың Абай мен бірқатар қазақ ақындарының патриоттық рухта жазылған өлеңдерін жатқа айтып беруімен, әнмен-күймен ашылған. Аудан әкімі М. Өмірбеков бұл кездесудің мәні өте зор екеніне, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бүгінгі жас ұрпақ үшін көп міндеттер жүктейтініне ерекше тоқталып, кеш иесіне сөз берді.

– Мен, – деді Мұрат Мұхтарұлы, – Осы Меркіде 1942 жылы желтоқсанның 31 күні дүние есігін ашыппын. Ол кездегі жағдай өте қиын еді. «Халық жауының» отбасы ретінде өзгелерге қарағанда бірнеше есе қиындық арқалауға тура келді. Анам Фатима Ғабитқызы өте сауатты адам болатын. Қазіргі Ақкөз Қосанов атындағы мектепте мұғалім болып істеді. Жеті жылдық мектепті онжылдық орта мектеп дәрежесіне жеткізуге көп күш жұмсады, осы істің бастамашысы болды. Меркі біздің баспанамыз, қорған-қамалымызға айналды. Оның таза ауасы мен суы талай жанның бойына қуат берді. Елдің елдік көрсетуінің арқасында біз ғана емес, талай ұлттың өкілдері зұлмат кезеңнен аман қалды. Меркі – шын мәнінде де қасиетті, киелі жер. Бүгін осында келіп туыстарыммен, бауырларыммен кездесіп отырғаным мен үшін үлкен бақыт.

Осылай ой өрбіткен ол биылғы жыл өзінің әулеті үшін ерекше жыл екенін, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толып отырғанын, мерейтойды бірінші болып қырғыз ағайындар ерекше салтанатпен атап өткенін, мұндай шара Семейде де өтіп, әкесінің туған жері, кіндік қаны тамған жері Бөріліге ескерткіш-стэлласы қойылатынын, сондай-ақ, Меркінің бір кездері Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениетті орталық, қала болғанын, қазірдің өзінде мұнда оңды өзгерістер, жаңару, жаңғыру бар екеніне ризалығын білдірді.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов Елбасының бағдарламалық мақаласында өлкетану бағытындағы «Туған жер» бағдарламасын тиянақты қолға алу ұсынылғанын, туған жер – әр адамның шыр етіп дүниеге келген жері, туған өлкеге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарау шынайы отансүйгіштіктің де белгісі екендігін айта келе, кеш иесіне жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізіп:

– Мемлекет басшысы өзінің аталған мақаласында туған жеріміздің, еліміздің тарихынан сыр шертетін тарихи кітаптар мен жазбаларды көбейтіп, зерттеу жұмыстарын мықтап қолға алуды тапсырды. Бұл жастардың бойында отаншылдық сезімді қалыптастыратыны анық, – деді. Ол, сондай-ақ, «Туған жер» бағдарламасының негізгі мақсаты – отаншылдық сезімнің әрдайым жоғары тұруы керектігін, оны жүзеге асыру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани мұралары» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сынды бірқатар жобалар қолға алынғанын, қазірдің өзінде облыс бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 765 түрлі форматта іс-шаралар өткізіліп, оған 127 мыңнан астам адам тартылғанын, бүгінде 76 жоба реестрге енгізілгенін атап өтті.

Осы орайда кеш иесінің жуырда ғана жарық көрген «Ділім» атты кітабының құрастырушы-редакторы, журналист Қалдыгүл Жаныбаева:

– «…Тілден де, діннен де айырылып қала жаздап, қайта оралған кездеріміз болды, әлі де кездеседі. Ал ділден ше?! Одан айрылу мүлдем мүмкін емес, тек сол діл саулығы, діл тазалығы, діл беріктігі арқылы ғана жеке тұлға, дербес ұлт, тәуелсіз мемлекет ретінде сақталып қалдық. Тіл мен дінге де сол діл дербестігі арқылы оралдық», – деп жазады Мұрат ағамыз бұл кітабында. «Мен алдымен Меркінің, содан соң ғана аузын айға білеген Францияның Фонтебло, АҚШ-тың Луиевилл қалаларының «Құрметті азаматымын» деп өзі туған жердің мәртебесін асқақтатады. Қолтаңба берсе де алдымен Меркісінің атын жазады, – деген толғанысты сөзін жеткізді.

Кездесуді қорытқан аудан әкімі М. Өмірбеков өздерінде атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Күні бүгінге дейін «Рухани жаңғыру» тақырыбы аясында академик Көпжасар Нәрібаевпен, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмековпен, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашевпен, жазушы Роллан Сейсенбаевпен кездесулер өткізілгенін, рухани жаңғыруымызда сананың ашықтығына, білімнің салтанат құруына ерекше мән беріліп отырғанын, сондықтан әр ата-ана, отбасы ұл қыздарының тәрбиесіне ерекше мән беруі керектігін айрықша атап өтіп, мұндай тағылымды шаралар одан әрі де жалғасатынын жеткізді.

Осы күні «Сыпатай батыр» ЖШС-ның директоры Қанат Шайхиев «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясында өзі туып-өскен ауылға серіктестік иелігіндегі үлкен спорт кешені етуге әбден жарарлық асхана үйін тегін беретінін мәлімдеді.

Іс-шара бұдан әрі аудандық тарихи-өлкетану музейінде Мұрат Мұхтарұлына арналған бұрыштың ашылуы мен «Времен связующая нить» және қазақ тіліндегі «Ділім» кітаптарының тұсау кесер рәсімдерімен жалғасты.

Мұнда да мектеп оқушылары өлеңнен шашу шашып, Бекет Алдабергенов қадірлі қонаққа арнаған жырын оқыды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова да Мұрат бауырына арнаған өлеңін оқып берді. Құрметті меймандар сондай-ақ, «Бір сәби – бір ағаш» акциясы аясында №9 Савва атындағы орта мектеп бағына сәндік ағаш көшеттерін отырғызу шарасына да қатысты.

Соңғы жаңалықтар