Қоғам 09.11.2017 сағат 17:01  385

Жабыл облысында «Баянды бірлік - мәңгілік» фестивалі өтті

Экономикасы дамыған озық 30 елдің қатарынан көріну үшін әлеуметтік жағдайымыздың жақсаруымен қатар  рухани құндылықтарымызды да сақтап қалуымыз қажет. Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы да бәсекеге қабілетті, білімді, озық ойлы жастардың қоғамда бірлік пен татулықты сақтап қалуын дәріптейді. Осыған орай Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Түймекент ауылдық округінде «Баянды бірлік – мәңгілік» фестивалі ұйымдастырылды.

Аудандық фестиваль Түймекент ауылындағы Ғазиз Байтасов атындағы орта мектебінде ұйымдастырылды. Оған ауыл ақсақалдары, сала мамандары мен белсенді жастар, халық қаһарманының әріптестері де қатысты.«Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалының ұйымдастыруымен өткен жиында, алдымен өзге ұлт өкілдері татулық пен бірлік жайында сөз қозғады.

«Бүгін жастардың көптеп қатысып отырғанына қуанып отырмын. Солардың бойында осы патриоттық сезімдер, ұлт арасындағы бірлік пен татулық  сақталып қалса деген ойым бар. Біздің осы күнге жеткізген татулығымызды жастар бағалап, өз деңгейінде жалғастырады деген сенімдемін», - дейді аудандық орыс этномәдени орталығының жетекшісі Любовь Гор.

Бұдан бөлек, түрік ұлты салт-дәстүрлері мен тағам түрлерін таныстырып, мемлекеттік тілде ән шырқады. Сонымен қатар, үш тілділік саясатын қолға алған жастар мақаланың басты бағыттарын айқындап, қазақ,орыс, ағылшын тілінде баяндады. Жиында Ғазиз Байтасовтың өлшеусіз ерлігі де насихатталып, жергілікті ақын-сазгерлердің туындылары да орындалды.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аты ел есінде қалған, халқының біртуар перзенті, халық қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы мектебінде іс - шара өтуде. Бүгінгі іс – шараның бір мақсаты келешек ұрпақты Отан сүюге, халқын сүюге сүйіспеншілігін жоғарылататын, олардың патриоттық сезімін оятатын іс-шара», - дейді фестивальге қатысқан Байзақ аудандық ІІБ басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Абзал Байгелдиев.

Ұлтаралық бірлік пен келісім, рухани құндылықтарымызды сақтап, болашаққа жеткізу – жастардың қолында. Фестиваль аясында ақсақалдар тарапынан  өскелең ұрпаққа осындай үндеу тасталды.

Еске салайық, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы биыл сәуір айында отандық БАҚ беттерінде жарияланған болатын. Ондағы басты мақсат – қоғамдық сананы жаңғырту. Бүгінде аталған бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде мыңдаған іс-шара өтіп үлгерді.

Соңғы жаңалықтар