Қоғам 07.11.2017 сағат 09:21  383

Ғылым ордасында ғалымдар латын әліпбиіне өтуді талқылады

Алматыдағы Ғылым ордасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бірлесіп қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге байланысты «Рухани жаңғыру және жаңа қазақ ұлттық әліпбиі» атты кеңейтілген мәжіліс өтті.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Іс-шараға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшелері, тіл жанашырлары, зиялы қауым, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы жүргізді.

– Басқосуда қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге байланысты мәселелер әңгіме арқауына айналды. Алқалы жиын барысында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма­сының төрағасы Нұрлан Оразалин, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төралқа мүшелері, облыстық ұйымның басшылары арнайы қатысып, жаңа тіл реформасына қатысты өз ойларын жеткізді, ұсыныстарын айтып, Елбасының осынау бастамасын қолдады, – дейді ұйымдастырушылар.

Қазақ елі тарихи маңызды кезеңді басынан кешіріп отыр. Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – шын мәнінде рухани жаңғырудың бастамасы іспеттес. Бұл халықаралық маңызы бар шара еліміздің барлық жерінде талқыланып жатыр.

– Жиынға қатысушылар латын графикалы жаңа қазақ ұлттық әліпбиі – елдің санасын жаңғыртатын, әлемдік кеңістіктегі ауқымды ақыл-ой қазынасына жол ашатын, ойлау жүйеміз бен төлтума рухани қасиеттерімізді айшықтайтын, қазақ тіліне реформа жасауға мүмкіндік беретін, тілдік төл заңдылықтарымыз бен емле-ережелерімізді толыққанды қамтамасыз ететін, рухани-ақпараттық кеңістігіміздің тұтастығын сақтайтын, ұлттық бірегейлену мен бірлігімізді нығайтатын символдық та, құралдық та, әлеуметтік те, экономикалық та пайдасы зор ұлттық жоба деген тұжырымға келді, - дейді академик Өмірзақ Айтбайұлы.

Басқосу соңында жиынға қатысу­шылар арнайы үндеу қабылдады.

Еске салайық, биыл сәуір айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Онда Елбасы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін жасалуы тиіс шараларды тапсырма ретінде тізбектеп шыққан. Ең басты мақсат - қоғамдық сананы жаңғырту, сол арқылы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Осы мақсатқа жету үшін Президент 6 басым бағытты көрсеткен. Сонымен қатар, Елбасы қазақ тілі латын әліпбиіне кешіктірмей көшіруді де осы мақаласында үкіметке тапсырды.

Ақбота Мұсабекқызы

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар