Қоғам 15.11.2017 сағат 17:29  522

Алматыда «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері» талқыланды

Алматыда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Аталмыш шараны «Нұр Отан» партиясының Әуезов аудандық филиалы Алматы Университетінің ғимаратында ұйымдастырған.

- Жастардың бойында қазақстандық патриотизм мен гуманизмді қалыптастыру, рухани құндылықтарды сіңіру мақсатында осындай шараны ұйымдастырып отырмыз. Бүгінде барлық білім беру мекемелері латын әліпбиіне көшуді қолдайтын түрлі шаралар ұйымдастыруда. Ең бастысы, студент жастарымыздың бойына сіңіріп, түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізе алуымыз керек, - дейді ұйымдастырушылар.

Іс-шараға Университет ректоры Мүбәрак Ермағанбетов, бастауыш партия ұйымының төрайымы Нұрбол Батырбек, «Нұр Отан» партиясының Әуезов аудандық филиалы Саяси кеңесі бюросының мүшесі, «Игілік» журналының бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Меруерт Айтенова, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, студенттер және ұстаздар қатысты.

- Қазіргі таңда латын әрпін қолдану уақыт талабы, заманауи технологияларға тәуелді, жаңа дүниелермен санасу керек. Сол себепті де  латын әліпбиіне өтуді қолдаймын. Ал, бұл жолда, осы мақсатта біздің студенттерге дұрыс бағыт-бағдар бере алсақ деймін, - деді Универистет ректоры Мубарак Ермағанбетов.

Айта кетейік, бұған дейін латын әліпбиіне өту мәселесі қоғамда қызу талқыланса, енді билік қабылдаған нұсқаның дұрыс-бұрыстығы талқыға түсуде. Ал еліміздің көптеген зиялы қауым өкілдері латын әліпбиіне көшу мәселесін қос-қолдап қолдайтынын жеткізген болатын. Осы орайда, аталмыш шараға қатысқан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Меруерт Айтенова да өз ойымен бөлісті.

- Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады. Бұл бағдарламада қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Біз қазақ тілінің мәртебесін, қазақ тілінің тазалығын ойлауымыз қажет! Негізі қазақтың тілі жұмсақ, үнді, мәдениетті тіл. Кейбір әріптердің ана тіліміздің әуезін бере алмауына байланысты тіліміз өзінің бастапқы қалпын жоғалтып жатыр. Осы орайда біз латын әліпбиіне көшуіміз керек, - деді Меруерт Айтенова.

Кездесу соңында жастармен кері байланыс құра отырып, қатысушылардың пікірімен алмасты. Студенттер де өз ойларын ашық жеткізіп, латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін айтты.

Ақбота Мұсабекқызы

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар