Қоғам 06.11.2017 сағат 12:35  477

Алматыда латын қарпіне көшу бойынша «дөңгелек үстел» өтті

Алматыда Достық үйінде латын қарпіне көшуді қолдау мақсатында және бекітілген жаңа латын әліпбиін талқылау бойынша «дөңгелек үстел» өтті. 

Іс-шараға Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институнының директоры, мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерден Қажыбек, ҚР Президенті мұрағатының директоры Борис Жапаров, республикалық этномәдени орталықтарының төрағалары, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Құсман Шалабаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Өмірзақ Айтбаев, Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Айғайша Сапарова, жоғары оқу орындары және колледж басшылары, партия мүшелері және БАҚ өкілдері,  барлығы 100-ге жуық адам қатысты.  

Кездесу барысында қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар және тіл мамандары бекітілген әліпбиге қатысты өз ойларымен бөлісті. Қатысушылар жаңа латын қарпіне көшу реформасы еліміздің одан әрі жан-жақты дамуына үлесін қосады деді.

Жиналған қауым алдында ҚР Президенті мұрағатының директоры Борис Жапаров сөз сөйлеп, Елбасының қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге қатысты жарлыққа қол қоюы, қоғамдық сананы модернизациялау жолындағы маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.

- Жаңа әліпбиді бекіту біздің алдымызда жаңадан технология салаларында мүмкіндіктерімізді кеңейтеді, дамыған елдердің көрсеткіштеріне жету жолдары ашылады. Қазақстанға көп ұлтты мемлекет ретінде латын қарпі қажет, біздің мақсатымыз көшбасшы елдердің бірі болу, - деді Борис Жапаров.

Өз кезегінде, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің айтуынша, латынға көшу мәселесі, бір күнде іске асырылатын үрдіс емес. Бұл үшін белгілі уақыт қажет. Ғалымдар үлкен жұмыс жүргізуде, бұл мәселені жан-жақты талқылауда.

«Дөңгелек үстел» қатысушылары жиын соңында жаңа әліпбиге қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, қазіргі таңда әрбір қазақстандықтың мемлекеттік тілдің дамуындағы тарихи сәтке үлес қосу мүмкіндігі бар.

Еске салайық, қазан айының соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Аталған идеяны Елбасы сонау тоқсаныншы жылдары көтергенімен, оны жүзеге асыру тек биыл ғана мүмкін болды. Президент бұл туралы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жазған.

Соңғы жаңалықтар