Қоғам 15.11.2017 сағат 12:12  368

«Рухани жаңғыру»: Алматыда «Тіл – парасат» байқауының аудандың кезеңі өтті

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Тіл – парасат» байқауына іріктеу басталды. Алматының Әуезов ауданында өзге ұлт өкілдері қазақ тілін білуі жағынан сайысқа түсіп, қалалық байқауға берілетін жолдаманы сарапқа салды. Шараны аудан әкімдігі, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырып отыр.

Айта кетейік, аталған шара Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жыл сайын Алматы қаласында өтіп келеді. Биыл бұл байқау Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға арналған.

Байқау талабына сай, оған қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлты өкілдері ғана қатыса алады. Олар тіл білімі жағынан бірнеше сынақтан өтіп, әділ қазылардың бағалауынан кейін жеңімпаздар анықталады.

Байқаудың мақсаты – жастардың арасында мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсету болып табылады. 

Байқауға қатысушылары ұсынылған тақырып бойынша, дайындықсыз ауызша тұсаукесер жасау, берілген тақырып бойынша эссе жазу, таңдап алынған билеті бойынша, жұппен ауызша диалог құру, «Шабыт жұлдызы» қазақша ән орындау, би, күй, немесе көркем шығармадан үзінді оқу бойынша сайысқа түсті. Байқаудың қазылар алқасы құрамына аудан мектептерінің жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиет пәні оқытушылары шақырылды. 

Сайыскерлердің еңбектерін қорытындылай келе, бірінші орынды Нархоз Университетінің студенті Милена Те иеленді. Ол өзіне берілген сынақтардың ешбірінен сүрінген жоқ және қазақ тілін аса жоғары деңгейде меңгергенімен қазылар алқасын таң қалдыра алды. Тиісінше, екінші орынды Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжінің студенті Камила Ким иеленді. Оның да тіл біліктілігі жоғары деңгейде бағаланып отыр. Ал, жүлделі үшінші орынды Алматы көпсалалы колледжінің студенті Василенко Анастасия Максимовна иеленіп, олардың үшеуі де тиісті дәрежедегі дипломдармен марапатталады.

Айта кету керек, аудандық байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлері қалалық байқауда бақ сынайтын болаты.

Соңғы жаңалықтар