Қоғам 22.11.2017 сағат 05:17  1545

Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жайлы не білу керек?

Өздеріңізге белгілі, 2015 жылдың 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру туралы Заңы қабылданған болатын. Ал, биылдан бастап бұл заң аясында МӘМС өз күшіне енді.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Аталмыш Заңның басты мақсаты – Қазақстан азаматтарына сапалы медициналық қызмет көрсетумен қатар, елдегі денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыру. Сондай-ақ, медициналық препараттарға деген қолжетімділікті арттыру. Дәл қазір осы дәрі-дәрмек тапшылығы қазақстандықтарды әбігерге түсіріп жатқанын көзбен көріп отырмыз. Әсіресе, мемлекет тарапынан тегін берілуі тиіс дәрілер қолжетімсіз болып барады. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру осы проблеманы шешуге де бағытталған.

Дегенмен, әлі күнге дейін аталмыш заңның механизмдері, жалпы мазмұны жайлы көпшілік арасында сұрақтар көп. Біз осы материалымызда көкейде жүрген, жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруге тырыстық. Сонымен, төменде соларға рет-ретімен жауап беріп көрейік.

Қазақстанда «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР заңының жобасы мақұлданды. Бұл құжатқа сәйкес, қазақстандықтарға медициналық қызметтің екі түрлі пакеті ұсынылады.

Ол қандай пакеттер?

Біріншісі - негізгі (базалық) пакет - мемлекет қамтамасыз ететін медициналық көмек көлемі. Ол тегін, оның ақысын мемлекет республикалық бюджеттен төлейді. 
Бұл қызметтер пакетін Қазақстанның барлық азаматтары пайдалана алады. Оның құрамына жедел жәрдем және санитарлық авиация қызметтері, әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққандарға және шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық екпелер кіреді. 

Ал азамат өзін өзі қамтушы болса не істейді?

Өнімсіз өзін өзі жұмыспен қамтыған (яғни, салық төлемейтін) азаматтар үшін 2020 жылға дейін республикалық бюджет есебінен амбулаториялық және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін амбулаториялық-емханалық көмек көрсету көзделген.

Ал екінші пакетке не кіреді?

Екіншісі - жаңа құрылып жатқан Медициналық сақтандыру қорынан ұсынылатын сақтандыру пакеті. Оның құрамына амбулаторлық-емханалық көмек, емханалық (ауруханалық) көмек (әлеуметтік маңызы бар сырқаттардан бөлек), стационардың орнын басатын көмек (әлеуметтік маңызы бар сырқаттардан бөлек), оңалту үшін емдеу және медициналық реабилитация, паллатив көмек және медбике күтімі, жоғары технологиялы көмек кіреді.

Медициналық сақтандырудың екінші пакеті кімге беріледі?

Екінші пакетті Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ болса да Қазақстан аумағында тұрақты тұратын, сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүшесі болған тұлғалар ала алады.  

Мен жұмыс істемейтін болсам, мен үшін кім төлейді?

Экономикалық белсенділігі жоқ тұрғындар үшін мемлекет төлейді. Жұмыс істейтіндер (жалдамалы қызметкерлер) үшін жұмыс беруші төлейді.
Салық органдарында тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындар өзі үшін өзі төлейді. Бұл пакеттерге қосымша, ерікті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысқан кезде азаматтар жекеменшік сақтандыру компанияларымен арада жасалған шарт негізінде медициналық қызметтерді ала алады. 

Қаражат қайда жинақталады?

Ай сайынғы міндетті салымдарды жинақтап, медициналық қызметтерді сатып алу үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанындағы Медициналық қызметтер ақысын төлеу комитетінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылады. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан үкіметі болады.

Айлығымның неше пайызын беруім керек?

Мемлекеттің айрықша санаттағы азаматтар (әлеуметтік әлжуаз топтар) үшін төлейтін жарна мөлшерлемесі орташа айлық жалақының 7% болады. Оның үстіне, мөлшерлеме біртіндеп көтеріледі: 2017 жылы 4%, 2018 жылдан 5%, 2023 жылы 6%, 2024 жылдан - 7%. 

Жұмыс берушілер төлейтін жарнаның жалпы мөлшері табыстың 5% құрайды, сонымен қатар, төлем 2017 жылы 2% басталады, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 4% және 2020 жылдан бастап - 5% болады. Бұл жарналар корпоратив табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі.

Қызметкерлердің өзі қанша төлейді?

Қызметкерлер төлейтін жарна мөлшерлемесі табыстың 2% құрайды, сонымен қатар оларды төлеу 2019 жылы 1% басталып, 2020 жылдан - 2% болады. Бұл жарналар жеке бас табыс салығын есептеу кезінде шегеріледі.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитындар қанша төлейді?

Өзін өзі жұмыспен қамтитын азаматтар (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар) төлейтін жарна мөлшері табысының 7% құрайды. Сонымен қатар, жарна мөлшері 2017 жылы  2% бастап, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5% және 2020 жылдан - 7% болады.

Жарна төлеуден кім босатылады?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты (әлеуметтің әлжуаз топтары) босатылады: 

- балалар; 

- «Алтын алка», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған және бұрынырақта "Батыр ана" атағына ие болған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;

- ҰОС қатысқандар және мүгедектері; 

- мүгедектер; 

- жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;  

- интернат ұйымдарында оқитын және тәрбиеленетін тұлғалар; 

- техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беретін ұйымдарда күндізгі оқыту нысаны бойынша, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу орындарында резидентура нысаны бойынша оқып жатқан тұлғалар;

- бала туғанына, бала асырап алғанына байланысты, 3 жасқа толмаған баласының күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар;

- жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, сондай-ақ баласы 3 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін тұлғалар; 

- зейнеткерлер; 

- әскери қызметкерлер; 

- арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері;

- құқық қорғау органдарының қызметкерлері; 

- сот үкімі бойынша ең аз қауіпсіздігі бар мекемелерден бөлек ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеп жатқан тұлғалар;  

- уақытша ұстау және тергеу оқшаулағыштарында жатқан тұлғалар.

Жоғарыда біз негізгі деген сұрақтарға жауап беруге тырыстық. Қысқасы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру деген бастама біздің көптеген проблемамызды шешіп, ауруханалардағы қағазбастылықты азайтатын тәрізді. Өйткені, жарна төлеп жүрген азамат «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен» келісімшарт жасасқан кез-келген емхананы таңдап, қалаған дәрігеріне барып қарала алады. Демек, жаңа жүйе қала төңірегінде орналасқан ауылдардың тұрғындары үшін тиімді болайын деп тұр. Бірақ, емхана таңдау мүмкіндігі жылына бір-ақ рет берілетін көрінеді. Айтпақшы, қор жұмысындағы тағы бір ерекшелік, «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» принципі болса керек. Өйткені, әр адамның жеке атына ашылған шот жоқ. Менің жинаған қаржыма өзгелер де емделе беруі мүмкін, өзгенің тиын-тебеніне мен емделуім ықтимал. Бірақ, біз жинап жатқан ақша көлемі ем-домның нақты құнының қасында түк емес. Мысалы, 150 мың жалақы алатын адам ай сайын 2200 теңгеден сәл ғана асатын қаржы төлейді. Бұл дегеніңіз жылына 27 мың теңге ғана. Ал соқыр ішекті алып тастау құны 67 мың теңге екен. Демек, жарналарымыз медициналық қызметті толық өтей алмайды. Бірақ, әлгі «бәріміз біріміз үшін» принципі негізінде өзгеге пайдамыз тиеді деген сөз. Одан бөлек жарналарын мемлекет төлейтін азаматтар тізімі бар екен. Ол шамамен 10 млн-ға жуық адам деседі. Ол тізімде жоқпыз. Тағы бір дерек: қазанның басына дейін ел халқы 8,1 млрд теңге қаржы жинап қойыпты. Ішінде менің атымнан аударылған 3668 теңге де бар. Жұмыс берушінің ресми жалақыма байланысты аударған сомасы ғой бұл».

Көріп отырғанымыздай, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қоғам тарапынан да қолдау тауып отыр. Болашақта оңтайлы жүзеге асырылып жатса, қоғам үшін, Қазақстан азаматтары үшін үлкен көмегі тиетін жүйе болатынына сенеміз.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар