Бүгін, 6 қыркүйек күні кешкі сағат 16:30 шамасында Батыс Қазақстан облысында оқыс оқиға болды деп жазады Мой Город порталы. Чапаев ауылындағы (Орал қаласынан 125 шақырым қашықтықта) аудандық полиция басқармасы ғимаратының ауласында полиция қызметкері өз басшысын атып өлтірген.
- Оқиға АІІБ-нің ауласында болды. Полицей өз басшысын - взвод командирін атып тастаған. Қазір тергеу амалдары басталды. Күдікті ұсталды. Дәл қазір бұдан өзге ақпарат бере алмаймын, - деді Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов.
Қаза тапқан командир небәрі 29 жаста болыпты. Ал, күдікті 24-те.
- Шақырту 16:32-де келіп түсті. Жедел жәрдем болса оқиғадан кейін 4 минуттан кейін келіп жеткен. Алайда, оқ жарақатын алған полицей дәрігерлер келгенше көз жұмды", - деді БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Әзірге облыстық ІІД бұл жайтқа байланысты мәлімдеме берген жоқ.