Қоғам 24.11.2018 сағат 04:53  458

Алматыда жекеменшік клиникалардың бірінде тағы бір науқас қайтыс болды

Алматыда жекеменшік ауруханада тағы да адам қайтыс болды деп хабарлады 31-телеарна. 25 жастағы Ақбота Жалмұратова гинекологиялық шағын отаны жасату үшін ауруханаға өз аяғымен келген. Ал түстен кейін оның туысқандарына қыздың қайтыс болып кеткенін хабарлаған. Ақботаның қайғыдан қан жұтқан ет жақындары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр.

Алматыда жекеменшік клиникалардың бірінде тағы бір науқас қайтыс болды

Ақбота Жалмұратова үш ай бұрын ғана екінші баласын дүниеге әкелген екен. Сол күні бөпелерін көршісіне тастап ауруы жанына батқан соң «Ева» жекеменшік ауруханасына келген. Соңғы рет бауырларына хабарласып, күндізгі сағат үш шамасында WhatsApp әлеуметтік желісіне кірген. Ал бірнеше сағаттан соң туыстарына суық хабар жетіпті. 

 

Жаман хабар естіп, есеңгіреп қалған бауырлары аурухананы астан-кестең етті. Туысқандар аман-есен шапқылап жүрген Ақботаның бір мезетте бақилық болып кеткеніне сене алар емес. Сол сәтте қара жамылған жұртқа мәселенің мән-жайын түсіндіруге дәрігерлер де шықпай қойды. Ашынған ағайын аурухана есігін сындырып кіруге әзір болды. Оларды тек құқық қорғау қызметкерлері ғана ұстап қалды.

Ал «Ева» жекеменшік перзентханасының дәрігерлері кісі өліміне қатысты кешеден бері қандай да бір түсініктеме бермеді. Сап-сау жүрген жас келіншектің аяқасты неден қайтыс болғаны сол қалпы жұмбақ.

Ақботаның екі баласы, әсірісе үш-ақ ай бұрын дүниеге келген нәресте анасыз енді қалай өмір сүреді? Қабырғаң қайысады. Дәрігерлер ақ болса жауаптан неге жалтарады?! Марқұмның туыстарына басу айтатын ауруханадан бір адам табылмағаны ма?! Бас прокуратура мен Денсаулық сақтау министрлігі бұл істі назардан тыс қалдырмайды деп сенеміз!

Соңғы жаңалықтар