Қоғам 08.11.2018 сағат 08:34  157

«Мемлекеттің көмегіне ризамыз...»

Бүгінгі таңда Ақ Жайық өңірінде қант дибетімен ауыратын 7 мың адам бар. БҚО «Диабет» қоғамдық бірлестігі осынау дертке шалдыққан батысқазақстандықтарды барынша қолдаумен, сауықтырумен және ортаға бейімдеумен белжазбастан айналысып келеді.

«Мемлекеттің көмегіне ризамыз...»

Құрылғанына жиырма жылға жуықтаған бұл ұйым аталмыш ауру салдарынан өмірден баз кешкен жандардың қоғам үшін қажет екендерін ұғындырып, оларды бұрынғыдай жақсы да жайлы өмір сүруге итермелеп жүргенін айта кеткен жөн.

- Біз қант диабетімен сырқаттанған ересектерге, жасөспірімдерге, балаларға құқықтық, әлеуеметтік-экономикалық, моральдық тұрғыдан көмек көрсетуді, ауырған кезде сапалы ем алуларына жәрдемдесуді мақсат тұтамыз. Жыл өткен сайын мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жақсарып келетінін айта кету керек. Мәселен, 2003 жылдан бері елімізде бұл ауруға шалдыққандарға глюкометр құрылғысы тегін беріліп келеді. Соның арқасында тұрғындар емханаларға бармай-ақ үйде, жұмыста, поезда жүріп-ақ қандағы қант мөлшерін анықтауда. Сондай-ақ инсулин, тест-кесінді, қалам-шприцтерді де ақша төлемей алуда. Ал балалар үшін арнайы помпа берілуде. Сөздің шыны керек, бұлардың құндары өте қымбат. Мысалы үшін айтсам, помпаның бағасы 700 мың теңге тұрады. Оған қосымша ай сайын берілетін помпаның шығыс материалдары 30 мың теңгені құрайды. Біздің қоғамымыздың мүшелері мемлекеттің осындай үлкен көмегіне риза,-дейді БҚО «Диабет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тамара Истомина.

Қырық жылдан астам уақыттан бері бұл дертпен өмір сүріп келе жатқан Тамара Алексеевна аталмыш қоғамдық ұйымның дамуына көп тер төкті. Қант диабетімен ешкімнен кем қалмай өмір сүруге болатынын сөзімен ғана емес, ісімен де дәлелдеп келе жатқан оның табандылығының арқасында бірлестік мүшелері салауатты өмір салтын ұстанып, әлемдік деңгейдегі жарыстарға да қатысып жүр. Мәселен, дибетиктер арасында футболдан өтетін «ДиаЕвро» турниріне батысқазақстандықтар бірнеше жыл қатарынан барып, еліміздің намысын қорғап, үздік ондықтың қатарына енді. Алайда биыл демеуші болмауына байланысты жергілікті аяқдоп шебердері мұндай сайысқа бара алмай қалғаны өкінішті-ақ...

14 қараша - Халықаралық диабет ауруына қарсы күрес күн екені белгілі. Қазір аталмыш ұйым осы датаға орай облыста өткізелетін іс-шараларға қызу дайындық үстінде.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар