$ 448.56  478.03  4.79

Астанада кеден қызметінің шенді екі қызметкері ұсталды

Кедендік бақылау комитетінің бөлімдерін басқарған экс-шенеуніктер жалпы сомасы 2,6 млрд теңге болатын экономикалық контрабандамен айналысқан.

Бұрынғы шенді қызметкерлердің қолға түскендігі туралы Бас прокуратурада өткен брифингте айтылды.

"Бас прокуратура бұрынғы Кедендік бақылау комитетінің шенді екі қызметкерін ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, экономикалық контрабандамен айналысты деп айыптауда. Олар 2014 жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында халықтың күнделікті тұтынатн тауарларын Қытайдан Қазақстан арқылы Ресейге заңсыз жолмен өткізіп отырған. Контрабанданың жалпы сомасы 2,6 млрд теңгені құрайды", - делінген Бас прокуратураның таратқан мәлімдемесінде.

Құзырлы органның ақпаратына сенсек, күдіктілер контрабандалық тауарларды Шығыс Қазақстан облысындағы "Бақты" кеден бекетінен өткізіп отырған.

"31 қазан күні үш күдікті ұсталып, Астана қалалық ІІД-нің уақытша ұстау абақтысына жабылды. Олардың екеуі Қаржы министрлігіне қараған бұрынғы Кедендік бақылау комитетінің бөлімдерін басқарған. Бірі жеке компанияның қызметкері. Өзге ақпарат тергеудің құпиялығына қатысты айтылмайды", - деп атап өтті Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары