Қарағандылық кәсіпкерден ақшасын өндіре алмай жүрген шымкенттік азамат өзін-өзі өртемекші - Жаңалықтар. Қазақстанның жаңалықтары. Skifnews.kz ақпараттық портал

Қарағандылық кәсіпкерден ақшасын өндіре алмай жүрген шымкенттік азамат өзін-өзі өртемекші

21.12.2016, 15:03

Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Арман Сауырбаевтың өзіне тиесілі ақшасын ала алмай жүргеніне жылдан асты. Өткен жылы Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында көктемгі су тасқынынан жарамсыз боп қалған үйлерді қайта салу жұмыстарына қатысқан оған «Астам Строй Сервис» ЖШС 11 млн 582 мың теңгесін әлі бермей отыр. «Беретін сыңайы да байқалмайды», деген кәсіпкер өзіне және сол кездегі атқарған жұмысы мен құрылыс жүргізген 25 адамның жалақысын өндіріп беруді сұрап құзырлы органдарға жазған арызынан әлі нәтиже шығатын емес.

Бір жылдан бері мәселе аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің арасындағы хат алмасудан әріге бармапты. Мәселе заңды жолмен шешілер деген үміті сөнуге айналған соң, оның үстіне кезінде құрылысты бастау үшін қарызға алған ақшаның иелері қайта-қайта берешекті сұрап берекесін кетірген соң біздің редакциямызға арызданып отырған Арман Сауырбаев «егер осыдан да нәтиже шықпаса, онда Бас прокуратураның алдына барып өзімді өртеуден басқа амал қалмады. Алған ақшаны қайтара алмай елге, соншама уақыт жүріп үйге бір тиын кіріс әкелмей бала-шағаға жексұрын болдық. Бұдан асқан қорлық бар ма? Бұқар Жырау аудандық полициясына арызданып едім. Олар істі шала-шарпы жүргізіп, жылы жауып тастамақ болды. Әрине, мен Шымкентте ал, ақшаны «әне-берем, міне берем» деп, ақыры алдап кеткен «Астам Строй Сервис» ЖШС-нің басшылары Қарағандыда. Бәлкім сол полиция қызметкерлері және прокурорлармен бірге шәй де ішетін шығар. Әйтеуір, заң органдарына жүгінгеннен нәтиже шықпай отыр», -деп ашынады.  

Былтырғы Көктемде Қарағанды облысында еріген қар суынан өңірдің 9 ауданы мен екі қаласы суда қалған еді. Салдарын зерттеген арнайы комиссия төрт жүзге тарта баспананы жарамсыз деп таныды. Олар сүріліп, орнына жаңасын салу үшін Үкіметтің төтенше резервінен 1 млрд теңге бөлінгені баршаның есінде. Сол кезде құрылыс жұмыстарына 16 фирма жұмылдырылған болатын. Бөлінетін қаржы мәселесінің толық шешілуін күтпестен құрылысшылар жұмысты өз есебінен бастап жіберген болатын. Соның ішінде  «Астам Строй Сервис» ЖШС де бар. Бұл компанияның қулығын қараңыз: құрылысты бастауға өз қаражаты жеткіліксіз болғандықтан, міндетіне алған жұмыстың ауқымын бірнеше шағын кәсіпкерге бөліп берген.  Қарағандылық ағайынның тауқыметін көтерусіге күнгейден барған кәсіпкер Арман Сауырбаев  «Астам Строй Сервис» ЖШС-нің басшысы  Ержан Абилдинмен келісіп, құрылысты өз ақшасына бастап жібереді. Алғашында, ресми құжаттарды жұмыс барысында реттеуге уәде берген Е.Абилдин келісімге қол қоюды неге екені белгісіз, кейінге шегере беріпті. Дегенмен, далада қалған тұрғындардың мүшкілін жеңілдету ниетін көздеген кәсіпкер құрылысты ертерек аяқтау мақсатында ертелі-кеш жұмыстың басында жүреді. А.Сауырбаев болашақ табысқа сеніп, дос-жараннан қарыз да алған екен. Сол екпінмен екі үйдің қабырғасын көтеріп, шатырын жауып та үлгеріпті. Атқарылған жұмыстардың жалпы құны 23 миллион 464 мың теңге болған. Осы кезде қолдағы қаражаты таусылып, қарамағындағы 25 адамның жалақысы бар, өзінің алған қарызын қайтару керек, бас мердігер Е.Абилдиннен атқарылған жұмыстың ақшасын сұраса, соңғысы «ақша әлі түскен жоқ» деп қолын бір-ақ сілтеген. «Субподрятқа» жалданған кәсіпкер А.Сауырбаев қаржының жоқтығынан жұмысты тоқтатуға мәжбүр болғанын айтады. Алайда, бұл уақытта құрылысқа тиесілі ақшаның 6 миллион теңгесі «Астам Строй Сервис» ЖШС-нің есеп шотына аударылып қойған екен. «Оны жұмысы жүрмей қалған нысанға келген Бұқар Жырау ауданы әкімінің орынбасары Руслан Нурмухамбетовтың аузынан естідік», дейді А. Сауырбаев. Қарағандының ауасына үйрене алмай, қала берді күнде жалақысын сұраған жұмысшылармен есеп айырысудың уайымына түскен А. Сауырбаев науқастанып, ауруханадаға да түсіп қалыпты. Күнгейден келген кәсіпкердің халін аудан басшылары сұрап келген соң «Астам Строй Сервис» ЖШС-нің басшысы  ары оянды ма, ол да келіп, біраз ақша беріп кеткен. Осылай Ержан Абилдин кәсіпкерге бөліп-бөліп, әр уақытта 8,5 миллон теңгеге жуық ақшаны жырымдап беріп отырыпты. Қалған 11 миллион 582 мың теңге сол күйі құрдымға кеткен.

Берешегін даулаған кәсіпкер Бұқар Жырау ауданының прокурорына арызданған. Бақылаушы орган арызды ішкі істер бөліміне жолдағанымен, ондағы тергеушілер тергеп-тексеру шараларын шала жүргізіпті. Бұл туралы Бұқар жырау прокуратурасы да полиция бөліміне бірнеше рет ескерту жасағанымен әзірге нәтиже шықпай отыр. Қазір Арман Сауырбаев жалданып істеген жұмысынан тапқан ақшаны сол құрылысқа қатысқан азаматтардың жалақысын және дос-жараннан қарызға алған ақшаны қайтаруға жұмсап жүр.

Бекжігіт МӘУЛЕНОВ.

 

«Skifnews.kz» ақпараттық порталына гиперсілтеме жасалған жағдайда ғана материалдарды қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан дәйексөз алынғанда міндетті түрде сілтеме жасалуы тиіс. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда материалдарды коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды.

E-mail: info.skifnews@gmail.com

Сайтта жарнама орналастыру

   

Skifnews жаңалықтарын Facebook-те
оқу үшін "Нравится" белгісін басыңыз

  

 

Яндекс.Метрика

©2016 Skifnews.kz. Авторлық және жарнама құқықтар толығымен сақталады.

DivideGroup — сайт әзірлеуші