Мәжіліс пен мәслихат сайлауы өткен соң, үкімет отставкаға кетеді. Бұл туралы сенат кулуарында Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Сенат төрағасы қазіргі үкіметтің жұмыс барысына тоқталды. Бірақ үкіметтің жұмысына қазір баға бермейтінін айтты.
“Үкімет қиын жағдайда жұмыс істеді. Инфляция өсті, біраз қарыздарды да бүгін айттық. Бюджеттің шығындарын, Ұлттық қордан алынатын ақшаларды қысқарту қажет екенін айттық. Бұл жерде үкімет осы мәселелерді ескеріп, келесі жылдың бюджетімен келген кезде осы мәселелердің барлығы бюджетте қарастырылады не қысқартылады деп сенеміз. Біз осыны қамтамасыз етуге жұмыс істейміз”, - деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенат төрағасы үкімет тарайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, мәжіліс сайлауынан кейін үкімет құрамы жаңарады.
“Біздің конституциямызға сәйкес жаңа сайланған мәжіліс жұмысына кіріскеннен кейін үкімет отставкаға кетеді және жаңа үкімет жасақталады. Президент кімді премьер-министр етіп ұсынады, қандай министрлер тағайындалатыны бұл президенттің құзіретінде. Келесі аптада бұл мәселе шешіліп қалар. Қазір үлкен сайлаудың алдында тұрмыз. Сайлаудан кейін президентіміз үкіметке байланысты шешімдер қабылдайды. Сондықтан осындай жауапты кезең алдында мен баға бермеймін”, - деді сенат төрағасы.