29.03.2023, 11:11

Тоқаев «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайтарды

фото: egemen.kz
Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады.

Елімізде «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта беріледі. Бұл туралы VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы мәлім етті.

Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Осы ретте, креативті индустрияға жүйелі қолдау көрсету өте маңызды, - деді ол. 

Тоқаев атап өткендей, адам капиталын тұрақты дамыту жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде табысты ел болудың басты кепілі болады.

Біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру арқылы әділетті мемлекеттің және үйлесімді қоғамның негізін қалаймыз. Мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады, - деді ол.