$ 494.87  520.65  4.91

«Президент тапсырмалары алғашқы жарты жылда өз нәтижесін көрсете бастауы тиіс»  - сарапшы

Орындалмаған жағдайда Үкіметке, Парламентке сын арта түседі. Халық жаңа құрмадағы Парламент пен жаңа құрамдағы Үкіметтің тез арада елдегі экономикалық-әлеуметтік ахуалды түзетуін күтіп отыр.
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Бүгінгі таңда VIII шақырылымның басты ерекшелігі – Мәжілістің негізгі құрамының партиялық тізімнен 69, бір мандаттық округ арқылы сайланған 29, жалпы ұзын-саны 98 депуттаттан құралуы болып отыр. Бұл туралы Президент жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Сарапшының айтуынша, партиялық тізіммен келген депуттаттар арасында сапалық, кәсібилік тұрғыдағыдан қарағанда жаңа тұлғалар келіп жатыр. Оның ішінде журналистер, саясаттанушылар және еліміздегі беслсенді азаматтар да бар. Осы тұрғыдан алған кезде партиялық тізім шын мәнінде, басым бөлігі жаңа форматтағы азаматтар. 

Ал, бір мандаттық округ бойынша сайланған депутаттардың ішінде халықтың қалауымен келгендер аз екенін белгілі деңгейде заң бұзушылықтар болғанын атап өтті.

«Бір мандаттық округ бойынша аймақтардан сайланған 29 депутат өңірлерден келіп отыр. Ол депутаттар бойынша сапалық немесе кәсібилік тұрғыдағыдан қарағанда жаңа адамдар келді деп айта алмаймын. Ол азаматтардың көбі шын мәнінде сол жердегі тұрғындардың көңілінен шығатын азаматтар деп тағы айта алмаймын. 

Өйткені, саясаттанушылардың болжамымен мажоритарлық жүйе бойынша, елге танымал халықтың өзі дауыс беретін, таңдау жасайтын депутаттар келеді деген үміт болған. Жергілікті өзін-өзі басқару, әкімдік немесе аймақтық сайлау комиссияларының округтағы нәтижесінде, өздеріңіз білесіздер, сайлауда заңбұзушылықтар осы тараптан болды. Нәтижесінде, 29 депутаттың шын мәнінде мажоритардық жүйе бойынша халықтың қалауымен келгендер саны өте аз», -дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар, ол Президент осы жолы саяси реформалардың қорытындысы ретінде басты назарды экономикалық-әлеуметтік мәселелерге аударып отырғанын айтты. 

«Қазіргі таңдағы халықтың әл-ауқатын көтеру басты міндет болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Президент сегіз негізгі бағытты атап өтті. Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Басты өзгешелігі - Мәжіліске өткен 6 cаяси партияның да Үкіметпен бірлесе жұмыс істеуі және өзара жауапкершілік мәселесін бекітуі. 

Мысалы, «Аманат» партиясы Премьер-министр ұсынған партия ретінде ертең Үкімет басшысының жұмысына да тікелей жауапты» деген тезис айтылды. Бұдан бөлек, алдағы уақытта құрылатын Үкімет құрамасында қалған 5 саяси партияның үміткерлері деп өтуі керек деп ойлаймын. Саяси аппараттың, мемлекеттік аппараттың жаңаруын осы Үкімет құрамының жаңаруынан да көруіміз керек», - дейді Қазбек Майгельдинов.

Сондай-ақ, ол жаңадан сайланған депуттардың міндетіне де тоқталып өтті.

«Жаңадан сайланған депутаттың міндеті, біріншіден - белсенді болу. Екіншіден – Үкіметтің негізгі бағыттары бойынша депутаттар комитет құрамына кіріп жатыр. Осы комитеттер аясында елдегі экономикалық-әлеуметтік мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысу арқылы және кеше Президент атап өткен бірнеше заңнаманың қысқа мерзімде жүзеге асуын қадағалау деп есептеймін. Қазір Мәжілістің құзіреті артып отыр. Бұрынғыдай заңды бекітетін Сенат емес, Мәжіліс – өзі қарастырып, өзі бекітетін болып отыр», - деді сарапшы.

Ал, аймақтардан сайланған 29 депутаттың міндеті бір бөлек. Олар өңірдегі сайлаушылардың дауысы арқылы келіп отырғандықтан, аймақтарды дамыту, тұрғындардың мүдделірін алға қойып белсенділік таныту керек. 

«Үкіметтің негізгі бағыттарының бастысы – азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі. Елдегі инфляцияны тұрақтандыру керек. Қымбатшылықтың барлығы осындан болып отыр. Шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлікті дамыту, жағдай жасау және мүмкіндіктер ашу. Одан кейін, ауыл шаруашылығын дамыту. Қаланың күретамыры осы ауылдан бастау алады. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының жағдайы нашарлап барады. Мектептер салу, ауызсу, жастарды қолдау, интернет мәселелері өте өзекті»,- деп атап өтті саясаттанушы.

Сарапшының пікірінше, Президент сегіз негізгі бағыт бойынша нақты тапсырмалар берді. Жүктелген тапсырмалар алғашқы жарты жылда өз нәтижесін көрсету керек. Орындалмаған жағдайда Үкіметке, Парламентке сын арта түседі. Халық жаңа құрмадағы Парламент пен жаңа құрамдағы Үкіметтің тез арада елдегі экономикалық-әлеуметтік ахуалды түзетуін күтіп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары