Тараз қалалық №2 сотында алаяқтық бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Айыпталушылар қатарында Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың 2 ұлы бар деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сот залындағы 4 адамға субсидияны ұрлау арқылы мемлекетке 550 миллион теңге шығын келтірді деген күдікпен айып тағылған. Яғни олар сатып алынған "Альбион" құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алған, әрі бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Осылайша адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша айыпталған 4 тұлға прокурор екі түрлі жауапкершілікке тартуды сұрады.
Яғни, прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша Дайрабаев пен Молдақалықты 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындауды, ал басқарма басшысының орынбасары Ерлан Күлекеевті 6 жылға бас бостандығынан айыру, Елжан Елібайдың мүлкін тәркілеп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Халық үні сайтының жазуынша сотталушылар кінәлерін мойындамаған. Осылайша сот Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болған Ерлан Күлекеевті 6 жылға бас бостандығынан айырды. Елжан Елібай мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Ол 5 жылға сотталды.
“Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды. Екеуінің де 5 жылға шартты түрде бас бостандығы шектелді. Оларға пробациялық бақылау қойылады”, - делінген ақпаратта.