07.04.2023, 17:40

«Ақшаға құныққан BI Group»: Рахымбаев неге көзі түскен жерге үй сала береді?

Коллаж: Halyq Uni
Бір ғана Астананың өзіндегі үлестік құрылыс нарығының 60 пайыздан астамын BI Group холдингі ұстап отыр. Ал мұның кесірі жаппай қымбатшылыққа ұрындырып отыр.

Еліміздегі ең табысты бизнес көзінің бірі – құрылыс саласы. Өйткені қай елде болмасын тұрғын үйге деген сұраныс өте жоғары болатыны белгілі. Оңың үстіне Қазақстан үй бағасы жағынан ең қымбат елдердің бірі саналады. Осыған байланысты елімізде табыс табуды көздейтін компаниялар құрылыс нарығынан орын алуға ұмтылады. 

Кейбір дереккөздері елімізде құрылыс компанияларының саны 50 мыңға жуық екенін айтады. Бірақ қаржысы көп бұл салаға бірнеше компания ғана иелік етіп, монополия орнатып алған. Соның бірі - BI Group компаниясы. Ал өз кезегінде мұндай монополияның кесірінен елімізде бағасы удай қымбат керісінше сапасы сын көтермейтін тұрғын үйлер мен ғимараттардың көбеюіне алып келіп отыр.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өткен жылы тұрғын үй нарығына көлемді талдау жүргізіп, біршама былықтың бетін ашқаны белгілі. Онда осы BI Group холдингінің аталмыш салады шексіз монополист болып отырғаны айтылады. Бір ғана Астананың өзіндегі үлестік құрылыс нарығының 60 пайыздан астамын BI Group холдингі ұстап отыр. Ал мұның кесірі жаппай қымбатшылыққа ұрындырып отыр.

«Жыл сайын тұрғын үй құрылысы көлемі 10%-дан аса ұлғайып барады. Алайда, нарықты дамытудың орнына, ойыншылар саны артып, жетекші құрылыс салушылардың үстемдігі күшейіп келеді. Нәтижесінде, соңғы 5 жылда бастапқы тұрғын үй бағасының жылдық индексі 1,3%-дан 16,6%-ға дейін, яғни 12 еседен аса қымбаттап кеткен», - деп атап өткен сол кездегі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.

Агенттік төрағасының сөзінше, бүгінде еліміздегі ірі құрылыс компанияларына жер телімдерін алуда біршама артықшылықтар берілген. Мәселен Астана арнайы экономикалық аймақ аумағында тұрғын үй және әкімшілік кешендер салу бойынша іске асырылып жатқан 135 жобаның ішіндегі 80 көп қабатты тұрғын үй объектісінің 65-ін осы  BI Group холдингі алған. Қалған  тоғызы - «Базис-А», жетеуі - «Nur Astana Kurylys», алтауы - G-Park компаниясына тиесілі болып шыққан. Яғни Астанадағы тұрғын үй нарығының 65 пайызына осы компания қожайын болып отыр деген сөз. 

Серік Жұманғариннің айтуынша, сонымен қатар монополист компания ретінде бұл холдинг жер телімдерін конкурссыз алады. 

«Олар мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік жеке меншік әріптестігінде де өзгелерден биік тұрады. Мәселен, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда Үкімет айқындайтын тұлғалардан бір көзден сатып алу мүмкіндігі көзделген. Осы тәсілмен Түркістан қаласында 566 млрд теңгеге 149 нысанды салу қызметтерінің жеткізушілері конкурссыз айқындалған. Мұнда да BI Group пен «Базис-А» жұмыстың 25%-ын немесе 140 млрд теңгесін алған. Қалған жұмыс белгісіз келісімшарттар бойынша 250-ден астам құрылыс ұйымы арасында бөлінген» - деп атап өткен-тін Агенттік төрағасы.

Одан басқа, мүліктік, жер салығынан, кедендік баждарды төлеуден босатылған. Бірақ соған қарамастан, BI group салығын уақытылы төлемейтін компаниялардың қатарында тұр. Өткен жылы ғана Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстандық миллиардер Айдын Рахымбаевқа тиесілі BI group компаниялар тобы 1,5 жылда бюджетке 1 миллиард теңгеге жуық салық берешек екенін айтып арнайы мәлімдеме жасағаны бар. 

Қазақстандық миллиардер Айдын Рахымбаев еліміздегі ең ауқатты адамдардың жиырмалығында тұр. Жылына 900 мың шаршы метр, яки 20 шақты тұрғын үй кешендерін пайдалануға беретін ықпалды компания саналады. Өкінішке қарай оның басқаруындағы BI group компаниялар тобы сыннан көз ашпай келеді. Мәселен тиісті орындар сонау пандемия кезінде ковидке қарсы госпиталдар мен мектептер салу барысында біраз қаржы қолды болғанын айтып, шу шығарғаны белгілі. Қаржы министрлігінің аудиторлары Рахымбаевтың компаниясын мұқият тексергенде бес госпитальді салу кезінде өрескел қаржылық заң бұзушылыққа барғанын анықтаған. 

Ол аздай BI Group BINOM Schools мектептерін салам деген желеумен де талай миллиардтардың басына су құйғаны ашылады. Сол кездегі бір мектептің құны 4,9 млрд теңгеге бағаланған-ды. BI Group компаниясы Бюджет кодексін бұзып, мектеп салу құнын 63 пайызға жоғарылатып, 7,9 млрд теңге деп көрсеткені анықталады. 

Өкініштісі, елдің ауызынан жырып жүріп, қыруар қаржы жұмсалған ауруханалар заман талаптарына сай болмай шықты. Мәселен отандық құрылыс саласындағы ең алпауыт саналатын BI group компаниясы тұрғызған Шымкент қаласындағы тағы жұқпалы аурулар ауруханасында басқасын айтпағанның өзінде асхана мен қарапайым кір жуатын арнайы бөлменің өзі жоқ болып шыққан. Ең сорақысы, палаталарға оттегі жүргізілетін құбырлар да тартылмаған. Белгілі заңгер Айгүл Орынбек  5 миллиардқа салынған бұл ауруханада реанимационный жоқ екенін айтып шу шығарғаны да елдің есінде.

Осыдан кейін жұрт жұмсалған қаржы бойынша аудиторлық тексеру жүргізуді талап еткен. Іс те қозғалды. Бірақ оны Прокуратура заңға томпақ ештеңе таппадық деп тоқтатып тастады.

Құрылыс сапасы демекші жұмыстарына 39 млн АҚШ доллары жұмсалған Түркістандағы орталық стадионы суағар жүйесі жоқ болып шығып әлем алдында ұятты болғанымыз бар. УЕФА-ның халықаралық талаптарына сай салынды делінген орталық стадиондағы алғашқы ойында доп теуіп жүрген футболшылардың суға көміліп масқара болған. 

Шымкент, Астана, Алматы қалаларында тұрғындар бірнеше рет ауқымды қарсылық акциясын ұйымдастырды. Өткен жылдың сәуір айында Алматыдағы «Мечта», «Бұқар Жырау Тауэрс», «Тенгиз Тауэрс», «Престиж» және «Звезда Востока» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары «Ашкөздік пе, әлде нигилизм бе: Рахымбаев неге көзі түскен жерге үй сала береді?» деп ұран тастап көшеге шығуға дейін барды. Қала тұрғындары «BI-кет!», «Біз саябақты қалаймыз!» және «Дем алатын жер жоқ!» деп нулы орынның қырқылуына қарсы шықты. 

Сол секілді 3 сәуірде Астанадағы 22 қабатты iconic Tower кешенінің құрылысына қарсы шыққан «Ақбұлақ» шағын ауданының тұрғындары BI Group басшысы, олигарх Айдын Рахимбаевтың үйіне дейін барып, наразылық білдірген еді. 

Айтпақшы, осыдан шамалы бұрын Астанадағы BI group салған «Family Village» қалашығының тұрғындары жанайқайын айтып шу шығарды. Олар да Астананың «Жасыл белдеуінің» қасынан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына қарсылықтарын білдірген. Айтуларынша, компания басшылары «10 жыл бұрын үйді сатып алғанда, саябақ болады деп» уеде берге. «Алайда қазір көпқабатты үй салып жатыр. Кең байтақ жеріміз, не жетпей жатыр? Алматыны түсінемін жан-жағы тау. Неге басқа жақтан көпқабатты үйді салмайды. Бізге 40-қабатты үйдің не қажеті бар? Тағы 9 қабатты 24 тұрғын үй салынайын деп жатыр», - дейді тұрғындардың бірі. 

Бұл іске сол кездегі Мәжіліс депутаттары да араласты. Жамбыл Ахметбеков бастаған бір топ депутат BI Group-тің қызметін тексеруді талап етіп Бас прокуратура мен Үкіметке сауал жолдаған болатын.

Депутаттардың айтуынша, BI – құрылыс емес, маркетинг компания болып саналады. Ірі компаниялардың пайдасына, мысалы, үлестік құрылыс саласында мемлекеттік органдарда лобби жасау арқылы өз жобаларын жүргізіп отыр.

«Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарының тақырыбы BI Group холдингінің қызметі мен жобаларына қатысты келеңсіздіктерге толып кетті. Жалпы, бұл компанияның Алматы мен Нұр-Сұлтандағы әлеуметтік және экологиялық өмірге нұқсан келтіретін жағдайлары, компанияның мемлекет есебінен тұрғызып жатқан қымбат нысандарына жұртшылық наразы. 

Астананың сол жағалауындағы жердің көп бөлігі әкімшілік ресурстар есебінен BI-ге берілген. Оның үстіне компанияның өзі бұл жер телімдерінің кей жерлерінде құрылыс жүргізбей, алыпсатарлық жолмен басқа құрылыс мердігерлеріне қымбатқа сатып жіберген. Кей мәліметтерге сәйкес, жеке ковид ауруханаларының құрылысында BI Group аймақтардағы бөлшектелген ғимараттардың құрылыс материалдарын пайдаланған. Атап айтқанда, Атырау қаласынан 300 шақырымдай жерде орналасқан Атырау облысының Опорный ауылында ТШО қызметкерлеріне арналған жатақхана бөлшектелген. Бұл пайдаланылған құрылыс материалдары мемлекеттік бюджет қаражатына 5,5 миллиард теңгені құрайтын модульдік ковид ауруханасының құрылысы үшін Алматыға жөнелтілген”, – делінген депуттардың сауалында. 

Сонымен қатар олар 2020-2021 жылдары аймақтарда салған covid-стационарларға қатыс егжей-тегжейлі және ашық тексеру бастау керек екенін айтқан. 

Құрылыс нарығындағы шектен шыққан монополияны ауыздықтау мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет көтерген болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырыстарының бірінде құрылыс саласындағы монополист компанияларды сынға алған. 

Елімізде бірнеше құрылыс компаниясы ғана үстемдікке ие болып отыр. Коммерциялық нарық та, мемлекеттік тапсырыс саласы да солардың қолында. Шын мәнінде олар бұған әкімшілік ресурсты пайдалану арқылы қол жеткізуде. Үкіметке Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиясыздандыру және бәсекелі дамуы бойынша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырамын, - деді Тоқаев. Бірақ мұны ескеретін BI Group жоқ секілді.