$ 494.87  520.65  4.91

«Шыңғысхан – агрессияның, империяның символы» - Төлен Әбдік

Шыңғысханның тарихи бейнесін қолдан бұрмалап, оны әділ де жанашыр хан етуге тырысып, пір тұтқан жалған да қатерлі көзқарас.
фото: abai.kz
фото: abai.kz

Тарих және тарихи тұлға

Адамзаттың басты құндылықтары барша адам баласына ортақ десек те, тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас әлемде әртүрлі. Өкінішке қарай, көп жағдайда тарихты жасаушылар өзге елдерді қанға бөктіріп, өзіне бағындырған басқыншылар болып келеді. Көне, орта ғасырларда күштінің культі ерекше болды. Өзге елдерді басып-жаншу, бағынғысы келмесе, қырып-жою қалыпты жағдай болып есептелді. Ол үшін оларды ешкім кінәламады. Қайта көкке көтеріп, аңызға айналдырды. Осындай аңыздардың бірінде – Александр Македонский бүкіл жерді жаулап алып, жердің шетіне келеді. Жер біткен, ар жағында ештеңе көрінбейді, осыған өкінген патша: «Жаулап алатын жер жоқ, енді қайттым» деп жылапты дейді. Аңыздың басты мотиві – басқыншының данышпандығына, жаугерлік қабілетіне таңғалу. Әділдік, ізгілік, обал-сауап секілді ұғымдар әлі есепке кіре қоймаған секілді. Диктаторларға, тирандарға табыну дәстүрі қалыптасты. Бұл құлдық сана дәуірі еді.

Тарихты білу бар да, тарихты та­нып, түсіну бар. Білу – деректер жиын­тығы, ал деректерді объективті түрде қорыта білу, тарихты тануға, түсінуге әкеледі. Тойнбише айтқанда «постижение истории». Бірақ тарихты ұлттың абы­ройын асқақтататын, қала берді рудың атын шыға­ратын насихат құралы есебінде қабылдайтын адам, оған ешқашанда объективті түрде қарай алмайды.

Әр халық өзінің ұлттық рәмізі етіп арыстан, самұрық құс, қасқыр тағы басқа мейлінше қаһарлы жырт­қыш­тар­дың бейнесін алды. Әрине, адам адамға қасқыр деген түсінікпен өмір кешкен заманда оны түсінуге де болады.

Біздің түсінбейтініміз – ХХІ ғасырдағы көзқарас.

Адамзаттың ақыл-ойы аса үлкен қасірет­ті оқиғалар тұсында сілкініске, өзгеріс­ке ұшырайды. Сондай оқиға Екін­ші дүниежүзілік соғыс болды. Әлем бо­йынша 70 миллионнан астам адам қаза болғаннан кейін, жер бетін­дегі проблемаларды соғыспен шешу деген түсінік мағынасын жоғалта бастады.

Бүкіл дүниежүзінің іргелі мемле­кет­тері жабылып әрең жеңген, өткен тарихтағы мақтаулы басқын­шылар секілді әлемді қалтыратқан Гитлерді ешкім жақсы көре алмады. Басқыншының, шын мәнінде, кім екенін енді таныдық. Өйткені оның шапқыншылығынан зардап көрмеген адам жоқтың қасы еді. «Е, сен осындай екенсің ғой» деген ой жұрттың көкірегіне ұялағандай болды.

Мемлекеттер аумағының тұтасты­ғын, шекаралардың қауіпсіздігін қам­тама­сыз ететін құжаттар қабыл­данып, халықаралық нормалардың бұзылмауын қадағалайтын Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды.

Осының бәрі тарихқа, тарихи тұл­ға­ларға, бүгінгі өмірге – адам хақы, адамның бостандығы мен өмірі деген түсінік тұрғысынан қарауға мүмкіндік берді. ХХ ғасырдың соңын ала кеңес одағы тарады. Әлемдік демократияның салтанаты бәрімізге жақындағандай болды. Лениннің, Сталиннің культі далада қалды деп ойладық. Алайда көп нәрсе біз ойлағандай болмады. Орта ғасыр ешқайда кетпепті. Империя, фашизм, ұлтшылдық, өзгелерді жек көру, басқыншыларды көкке көтеру идеялары әлемді әлі кезіп жүргеніне көз жеткіздік.

Ресейде, аштықпен, қуғын сүргінмен өз халқын қырғынға ұшыратқан Сталин, Иван Грозныйларға ескерткіш орнатылды. Жақында ғана Канье Уэст деген миллиардер, әнші, композитор Гитлерді жақсы көретінін айтып, бүкіл АҚШ-ты дүрліктірді. Еліміздің бір депутаты Украина халқын қырып, қалаларын қиратып жатқан Ресейдің басқыншылық соғысын қолдаймын деп жар салды. Осындайларды көр­генде, өзіңді нақұрыстар елінде өмір сүріп жүргендей сезінесің.

Шыңғысханды қазақ қылып, бабам деп көкке көтеріп шулағанымызға бірнеше жыл болды. Ешқашанда дәлелденбейтін, маман тарихшылар ғылыми негізі жоқ екенін қанша айтса да, бір толастамайтын әуесқой­лар дауы­на араласқым келмейді. Мені тол­ған­дыратын басқа мәселе – Шыңғысханның тарихи бейнесін қолдан бұрмалап, оны әділ де жанашыр хан етуге тырысып, пір тұтқан жалған да қатерлі көзқарас.

Біріншіден, дүние жүзін жаулап алу  – әділдік емес. «Әділдік жоғалған жерде адам баласының өміріне қадір-қасиет беретін ештеңе де қалмайды» (Иммануил Кант). Шыңғысхан – агрессияның, империяның символы. Жарты әлемді қанға бөктірген, миллиондаған адамды аяусыз қырған, мәдениет ошағы болған қалаларды жермен-жексен еткен, өркениетті жойған қатыгез тиран – бүгінгі ХХІ ғасырдың адамына кумир бола ала ма? Егер бола алса, Шыңғысхан секілді көптеген мемлекетті басып алып, өлшеусіз қатыгездік көрсеткен Гитлерді неге айыптаймыз? ХІХ ғасырда зеңбірекпен халқымызды қырып, қалаларымызды қиратып, жерімізді тартып алған патшалық Ресейдің басқыншылығын неге кінәлаймыз?

Бүгінде Украина жерінде жүріп жатқан әділетсіз қанды соғысқа қалай қараймыз – жаңағы депутат секілді озбырлық жағына шығамыз ба? Сонда біз кім болдық?

Бізге бір затты анық түсіну қажет. Фашизм бас көтере бастаған қазіргі беймаза геосаяси жағдайда агрессия, империя идеялары біз секілді шағын халықтарға аса қауіпті. Бүгінгі заманның Шыңғысхандарының құр­баны ең алдымен біз боламыз. Ұлттық сана гуманизмге негізделуі керек.

Тарихқа да, бүгінгі шындыққа да сәйкес келмейтін, орта ғасырды үлгі етіп, өркениетті жоққа шығаратын қияли идея­лармен халықтың басын қатырмайық. «Адамдарды құтқаратын әдет-ғұрып та, әлде бір құпия күш те емес, әртүрлі діни сенімдер де емес, адамдарды өмір туралы айқын да анық түсінік қана құтқара алады», дейді ұлы жазушы Лев Толстой.

Тарихты білу бар да, тарихты та­нып, түсіну бар. Білу – деректер жиын­тығы, ал деректерді объективті түрде қорыта білу, тарихты тануға, түсінуге әкеледі. Тойнбише айтқанда «постижение истории». Бірақ тарихты ұлттың абыройын асқақтататын, қала берді рудың атын шығаратын насихат құралы есебінде қабылдайтын адам, оған ешқашанда объективті түрде қарай алмайды.

Қате көзқарас қате тарихты қалып­тас­тырады. Қате тарих дегеніміз –жалған тарих. Жалған тарих жалған геройларды, жалған көсемдерді, жал­ған патриотизмді қалыптастырады.

Қате көзқарас демекші, біз 30 жыл бойына Еуразия идеясын қолдап, Еура­зиялық одақ құрып, империялық концепцияның (доктрина деуге де болады) қолшоқпары болып келдік.

Еуразия идеясы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Еуропада орыс эми­гранттарының арасында пайда болды. Негізін салушылар – лингвист Н.С.Трубецкой (украин тілін мойын­дамаған адам), П.Н.Савицкий тағы басқалар. Идеяның мәні – Еуропа мәдениетінен бас тарту, Орталық Азия, Сібір халықтарының басын қосып «Орыс әлемі» деп аталатын бөлек өрке­ниет жасау. 1925 жылы Н.Трубецкой «Ресей – Киев Русі­нің емес, Моңғол империясының мұра­­гері» деп жар салды. Еуразия идеясы­ның іргетасы – славянофильство, пра­во­славие және империя, яғни Орыс империясы. 30-жылдардың аяқ кезін­де бұл қозғалыс өзінің өмір сүруін тоқтатты.

Өткен ғасырдың 80-жылдарында Лев Гумилевтің бастамасымен бұл идея қайта жанданды. Л.Гумилев П.Савицкиймен жақсы таныс бол­ған, хат жазысқан, өзін «ең соңғы еуразиспін» деп жариялаған.

Жаңа Еуразия қозғалысының екінші үлкен өкілі – Александр Дугин. Оның пікірі бойынша, Еуразия мемлекетінде (Ресейде) қоғамды идеологиялық бақы­лауда ұстау үшін диктатура, тоталитарлық жүйе болуға тиісті. Ол 1990 жылдары, фашизмді сақтап қала алмағаны үшін итальян фашизмі мен неміс нацизмін сынға алды.

Еуразия идеясы орыс қоғамындағы ұлтшылдық ауруына шалдыққан империяшыл топтардың көңіліне майдай жақты. «Орыс әлемі» деп аталатын бұл идея Ресей мемлекеті басшылығының саяси темірқазығына айналды. Соған байланысты Ресей ипериясының аумағын қалпына келтіру жобасы басты мәселе болып есептелді.

Ресей басшылығына жағыну жағы­­нан алдына жан салмайтын біз астанамыздағы ең үлкен универси­тетке Қазақстан тарихына қатысы жоқ, тіпті келіп көрмеген Л.Гумилевтің атын бердік. Ресейдің өзінде Гумилев атында бір колледж жоқ. Халықаралық деңгейдегі саясаткерлер «русский нацист» деп атаған Александр Дугинді шақырып, осы университеттің «Құрметті профессоры» атағын беріп, алақанға салғандай етіп сыйладық.

Бірақ Еуразия идеясын гуманис­тік бағыттағы орыс интеллигенциясы қабылдаған жоқ. Бердияев пен Соловьев, олармен бірге Д.С.Лихачев оны фашизмге теңеді. Бұл – қауіпті идеологияға бастайтын тура жол деген. Ең ғажабы, Лихачевтің Гумилевті «историк-фантаст» деп атаған сөзі бар.

Жазушы, суретші, философ, Оксфорд университетінің профессоры Максим Кантордың пікірі: «Евразийство – славянофильство, мессианство фило­софияларының негізінде жасалған саяси утопия. Саяси бағдарлама, идеология. Өз алдына жеке еуразиялық өркениет, еуразиялық мәдениет, еуразиялық фило­софия, еуразиялық экономика дегендер өмірде жоқ. Жалпы, бұл – өте қауіп­ті концепция. Қазіргі жағдайда гер­мандық фашизмге өте ұқсас. Бұл ешқандай экономикалық базасы жоқ, барар жері беймәлім, антифилософиялық, антигуманистік теория. Бір ғана жұбаныш – оның іске аса алмайтыны».

Енді әңгімеміздің желісі фашизмге тіреле бергеннен кейін, ол туралы да бірер сөз айта кетейік. Фашизм арнайы іздеп бармасаң, көре алмайтын, басқа жақта тұрған бір қорған емес. Фашизмнің алғашқы элементтері кез келген адамның бойында болуы мүмкін. Тек олар асқынып, халықтық сипат алғанда, зиянды күшке айналады.

Фашизмнің басты белгілері:

Ұлтшылдық. Расизм. Қанның тазалығын дәріптеу.
Рас, ұлтты сүю – табиғи құбылыс. Ата-ананы, туған жерді, туған елді жақсы көру жұрттың бәрінде бар. Енді әңгіме саяси кеңістікке ауысқан кезде, ұлшылдықтың сипаты өзгереді. Ұлтшылдық саяси термин ретінде сенің ұлтты жақсы көретін көңіліңді емес, саяси бағытыңды білдіреді. Әлемдегі ұлтшылдық саясатын жүргізгендер – Гитлер, Муссолини, ХХ ғасырдың аяғында Сербияның президенті болған кезде Косоводағы албандарды қырып, геноцид жасағаны үшін Гаага трибуналында сотталған Слободан Милошевич. Халықаралық сарапшылар Украина жеріне басып кіріп, соғыс жүргізіп жатқан Ресей билігінің саясатын да осы топқа жатқызады («Орыс әлемі»).

Өткен тарихты ерлік туралы аңызға айналдыру («героизация прошлого»).
Тарихтағы агрессияны қолдау, насихаттау.
Өз халқының өкілі болса, тиранды да, ұры-қары, алаяқты да мақтан тұтушылық Еуропа елдерінде де болды, әлі де баршылық. Оңтүстік Амери­кадағы жергілікті үндістерді аяусыз қырған, тонаған қарақшы Христофор Колумбты көкке көтеру сан ғасырлық идеологияға айналды. Колумб атында тұтас мемлекет, елді мекен, тау, өзен аттары бар. Еуропаның әйгілі ақын-жазушылары оған арнап мадақ шығармаларын жазды. Қойылған фильм­дер мен ескерткіштерде есеп жоқ. АҚШ-та Колумб күні мемлекеттік мереке болып есептеледі.

Тарихтан орын алған әділетсіздік аз емес. Оңтүстік Америкадағы үндістерді қорғауға бүкіл өмірін арнаған, испан отаршылдарының айуандық әрекеттерін батыл сынаған гуманист-свя­щенник, тарихшы Бартоломе Лас Касас­ты біреу біліп, біреу білмейді. Ал қандықол Колумб­тың атағы жер жарды.

Әйтсе де заман өзгерген сайын сана да өзгереді. Бірте-бірте болса да, тарих әркімді өзінің орнына қоюға тиісті. 2020 жылы АҚШ-та бірнеше штат Колумб күнін тойлаудан бас тартып, жергілікті үндістердің мерекесін бірлесіп тойлады. Колумбтың ескерт­кіші құлатылды. Бұл үрдіс әрі қарай жалғасып жатыр.

Бұл әңгімемізді Марк Твеннің: «Американы ашқаны жақсы-ақ, бірақ Колумб оны таба алмай, өтіп кеткенде, тіпті жақсы болатын еді» деген сөзімен аяқтайық.

Өткен тарих өтті-кетті, оны ұмы­тайық деген уәж қазір өзекті емес. Тарихты өзгерте алмайсың, бірақ қате көзқарастарды өзгертуге болады.

Жау іздеу. Басқаша ойлайтын­дарға, өзгелерге деген жеккөрушілікті өршіту. Ксенофобия.
Адамның хақын, бостандығын, өмірін ең басты құндылық деп есептемеу, оны мемлекет мүддесінен төмен қою.
Әрине, бұдан басқа, билікті иемдену, көсем жасау, қуыршақ парла­мент, бір партия арқылы саяси, эко­номикалық, әскери және идеологиялық үстемдік жүргізу секілді саяси факторлар да бар, бірақ ол бөлек әңгіме.

Адамзатқа үлкен қасірет әкелген фашизмнің басты белгілеріне тоқталып отырған себебіміз – ақпарат кеңісті­гінде белсенділік танытып жүрген ұлт­жанды жастарымыз, қызбалықпен әртүрлі кесапат пікірлерге ұрынбай, жаман мен жақсыны қапысыз айырып, ізгілік бағытынан ажырап қалмай жүрсе екен деген тілек.

Елдің болашағына қатысты пікір айтуға әркімнің де хақы бар. Бірақ сол пікірінің дұрыс-бұрысын әбден таразылап, сабырға жүгініп, жауапкершілікпен айтса, құба-құп. Халық – кейде дана, кейде бала. Насихатқа тез көнеді. Қате болса да, ұлттың өзімшілдік инстингін қоздыратын бір әңгіме бастап берсең, одан кейін оны тоқтата алмайсың. «Бәленше түгеншені сойып салды, өлтірді, намысты қолдан бермеді» деген төңіректегі сөздер жұртқа көбірек ұнайды. Ал шын мәнінде, намыс деген біреуге ә десе, мә деп, бет қаратпай жауап қайтару емес, намыс – қатардан қалмау, өзіңнің ешкімнен кем емес екеніңді ісіңмен мойындаттыру.

Біз әрқашан кісілігі биік, мәдениетті, білімді, өтірік айтпайтын, өзгелердің де қамын ойлай білетін, қайырымды адамды жақсы көреміз. Халық та сондай жақсы болуы керек. Өз мүддесі үшін күресе алатын, әділеттен аттамайтын, көзі ашық, естияр, кеңпейіл ұлтты өзгелер де сыйлайды. Француздың ұлы жазушысы Виктор Гюго айтқандай, адамның ұлылығы оның бойының биіктігімен өлшенбейтіні секілді, халықтың да ұлылығы оның санымен, жерінің көлемімен өлшенбейді.

Адамзаттың басын біріктіретін, негізінен, үш құндылық бар: әділдік, шындық, адамгершілік. Ұлттық идеология, саясат осы құндылықтарға негізделуі керек. Сонда ғана өркениет­тің тірегі болып отырған елдермен бір боламыз. Саясатты қулық, алдап-арбау, саяси ойын деп түсінетін көзқарас ескірген. Мемлекет таза жүрекпен, адал ақылмен басқарылуға тиісті.

Біз өткен тарихты ғана зерттеу­шілер емеспіз, бүгінгі тарихты да жасаушылардың санатына жатамыз. Оның бағасын келешек ұрпақ береді. Олар біз тұрғызған күмәнді ескерт­кіштердің талайын құлатуы мүмкін.

Төлен ӘБДІК,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

egemen.kz

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары