Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Жалқамыс құс фабрикасын мемлекеттік меншікке қайтару туралы үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облыстық прокуратурасының ақпаратына қарағанда, аталған фабрика Рахат Әлиевтің туысы, американдық «American Investments» корпорациясының президенті Иссам Салах Хораниге тиесілі болған.
Іс негізінен Ливан тумасы Иссам Салах Хоранидің төңірегінде. 1998-2008 жылдар аралығында онда Қазақстан азаматтығы болған. Ал, қазір ол Палестина азаматы. Хорани «American Investments» америкалық корпорациясының президенті, сонымен қатар Рахат Әлиевтің қарындасы Гүлшат Хоранидің жұбайы. 2008 жылдан бері Иссам Салах Хорани Швейцария, Ливан және Қазақстанда жасаған қаржы бопсалау қылмыстары үшін Интерпол іздеуінде болған.
Талғар аудандық прокуратурасы осы уақытқа дейін Жалқамыс құс фабрикасын жекешелендіруге жарамсыз деп танып, оны мемлекет меншігіне қайтару туралы талап-арыз түсірген болатын.
1999 жылы акциялардың мемлекеттік пакеті (90 пайыз) америкалық «American Investments» корпорациясына сыйға тартылған.
«1999 жылы наурыз айында Талғар ауданының әкімдігі Ақ-қанат» АҚ-ның пайдалануындағы жалпы ауданы 665,4 гектар 4 жер учаскесін америкалық корпорация пайдасына 5 жылға шығару туралы шешім шығарды. Сол жылдың қазанында алынған 665,4 гектар жердің 56 гектары «Алтын-Айдар» ЖШС-не берілді», - делінген прокуратура хабарламасында.
Кейін, яғни 2001 жылы аталған аудан әкімдігі «American Investments» компаниясынан «Алтын-Айдар» серіктестігінің пайдасына 609 гектар жерді пайдаланудан шығарған. Ол 6 жер теліміне бөлініп, 2002 жылы Талғар ауданы әкімдігі мен «Алтын-Айдар» ЖШС арасында 49 жылға тиісті жалға беру шарттары жасалған.
«Мұрағат мәліметі бойынша Алматы аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен «American Investments» америкалық корпорациясы арасында құс фабрикасын өтеусіз беру туралы шарт жасалмады. Өндірісті дамытуға және кредиторлық берешекті өтеуге инвестиция салу бизнес-жоспары әзірленбеді және уәкілетті органға берілмеді. Құс фабрикасы 29 жыл бойы жұмыс істемей тұр. Оның ресурстары тозған, ауылшаруашылық техникасы мен көлік құралдары ескірген, құрылыстарға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілмеген, инвестициялар салынбаған, салық берешегі бар.
Құс фабрикасының мүлкін иеліктен шығару дерегі уақтылы анықталған кезде Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық органы мүлікті мемлекетке қайтару жөнінде шаралар қабылдауға міндетті болды. Алайда бұл орындалмады. Осыған байланысты прокурор мемлекет мүддесі үшін талап қойды», - делінген құжатта.
Сот іс материалдарын зерделеп, шешім шығарды. Үкімге сай, құс фабрикасы мен оның жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.