29.04.2023, 16:30

Ақжүрек Таңатаров қызметінен заңсыз қуылғанын айтып, президенттен көмек сұрады

"Мені Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі басшысы лауазымынан заңсыз жолмен босатып жіберді.

Еркін күрестен Олимпиада ойындарының, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров "қызметінен заңсыз қуылғанын" айтып, ел президентіне бейнеүндеу жолдады. "Құрмет" және "Парасат" орденінің иегері өз үндеуінде жас спортшылар шынығатын облыстық мамандандырылған мектеп-интернат басшысы лауазымынан әділетсіздік құрбаны ретінде қуылғанын жеткізген. Осы жағдайға қатысты өткен брифингте облыстық спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов пікір білдірді, хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Мені Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі басшысы лауазымынан заңсыз жолмен босатып жіберді. Осы орайда Жамбыл облысы спорт басқармасы басшысы Арман Тәшметовтан жеке барып, себебін сұрағанымда Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың бұйрығы мен шешімі. Мен не істей аламын" деді. Тоқсаныншы жылдарға қайта оралғандаймыз", - дейді спортшы.

Ақжүрек бұл әрекеті арқылы өзіне жаңа қызмет сұрамайтынын айтып, ағынан жарылды. "Президент мырза, мен спорт жанашыры және осы саланы жетік меңгерген азамат ретінде сізден Жамбыл облысындағы әкімдік пен оның ішіндегі спорт басқармасында орын алып жатқан заңсыздықтарды тоқтату үшін республика деңгейіндегі барлық құқық қорғау органдарынан, оған қоса парламент депутаттарымен бірлесе отырып, комиссия құрып, толыққанды тексеріс құруды сұраймын. Бұл әрекетіммен мен сізден маған қызмет алып беріңіз демеймін", - дейді Ақжүрек Таңатаров. Ал облыстық спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов болған жағдайға байланысты арнайы брифинг өткізді. 

"Бұл шешімді қабылдауға әсер еткен факторлардың ақиқатына келсек, мектеп-интернат-колледж жұмысында біраз кемшіліктерге жол берілген. Біріншіден, 2021 жылы интернат оқушылары мен тәрбиеленушілері спорттық киімдермен қамтамасыз етілмеген. Спорттық киім алудың орнына қаржы іс-сапар шығындарына жұмсалған. 3 млн 109 мың теңге қаражатты спорттық тауарларға емес, оқу-жаттығу жиыны мен түрлі спорттық жарыстарға ауыстырған", - деді басқарма басшысы. Басқарма басшысы былтыр да мектеп-интернаттағы қаржыландыру жоспары дұрыс жасалмаған дейді. "2021 жылдың жылдық есебін қалыптастыру барысында бюджеттік заңнама өрескел бұзыла отырып, басқармаға 2 млн 586 мың теңгеге бұрмаланған қаржылық есептілік тапсырылған. Интернат басшылығы тарапынан кредиторлық берешектерді мүмкіндігінше азайту немесе толық өтеу тұрғысында жұмыс атқарылмаған. Кредиторлық берешектерді жабудың орнына жыл бойына іссапар шығындарына 3 млн 782 мың теңге жылжытылған. 2023 жылы азық-түлік сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысында заңнамамен берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланбауы салдарынан наурыз-сәуір айларында интернат оқушылары мемлекет тарапынан тамақпен қамтамасыз етілмеген", - деді Ташметов.

Сондай-ақ Арман Ташметовтың айтуынша, 2021-2022 және 2022-2023 оқу жылдары интернаттан 52 тәрбиеленуші оқудан шығып кеткен. Оның ішінде 2-3 жыл мемлекет қаражатымен интернатта тәрбиеленген чемпиондар да бар дейді. Мекемеде оқушылардың оқу циклін аяғына дейін жеткізуі назарға алынбай, ұйымдастырушылық жұмысы төмендеген деп баға берді. Ал облыс әкімінің кеңесшісі Нұр Ниязи Таңатаровтың қызметтен кетуіне облыс әкімінің қатысы жоқ екенін айтты. "Әрбір адам чемпион бола бермейді, бірақ әрбір чемпион да басшы бола алмайды. Бұл ерекше қасиеттер ғой. Мен Ақжүректің еңбегін жоққа шығармаймын. Бірақ оның қызметтен босауына әкімнің қатысы жоқ", - дейді ол. Бұл жағдайда байланысты қоғам белсенділері де үн қатқан. Олардың қатарында танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев та бар. Ал Ақжүрек Таңатаров өзінің абыройы мен ары таза екенін алға тартып, жұмыстан заңсыз шығарылғанын дәлелдеу үшін соңына дейін баратынын айтады.