$ 494.87  520.65  4.91

«Жазушылар одағының төрағалығына кандидатурамды ұсынамын» - Думан Рамазан

Ескі сүрлеу-соқпақтың бәрінен арылып, жаңа, тыңнан жол салуымыз керек. Жаңа заманға сай жаңарып, жаңғыруы керек! Батыл реформалар жасау керек!
фото: facebook.com
фото: facebook.com

Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Ендеше, Қазақстан жазушылар одағының жұмысына тың серпін, жаңа леп, сілкініс, өзгеріс керек-ақ. Бұрынғы Кеңес дәуіріндегі әбден ескірген, іске алғысыз тәсілмен жұмыс істеуге, ілініп-салынып жүре беруге болмайды. Ескі сүрлеу-соқпақтың бәрінен арылып, жаңа, тыңнан жол салуымыз керек. Жаңа заманға сай жаңарып, жаңғыруы керек! Батыл реформалар жасау керек!

Жазушылар одағының ғимараты бар, ондағы жалға берілетін бөлмелер бар, жиын өткізетін кең залы бар, Шығармашылық үйі бар, мемлекеттік тендерлерден түсетін қаржы-қаражат бар, егер істің ебін тапса, өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Одаққа түскен әр тиынның орнымен жұмсалуын қатаң қадағалап, ерекше бақылауда ұстаса, оңды-солды шаша бермесе, көп нәрсе тындыруға болады. Жыл сайын одақтың кіріс-шығысын есептеп, есеп беріп отырса, жұртшылықта да ешқандай күдік-күмән тумайды. Заманға сай бәрі ашық болуы керек. Түкке қажеті жоқ жиындардың барлығын қысқартып, немесе басқаша, жаңаша форматта өткізуді ойластырып, жаңаша жұмыс істеуге көшу керек. Бұл жағынан алғанда да істеймін деген адамға Қазақстан Жазушылар одағында мүмкіндік мол.

Өзім қызмет істейтін «Жұлдыз» журналында іске жарайтын дені дұрыс бір компьютер, бір принтер жоқ. Жазушылар одағының қазіргі жалпы жағдайы осындай. Бәрін жаңалауға, жарақтандыруға, дәл соған қаржы табуға болады. Журналистердің, «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» журналының қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасауға, мол мүмкіндіктер тудыруға толық мүмкіндік бар. Ол үшін тынбай, жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек.  
Шетел Жазушылар одақтары мен қаламгерлерімен тығыз байланыс орнату керек. Ол жасанды емес, табиғи жолмен өрілсе, нәтижелі болмақ. Мәселен, Жазушылар одағының жанынан «Әлем әдебиеті» журналын немесе «Әлем» альманағын қайта шығаруды қолға алу керек. Соның төңірегінде көптеген іс-шараларды жүзеге асырса, өз жемісін береріне еш күмәнім жоқ. Шетелдік әдеби басылымдармен де қарым-қатынасты жандандыру керек. Өзіміздің және шетелдік аудармашылармен жүйелі жұмысты қолға алатын мезгіл жетті.

«Әдебиетті қолдау қорын» ашу керек. Мүмкіндігінше қаламгерлердің материалдық жағдайын жақсартуға күш салған дұрыс. Жазушылар одағына мүшелікке өтуге кем дегенде екі-үш жылға мороторий жарияланса дұрыс болады.  Мүшелік билетті топтап үлестіре бергенді мүлде тию керек. Жазушылар одағына өту үшін арнайы жасақталған комиссия қабылдауы керек. Басқаша болуы да мүмкін емес. Одаққа мүше болу үлкен абырой болуы керек қой!  Ал қазір мүшелікті қойыңызшы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын халтурщиктер алатын болды. Не сұмдық?! Бұл тек сыйлықтың ғана емес, әдебиеттің де құнын түсіріп, қадір-қасиетін қашырып жібереді ғой! Соны неге ойламайды екен?! Жалпы «Алаш» сыйлығын топтап бергенді,  бір жылда 20, 30, 40 адамға шүлендей үлестіруді мүлде тоқтату керек. Оның ішінде үлкен әдебиетте орны жоқ халтурщиктерге берілуі мүлде дұрыс емес. Аталмыш сыйлықты жылына бір-екі, әрі кетсе үш адамға беруге болар. Әйтпесе, сыйлықта не құн қалады?! Есесіне ақшасын жоқ дегенде бір-екі миллионға жеткізу керек. Лауреаттар қомақты қаржыға ие болса, сыйлықтың да құны артады.

Әрине, аға буын ақын-жазушыларды сыйлаймыз, құрметтейміз. Еңбектері еленуіне мейлінше мүдделіміз. Өйткені, сол кісілерден көп нәрсе үйрендік, жазған-сызғандарынан тәлім алдық, тәжірибе жинадық, шеберлігімізді шыңдадық. Сонымен қатар талантты жастардың да Президенттік һәм мемлекеттік стипендияларға көптеп ие болуына мүдделілік танытамыз. Өйткені, өміріміздің де, әдебиетіміздің де болашағы сол жастардың қолында. Әдебиетті тек таланттар ғана жасайды. Үздік туындыларды тек дарындылар ғана тудыра алады. Ендеше, талантты жастарға көбірек көңіл бөлінуі керек деп ойлаймыз. Сонда әдебиетіміз де көркейіп, өсіп-өніп, өз жемісін бермек. Дегенмен, әдебиеттің қасиетті табалдырығын аттаған әр жастың алдыңғылардың бәрін мансұқ қылып, әдебиетті өзінен бастайтын жаман әдеттен арылуын қалаймыз. Толқындардың ара-жігі ажырамауы, жұлын-жүлгесі үзілмеуі керек. Сонда ғана түсіністік орнап, жарастық салтанат құрады.

Жазушылар одағының ең басты міндеті – қаламгерлерді қолдау, қорғау. Қысылғанда қолтығынан демеп, басына іс түскенде жанынан табылу. Атышулы қаңтар оқиғасы кезінде қудалауға ұшырап, қылмыстық іс қозғалған ақын бауырларымызға шырылдап неге ара түстік? Ақын бауырларым мұң-зарларын айтып қайта-қайта неге маған хабарласты?.. Әріптестерің, қаламдастарың, бауырларың істі болып жатса, қашып-пысып жүрсе, қалай қарап отыра аласың?! Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бауырымызға рахмет! Сөзімізді естіді, түсінді. Алмас Темірбай, Қуаныш Оспан сынды талантты ақындарды қылмыстық жауапкершіліктен арашалап алып қалып, үлкен жақсылық жасады. Тіпті облыс әкімшілігі орнынан алып тастаған Қуаныш Оспанды қызметіне қайта қойғызды. Ерлан Қарин мырза болмаса, бауырларым сотталып кетер ме еді, кім білсін?! Онда таза масқара болар едік. Егер ақын-жазушыларға осындай кезде қорған бола алмаса, Жазушылар одағының не керегі бар?! Одақ қаламгерлерге тек қысыл-таяң кезде ғана емес, бейбіт күнде де қорған бола білуі тиіс. Мәселен, ақындар мен драматургтер төрт бес жылдан бері Авторлар қоғамынан өздеріне тиесілі ақшаларын ала алмай жүр. Мен  Жазушылар Одағындағы Драматургия кеңесі төрағасының орынбасары ретінде бұл іске біраз араластым. Қаламдастарымның мүдделерін қорғадым. Ал негізінен бұған Жазушылар одағының басшылары мүдделілік танытуы керек қой! Өйткені, ақындар мен драматургтердің басым көпшілігі осы одақтың мүшелері. Одақ мүшелерінің мүдделерін қорғамаса, күрмеулі мәселелердің шешілуіне атсалыспаса, олардың проблемаларын жоғары жаққа жеткізе алмаса, Жазушылар одағынан не үміт, не қайыр?! Төраға болып сайлансақ, ең бірінші кезекте қолға алатын шаруамның бірі осы болмақ. Шешеміз деп сеніммен айта аламын. Өйткені, бұл мәселенің шешілмеуі, шешімін таппауы тіптен мүмкін емес. Егер Авторлар қоғамы өздері шешпесе, сот алдында шақыртып, шешкізуге мәжбүр боламыз. Бұған жауапты адамдар міндетті түрде жазаланады. Басқаша болуы да мүмкін емес. «Берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деген принципке барамыз. Ақындар мен драматургтердің тиісті ақшасын міндетті түрде алып береміз. Оған кепілдік береміз! Жалпақшешейлікке, немқұрайдылыққа жол бермейміз. Қаламгерлердің мүдделерін кез-келген уақытта, кез-келген жерде қорғауға дайынбыз.

Қаңтар оқиғасы кезінде тек ақындарға ғана ара түскеніміз жоқ. Жазықсыз жандардың жазаланбауын өтініп, ол сөзімізді мемлекет басшыларына жеткіздік. Көптеген ұсыныстарымызды қабыл алып, одан қортынды шығарғанын біреу білсе, біреу білмес. Оны да айтудың реті келер. Әрине, таза қылмыс жасаса, ақын-жазушы болмақ түгілі, кім болса да, ешкім де ара түсе де, құтқара да алмайды. Ал нақақтан нақақ күйіп бара жатқан қаламгерлерді қолдау мен қорғауға тиіспіз. Ол біздің адамдық, азаматтық, әріптестік, қаламдастық, тіпті аға-інілік борышымыз. Ешқандай қаламгерді жауға да, дауға да бермейміз. Өйкені, елімізде мыңның үстінде қаламгер бар. Бұл дегеніңіз үлкен күш. Әскердің қолында қару болса, қаламгерлердің қолында қалам бар. Ал бейбіт заманда қаламнан асқан құдіретті қару жоқ. Жақында бір байшікеш арқалы ақынымыз Маралтай Райымбекұлын сотқа беріпті деп естідім. Оны Маралтай досымның өзі де арнайы іздеп келіп айтты. Мен оған кез-келген уақытта қолдау мен қорғауға дайын екенімді ашық айттым. «Маралтай, сені қорғамағанда, саған ара түспегенде кімге ара түсеміз, сені қолдамағанда кімді қолдаймыз!» деп уәде бердім, яғни сөзімде тұрамын. Бұны Президенттің қаперіне дейін жеткіземін. Маралтай сынды айтулы ақынымызды оттан да, соттан да арашалап алуға бар күш-жігерімізді саламыз! Кәкір-шүкірге бола қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы – Маралтайды соттатып қойып қарап отырсақ не болғаны?! Бишікештер мен байшыкештер ақындардан аулақ жүрсін! Әйтпесе, өздерінің артын қазбалап, абыройларын аймандай етеміз! 

Фейсбуктен атақты жазушымыз, қадірлі ақсақалымыз Софы Сматаев ағамыз халінің мүшкіл екенін айтып, жарияға жар салып отырады. Соған құлақ асқан тірі пендені көрмедім. Әй, ол Софы Сматаев қой, ең алдымен ағамыздың сөзін Жазушылар одағы естуі керек қой! Көрнекті қаламгердің кітабының сатылуына ең алдымен Жазушылар одағы мүдделілік танытуы керек қой! «Маған атақ үкімет ауруханасына тіркеліп, ем қабылдау үшін ғана керек!» деп шырылдап отырады, қадірлі ақсақалымыз. Атақ әпере алмаса да, Алматыдағы үкімет ауруханасына тіркетіп, сонда емделуіне жағдай жасаса болады ғой! Егер осындай ұсақ-түйек шаруаларды шеше алмаса, Жазушылар одағының төрағасы болып отырудың не керегі бар?! Ниет-пейіл болса, бәрін істеуге, шешуге болады ғой деп ойлаймын. 

Менің ойымша, Жазушылар одағының төрағасы қаламгерлердің береке-бірлігіне, ынтымағына жұмыс істеу керек. Бәрінің басын қосып, жұмыла жұмыс істейміз. Топқа қосылмаймыз, топ құрмаймыз. Руға, жүзге, жерге бөлінуді мейлінше тоқтатамыз. Бұндай аурумен ауыратындарды қатаң айыптаймыз. Бәріміз бір қазақтың баласымыз. «Әр қазақ менің жалғызым» деген ұстанымды берік ұстанамыз. Тіпті жамандық істеген адамдармен де кешірімдесіп, ел-жұртымыз бен одақтың мүддесі үшін тізе қосып жұмыс істеуге дайынбыз. Бөліп-жаратын ештеңеміз жоқ. 

Бөлінушілік пен алалыққа жол бермейміз. Бәріне тең қараймыз. Мәселен, бір жылдары қазақ ақын-жазушыларының антологиясы бес-алты тілге аударылды. Осыны ұйымдастырушылар кейбір қаламгерлерді алалап, өзінің жақындарын тықпалап жіберіпті. Мысалы, прозадан Тынымбай Нұрмағамбетов пен Асқар Алтайға дейінгі қаншама талантты прозашылар жоқ, ұмытылып, болмаса сызылып қалған, поэзиядан да солай. Ал бұндайға мүлде жол беруге болмайды деп есептейміз. Бұндай іріктеулер өте әділ сұрыптудан өтіп, лайықтылардың ешқайсысы шет қалмауы тиіс. Жеке басын жек көрсең де, кімнің де болса талантын мойындау, дарынын сыйлау, құрметтеу керек! Кім сайланса да, одақ төрағасына ең басты әрі қажетті қасиет осы деп ойлаймын. Жалпы адамдарды, оның ішінде қаламгерлерді еш алалауға болмайды. 

Жылына кем дегенде талантты екі қаламгердің алаңсыз шығармашылықпен айналысуына жағдай жасаймыз. Жыл бойы ай сайын беріліп отыратын 200 000-300 000 теңге көлемінде стипендия тағайындаймыз. Оған қаржыны міндетті түрде табамыз. Таба алатындықтан айтып отырмын. Сондай-ақ, жас қаламгерлердің баспана мен тұрғын үй тұрғызу үшін жер телімдерін алуына бар күш-жігерімізді саламыз. Әрине, бұл біздің қолымызда тұрған нәрсе емес, дегенмен тырысып көреміз, осы бағытта да табанды жұмыстар жүргіземіз. 

Төрағаның орынбасарлығына қаржы таба алатын қабілетті қаламгерлерді тартамыз. Табыс табумен айналысатын атқарушы директор, менеджерлерді жұмысқа аламыз. Олардың жазушы болуы міндетті емес. Одақтың шаруашылық жұмыстарын дөңгелетіп отырса болды. Одаққа қарасты басылымдарға басшылыққа қосымша қаржы таба алатын, қолынан іс келетін, авторлардың қаламақысын шеше алатын талантты қаламгерлерді тағайындаймыз. Сондай талаптар қоямыз. Басылымдардағы қаламақы мәселесін міндетті түрде шешеміз.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағалығы үшін битімді сығып жүгірмеймін. Ешкіммен айтысып-тартыспаймын, жаға жыртыспаймын. Дәл қазіргі жағдайда Жазушылар одағының төрағалығына осындай нақты бағдарламалар ұсына алатын және оны орындай алатын, Жазушылар одағын қаржылық қиындықтардан алып шыға алатын іскер қаламгерлер керек. Бұл мәртебелі қызметке кең кабинетте шіреніп отыру немесе қызметтік көлік міну үшін емес, ел-жұртқа, қаламгерлер қауымына қызмет қыла алатын ақын-жазушылар келуі керек. Қазақстан Жазушылар одағының жұмысын жандандыру үшін ең алдымен қаржы-қаражат керек. Онсыз бәрі «баяғы жартас – бір жартас» болып қала бермек. Ал біз қаржы-қаражат табамыз, Жазушылар одағын қаржылық қиындықтардан, яғни тығырықтан алып шығамыз.

Кітап шығару мен кітап нырығына да мейлінше ықпал етіп, қатаң бақылауда ұстау керек. Мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың сапасына да Жазушылар одағы жауап беруі тиіс. Әйтпесе, кім көрінгеннің кітабын шығара беру мүлде дұрыс емес. Бұл ұсыныс-тілегімізге Мәдениет және спорт министрлігінің басшылары да түсіністікпен қарар деген ойдамыз. 

Егер менің осы айтқандарымнан да асырып істеймін, Қазақстан Жазушылар одағының бойына қан жүгіртіп, жан бітіремін, өзгеріс һәм реформа жасаймын дейтін қаламгер болса, ата жауым болса да, дәл сол үміткерге дауыс беремін. Себебі мен де Жазушылар одағының өзгергенін, жаңарғанын, жаңаша жұмыс істеу тәсіліне көшкенін жан-жүрегіммен қалаймын. Ескіше жұмыс істеудің заманы өтті. Жазушылар одағының төрағасын сайлауда осы одаққа мүше қаламгерлердің барлығы бірдей дауыс беруі керек. Төраға болсақ, жарғыны осылай өзгертеміз. Кімнің бағы жанады, кімнің бағдарламасы мықты, сол қаламгер сайлануы керек. Ал одақ төрағасын сайлауға басқарма мүшелері ғана дауыс бере алады деген құйтырқұлықтардың түп-тамырына балта шабылуы тиіс. Кейбір жылпос, қулықтарына құрық бойламайтын арамза  қаламгерлер өзіне дауыс беретін ақын-жазушылардан басқарма мүшелерін жасақтап алады да, сайланып кете барады. Бұл мүлде дұрыс емес. Бұдан былай бұндай арамзалар мен арамзалықтарға жол бермеу керек.

Әдеби байқаулардың, мүшайра мен конкурстардың өте әділ өтуіне күш саламыз.  Тамыр-таныстықтың жолын кесеміз. Қай қаламгердің шығармасы сыйлыққа лайық, мықты, үздік, сол бәйге алады. Сонда ешкімнің өкпе-реніші болмайды деп ойлаймын. Жүлде алған шығарма мықты болса,өкініш те болмайды. Ал бізде халтуралық шығармалар да тамыр-таныстықпен, көз қысты, бармақ бастылықпен жүлде алып жатады. Оған өздері ұялмайды да. Ондай болса құлагердің басын шапқан Батыраш-Қотыраштардан қай жеріміз артық. Бұндай келеңсіздіктерді де ретке келтіреміз ғой деп ойлаймыз. 

Есімі елге әйгілі Арман Шораев мырза «Қазақстан барысы» бәйгесін ұйымдастырып, бас бәйге алған балуанға 150 000 доллар көлемінде ақша алып беріп жүрді ғой! Сондай бәйгені қаламгерлер арасында неге ұйымдастырмасқа?! Бұл кез-келген қаламгерге үлкен демеу болар еді. Осындай да ой-жоспар, арман бар. Ендеше, неге іске асырмасқа?! Өйткені, талант мемлекеттің байлығы, ұлттың қазынасы ғой! Одан қаржы аяуға бола ма?! Әрине, бұл біздің қолда тұрған нәрсе емес, дегенмен, осыны Ел басшыларының назарына жеткізіп, шешілуіне күш саламыз. 

Егер қаламгерлер қауымы маған сенім артса, бар күш-жігерімді саламын, ұятқа қалдырмаймын. Үміттеріңізді де, сенімдеріңізді де ақтаймын. Қашанда «арық сөйлеп, семіз шық» деген, бұдан да басқа ой-жоспарлар жетерлік. Оның бәрін тізбелеп, тәтпіштеп жатуды артық санадым. «Бізге өзгерістің керегі жоқ, осы күнімізге де шүкір, бұрынғыдай өлместің күнін көріп, ілдебайлап жүре береміз» дейтіндер болса, өздері білер. Егер олай дейтіндер болса, мархабат! Еш өкініш болмайды. Ал егер тек қара басымды ғана ойламаймын, қаламгерлер қауымына бір жақсылық болғанын қалаймын десеңіздер, бізге жол беріңіздер, жұмыс істеуімізге мүмкіндік тудырыңыздар! Сондай-ақ Жазушылар одағының төрағалығына түскісі келетін әр қаламгер менікін де асырып жұмыстар атқарамын, қаржы таба аламын десе, немесе менікінен де мықты бағдарлама жасайтындар болса, мархабат! Әйтеуір, сөздерінде тұрып, айтқандарын істесе болды. Сайланып алып Жазушылар одағында қызмет істейтін қызметкерлердің айлығын тауып бере алмай жатса, немесе қаржылық шығындарын өтеуге қаржы таппай жатса, ұяттың көкесі сонда болады. Сондықтан да қаламдастары мен әріптестері үшін ар-ұяттары болса, өз еріктерімен бас тартып, жол берулерін сұраймын!

Мен айтқанымды орындаймын, уәдемде тұрамын! Ендеше, құрметті қаламдастар, шешім өздеріңізде! Біз бәріне дайынбыз!


Думан РАМАЗАН,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйдығының иегері,
Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары