05.05.2023, 16:40

Мемлекет басшысының қатысуымен Бүкілармиялық кеңестің отырысы өтіп жатыр

фото: gov.kz
Қазір Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бүкілармиялық кеңестің отырысы өтіп жатыр.

7 мамыр яғни ҚР Қарулы Күштерінің құрылған күні қарсаңында өтетін жиын барысында әскери саланы дамытуға және әскер дайындығына, Қазақстан армиясын технологиялық тұрғыда жаңғыртуға қатысты мәселелер қарастырылады. 

Мемлекет басшысының айтуынша, елдің басты міндеті - қуатты армия құру. 

"Қуатты армия – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі. Мен сайлау алдындағы бағдарламада Қорғаныс саласының басымдықтарына арнайы тоқталдым. Барлық іс-шараны уақытылы және сапалы жүзеге асыру өте маңызды. Сондықтан бірқатар нақты жұмысты қолға алуымыз керек», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдар жаңа талапқа сай болуы қажеттігін баса айтты.

«Қазір Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Сондай-ақ десанттық-шабуылдаушы әскердің қарым-қабілетін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Аумақтық қорғаныстың әлеуеті күшейтілуде. Азаматтық қорғаныс бөлімшелері құрылып жатыр. Арнайы жасақ бөлімдерін дамыту ісі тың қарқынмен жалғасуда. Осы жұмыстың бәрін уақтылы аяқтау керек. Олар біртіндеп қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс. Мемлекеттік органдардың тығыз қарым-қатынаста болуы өте маңызды. Сонда ғана біз кез келген қауіп-қатерге төтеп бере аламыз. Қуатты армия – тұрақтылық пен тыныштықтың кепілі», - деді Мемлекет басшысы Бүкілармиялық кеңесте.