"Достар!
9 мамыр — Жеңіс күні емес!
СССР соғыс мүгедектеріне ешқашан ардагер деп қарамаған. Оларға СССР қоғамында орын жоқ болатын. Бұл — коммунистік жүйенің оларға деген қарым–қатынасын және сталинизмнің шын бейнесін көрсетеді.
Екінші Дүниежүзілік соғысында СССР-да шамамен 40-60 млн адам шығыны болды. СССР үшін қол-аяғынан айырылған мүгедек ардагерге соғыстан кейін Совет үкіметі ешқандай бағдарламаларды қарастырмағаны да түсінікті. Еліне оралған соғыс батырларын үйінде күтіп алатын туысқандары болмағандары көшеде қайыр сұрап күн көретін. Оларда ең құрығанда жүріп–тұруға арналған мүгедектер арбасы да болмады. Совет үкіметі бұл соғыс батырларына кішкене болсын көмек көрсетудің орынына, олардан керек емес зат секілді құтылды.
Себебі бұл адамдар «социалистік керемет өмір» бейнесіне қарама–қайшы болды. Осылайша 1949 жылы Сталиннің 70 жылдығын тойлар алдында, үйсіз–күйсіз, туысы жоқ соғыс мүгедектерін ірі қалалардан жоюға бұйрық шығарылды.
Мұндай қатыгез әрекеттер тек Сталиннің заманында емес, сонымен қатар Хрущев кезеңінде де іске асырылып отырды. Соғыс мүгедек–ардагерлерін көбіне Валаам аралындағы интернаттарға орналастырған, кейін сол жерде жерлеген. Интернатта да ол кісілердің жағдайлары өте ауыр болды, көбі өз-өзіне қол жұмсап өлген болатын.
Ақиқаты — осы. Мен 1941-1945 жылдардағы соғысты СССР-дің ақымақтығы мен топастығынан болған ЖЕҢІЛІС деп түсінемін. Иә, қаншама қазақ осы соғыста қанын, жанын берді. Өкініштісі — соғыс болмағанда, репрессия болмағанда осы күні қазақтың жан саны кемі — 80 млн болар еді. Атаңа нәлет, Сталин! Лағынет саған!
Соғыста ерлікпен қаза тапқан барша қазақтың топырағы торқа болғай! Рухына Фатиха!
Ендігі жылдары 9 мамырды мерекелік демалыс күндер тізімінен алып тастау қажет. Жеңіс күні емес, аза тұту күні ретінде ғана болғаны жөн. “Ұлы Жеңіс күнімен!” деп айту — санасы уланған құлдың сөзі. Құл болма, ҰЛТШЫЛ БОЛ!
Рухы биік әр қазақ баласы Ұлы Отан Соғысы деп емес, Екінші Дүниежүзілік соғыс деп тануы керек.
Бұл соғысқа біздің аталарымыздан ешкім рұқсат сұрамады. Аталарымыз бодан болған соң, амалсыз қатысып, Мәскеу үшін, Сталин үшін жанын беріп, өмірін қиды.
Бұл соғысқа кілең жетімдер Ә. Молдағұлова, М. Мәметова т.б. қатысты. Олардың әкелері “Халық жауы” деп атылып кеткен.
Шовинист орыстар Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына, ұшқыш Хиуаз Доспановаға, әйгілі партизан Қасым Қайсеновке СОВЕТ ОДАҒЫ БАТЫРЫН қимады, оларды елемеді, ерлігіне қасақана көз жұмды. Қиянат жасалған күнді ЖЕҢІС КҮНІ деп айтуға АРЫМ жібермейді.
Фашизмге қарсы күрескен батыр боздақтарымызды шовинизм саясаты үнемі қорлап, есімдерін лайықты айтқызбады.
Сталиннің топас маршал, генералдарының кесірінен қаншама жан жазықсыз өлім құшты. Олардың ерліктерін ұмытпаймыз! Бірақ бұл соғыс — Қазақстан үшін болған соғыс емес, Москва үшін болған соғыс екенін естен шығармайық!
Өз басым осы күні Мәскеу үшін жанын берген барша қазақ әрі мұсылман ата-апаларымыздың, қыршын кеткен боздақтардың рухына дұға етіп, қол жаямын.
Алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың facebook парақшасынан