13.05.2023, 22:30

Ақмола облысында 10 күн бұрын жоғалған ер адамның денесі табылды

Фото: Polisia.kz
Сот-медициналық сараптама тағайындалды, соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Ақмола облысының Целиноград ауданында он күн бұрын із-түзсіз жоғалған ер адамның денесі табылды. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның мәліметінше, Целиноград ауданының 29 жастағы тұрғыны Шыңғыс Мұстафинге биылғы жылғы мамырдың 3-інде іздеу жарияланған. Оны іздеуге тәртіп сақшыларымен бірге әскери қызметшілер, еріктілер, туыстары мен таныстары атсалысты.

«Мамырдың 12-сінде қабылдаған шаралардың нәтижесінде ер адамның денесі Сандықтау ауданының аумағынан табылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деді ведомстводан.

ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, бейнебақылау камераларының көмегімен полиция қызметкерлері жоғалып кеткен ер адамның Сандықтау ауданы аумағына автокөлікпен келгенін, кейін көліктің Сандықтау ауылында тұрғанын анықтады.