16.05.2023, 12:40

Штирлиц сияқты Қазақтың өз барлаушысы болған

фото: facebook.com
Біз совет барлаушысы Штирлиц туралы фильмді жатқа білеміз, ал өзіміздің қазақтың әскери барлаушысы Ғалихан Сәрсенов туралы оның шетелдегі атқарған қауіп пен қатерге толы қызметі туралы білмейміз.

Ғалихан Биахметұлы Сәрсенов 1914 жылы Семей облысы, Зайсан уездіндегі Көкпетті ауылындағы орта жүздің беделді биі Шегеден Сәрсеновтың отбасында дүниеге келді. Әкесі Биахмет Сәрсенов Семей облысында қазақ балалары үшін мектеп ашқан « Семейдің Алтынсарині» атанған ағартушы болды. Алаш қозғалысының дүниеге келуіне ат салысып, Алаш партиясына алғашқылардың бірі болып өтеді. 1918 жылы Ахмет Байтұрсынов ұсынысымен Семей қалалық ағарту ісінің басқарады, қазақ мектептері үшін физика мен математика оқулығын жазуды қолға алғанмен науқасы асқынып 1921 жылы 22 тамызда 36 жасында қайтыс болады.

Осындай текті отбасында тәрбиеленген Ғалихан Биахметұлы мектепті үздік бітірген соң 1930 жылдары қатарынан екі бірдей жоғары оқу орнында үлгеріп оқуы өте сирек кездесетін жағдай еді, бітіргесін журналист және геолог мамандығын алып шығып, ағылшын, неміс, француз тілдерін жетік игереді.

Осы ерекше дарындылығы үшін оған мамандығы бойынша қызмет істеу бұйырмады. Себебі, ол барлау орындарының көзіне түскен еді, солардың ықпалымен Томбов қаласындағы РККА-ға қарасты әскери училищесінде оқып, ұшқыш мамандығын лейтенант шенімен 1938 жылы бітіреді де сол қаладағы аэроклубта нұсқаушы болып уақытша жұмыс істей тұрады, оның бұл кезде сырттай тағдыры шешіліп жатыр еді. Бұл кезде екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткен соң Европа елдеріне барлаушыларға деген сұраныс артты, сол кезде Ғалиханды Москваға шақыртты. Ғалиханмен РККА-ның Бас Барлау Басқармасын 1924 жылдан басқарып келе жатқан, екінші рангалы армия комиссары Ян Карлович Берзин өзі сөйлесті. Бұл кісі совет әскерінің барлау негізін қалаған, аңыз адам еді, кезінде Совет Одағының батыры Рихард Зоргенің (Рамзай) өзін осы әскери барлау қызметіне тартқан болатын. Міне осы Ян Карлович Ғалихан Биахметұлымен жеке сөйлесіп барлау қызметіне тартты.

1938 жылы Ғалихан Сәрсенов құпия агент ретінде соғыс өрті шарпыған Европа еліне жіберіліп, «Шалдың» өзі ғана байланысқа шығып тұрды. «Шал» деп отырғаным Ян Карловичтің өзі еді, осыдан-ақ, қазақ барлаушысы Ғалихан Сәрсеновтың атқаратын миссиясы өте құпия болғандығын білуге болады. Қазақтың әскери барлаушысы Сәрсенов туралы мәліметтен «өте құпия» гриф-бұрыш белгісі алынған жоқ. Тек бар білетініміз, Голландия елшілігінде аудармашы қызметін атқарып жүргенде, тақтан тайдырылған корольдің ортаншы қызы Иока Мульдерспен танысып үйленіп, Херат (Герат) есімді ұлды болады. 1944 жылы одақтастар әскерлері Голландияны азат ететіні белгілі болғасын, ұлты қазақ болғасын британ барлау орындары әшкерелеуі мүмкін деп, Ғалихан Сәрсеновты дереу Москваға шақыртады, өзімен бірге әйелі Иока мен екі жастағы Гератты алып келуіне орталық рұқсат берген жоқ.

Москваға келгесін өлім мен оттың ортасында басын қатерге тігіп жүрген қазақ барлаушысына «Түркістан легионымен байланысы бар»- деп жала жауып он жылға ГУЛАГ-қа айдап жіберді. Оның өте құнды агент екенің білетін тірі болса араша түсе алатын генерал Я.К.Берзиннің өзін НКВД Ғалихан шет елге кетуі бойынша 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен атып тастаған болатын. Радиоэфирде "Шал" ретінде нұсқауды енді басқа адамнан алып отырғанын ол білмеген еді, байланысқа шығатын радистің міндеті тек шифрограмманы ғана алу мен жіберу болды. 1944 жылға дейін Рихард Зорге де "Шалдан" шифрограмманы алып тұрды, соғыс басталатын уақытын дәл көрсеткеніне "Шал" неге сенбейді деп, қатты күйзелгенін жазушылар М және М Колесниковтар "Рихард Зорге" атты кітабында өте әсерлі етіп жазды.

1959 жылы халықаралық елшілік арқылы әйелі Иока Мульдерс Ғалиханның 16 жастағы ұлы Гератпен Москваға келіп күйеуі туралы сұрау салғанда қазақтың есіл ері ГУЛАГ-та із-түсссіз жоқ болып кеткені белгілі болды, тіпті қай жерде жерленгені де белгісіз болып шықты, артындағы ұлы Герат әкесінің басына бір уыс топырақ та салмай еліне қайтып кетті.

Міне, біз совет барлаушысы Штирлиц туралы фильмді жатқа білеміз, ал өзіміздің қазақтың әскери барлаушысы Ғалихан Сәрсенов туралы оның шетелдегі атқарған қауіп пен қатерге толы қызметі туралы білмейміз. РФ-дің ФСБ-нің сыртқы барлау архивінде шаң басып жатқан ісін сұратып алдырту, біз сияқты пақырдың қолынан келмейді ғой.

Тарихшы, журналист Бақытжан Абдул-Түменбайдың facebook парақшасынан