21.05.2023, 12:30

«Қарқаралыда адам жерлеудің жаңа әдісі деген шығып, соны жарнамалау басталыпты» - қоғам белсендісі

Арабтану идеясы енді жаңа деңгейге көтерілді, салафизм, бақабизм таза әрекетке көшті деуге болады.

Қарқаралыда адам жерлеудің жаңа әдісі деген шығып, соны жарнамалау басталыпты. Ол бойынша көр онша терең қазылмайды, үсті ағаш щитпен жабылады (түріктің "Долина волков" сериалында көргеніміздей), оң иығымен қойылады. Өйткені шариғат бойынша адам топыраққа айналып кетуі тиіс екен.

Үстіне мазар тұрғызылмайды, тек аты-жөні жазылған тас қана қойылады (оны кейін лақтырып тастауға да болады, өйткені оны бекітетін тас қабырға жоқ қой?). Уатсапта тараған видеода 95-ке келген бір әжені осылай жерлеп бастапты, оған тумаластары, балалары келіскен. Шараға имам, жергілікті әкімдіктегілер қатысқан. Жақында заң да қабылданады дейді видеодағы дауыс. Қандай заң? Шариғат заңы ма әлде қазақ парламенті қабылдайтын кәдімгі заң ба? Қазіргі депутаттардың сиқына қарағанда ол да ғажап емес, өйткені Жигули сияқтылар толып отырған жоқ па?

Осының бәрін олар ысырапшылдыққа жол бермеу деп түсіндіреді. Ал керек болса! Бұл нені білдіреді? Арабтану идеясы енді жаңа деңгейге көтерілді, салафизм, бақабизм таза әрекетке көшті деуге болады. Әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанда енді небәрі 20 млн халықты жерлейтін жер жеткізе алмай, бұлар содан үнемдеуге көшіпті! Сусыған құмға жерленетін арабқа мола салсаң да, салмасаң да бәрібір, ертесіне құм басып қалады, сондықтан олар қолдарын бір-ақ сілтеген. Енді сол болу қалып еді. Немесе сібір халықтары - жерлейін десе қалың қардан жерге жете алмай, ақырында қайтқан әке-шешесін тундрадағы ағаштың басына байлап қоятын. Немесе таудағы тасты қаза алмай, өлген адамдарын биік шыңның басына ит-құсқа жеп тастауға апарып тастайтын тибет не моңғол, немесе жер жоқтықтан бірінің үстіне бірі, жеті қатарға дейін адам жерлейтін қытай болу қалып еді. Бұл не сұмдық? Бұлар енді әруақтарға да тыным бермеуге айналғаны ма?

Қазақтың өліге деген құрметі сол күйі қалуы керек деп есептеймін. Бұл атам заманнан, ата-бабамыздан келе жатқан заң, салт. Сақ қорғандары, үйілген топырақ, келе-келе күмбез тамдарға айналған, киіз үй формасындағы молалар, біле білсек ұлттық бренд. Қытайдағы қорғандарды да қаншама ғасырлар өтсе де қытайлар жоя алмады, бағзы түркілердің жері екендігін айғақтап тұр, одан артық не керек? Әркімге еліктеуді қою керек қой.

Қоғам белсендісі Қуаныш Еділхантегінің facebook парақшасынан