24.05.2023, 22:30

«Басқаны қойып, екеуара ядролық қаруы бар»: Тоқаев Ресей мен Беларустің одақтастығы туралы

Фото: akorda.kz
Бірақ интергацияның Қазақстан, Қырғызстан және Армения ұстанып отырған басқа деңгейі және бар. Бұл шындықпен есептесу керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумында сөз сөйледі. Президент өз сөзінде одақ аясында инфрақұрылымға тең дәрежеде қол жеткізу, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек екенін еске салды. 

«Экономикалық интеграция түпкі мақсат емес. Бұл тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады.

Біз үшін, 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие»,- деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі іргетасы не екенін айтты.

«Енді Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын айқындау қажеттігі туралы сұрағыңыздың екінші бөлігіне тоқталып өтейін. Кез келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек. Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің Одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді. Яғни, «төрт еркіндік» және инфрақұрылымға тең дәрежеде қол жеткізу, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек», - деді Президент.

Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың өз ішінде интеграцияның қос моделі қалыптасқанын айтып, Қазақстан, Қырғызстан, Армения ұстанған бағытпен санасу керектігін атап өтті.

«Тағы бір нәзік мәселе бар. Біз ескеруіміз керек концептуалды шындық немесе ерекшелік бар. Бұл Еруазиялық экономикалық одақ аясындағы Беларусь пен Ресей дейтін одақтасқан мемлекет.

Бұл одақтың концептуалды және идеологиялық негізі айтарлықтай салмақты – беларусь пен орыс халқының ортақ тарихын өзара тану, мәдени, тілдік, діни сәйкестігін мойындауы. Яғни, бір ұлттың, бір мемлекеттің бар екенін мойындауы», - деді Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында.

Президенттің айтуынша, Ресей мен Беларусьтің ЕАЭО аясындағы одақтастығы әлем тарихында болмаған тәжірибені туындатып отыр.

«Біздің ЕАЭО-да одақтасқан мемлекет бар. Яғни, әлемнің саяси тарихында бірегей мысал немесе феномен қалыптасып отыр – «Екі ел – бір мемлекет» формуласы бойынша саяси, заңдық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық, кеңістігі ортақ, одақтасқан ортақ үкіметі бар, ортақ одақтас парламенті бар мемлекет құрылып отыр. Кешірім өтінем, тіпті қазір екеуара бір ядролық қаруы бар.

Бірақ интергацияның Қазақстан, Қырғызстан және Армения ұстанып отырған басқа деңгейі және бар. Бұл шындықпен есептесу керек. Мұндай жағдайда қалай жұмыс істейміз? Бұл концептуалды мәселе. Бізге осы экономикалық форумда аталған мәселені талқылау керек деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.