$ 443.44  480.51  4.88

Соғыстар мен қақтығыстар идеологиясын тоқтату керек – Президент

Адамдардың әл-ауқатына әсер ететін проблемалардың түп-тамырын анықтауымыз керек.
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адамдарға ортақ мәселелерді бірге талқылап, оның шешімін бірлесіп табу керектігін айтты, деп хабарлайды Ақорда.

«Адамдардың әл-ауқатына әсер ететін проблемалардың түп-тамырын анықтауымыз керек. Шын мәнінде, әлем бойынша қарапайым адамдардың өмірі күрделене түсті және біз мұны мойындауымыз керек. Екіншіден, тек тақырыптарға қараудың қажеті жоқ, біз тереңінен қарастыруымыз тиіс. Ортақ мәселелерді бірге талқылап, оның шешімін табуымыз керек. Менің көзқарасым бойынша диалог, пікір алмасу және ашықтық басым болғаны жөн. Соғыстар мен қақтығыстар идеологиясын тоқтату керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында модератордың сауалына жауап бере тұрып.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстан жаһандық және өңірлік серіктестерімен достық қатынасты ұстануға бар күш-жігерін салатынын айтты.

«Біздің еліміз барлық уақытта бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолында бар күшін салады. Біз ядролық қарусыздануды қолдаймыз және ядролық қаруды таратпау туралы келісімді ұстанамыз. Біздің еліміз Сирия дағдарысын шешу үшін Астана бейбіт үдерісіне бастамашы болды. Елордамыз әлемдік діндер көшбасшыларының съездерін өткізетін тұрақты орынға айналды. Штаб-пәтері Астанада орналасқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өңірлік және жаһандық проблемаларды шешудің беделді тетігіне айналды», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге белсенді қатысып келе жатқандығын баса айтты.

«БҰҰ қамқорлығымен ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді одан әрі арттыру қажеттігін атап өткім келеді. Бұл тұрғыда Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру маңызды. Қазақстан жаһандық және өңірлік серіктестерімен достық қатынасты ұстануға бар күш-жігерін салады. Және де біз Орталық Азиядағы бауырлас елдермен өңірлік ынтымақтастықты арттыруға ниеттіміз», - деді Мемлекет басшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Тоқаев #форум