Еліміздің Бас прокурорының орынбасары Ұлан Байжанов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге Франциядағы құны 1 миллион доллар тұратын вилласына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Бас прокурордың орынбасары әрі заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі комиссияның төрағасының орынбасары Ұлан Байжановтың Францияның Шенс-сюр-Леман коммунасында Женева көлінің жағасында вилласы бар екені туралы ақпарат тараған.
«Иә, расында сенімді ақпарат, оны ешқашан жасырған емеспін. Аталған жылжымайтын мүлікті бизнесте жүрген кезімде сатып алған болатынмын. Оның өзіндік себептері болды. Қызым ауырып, біраз уақыт Еуропада болуыма тура келді», – дейді Ұлан Байжанов.
Ол бұрын бизнеспен айналысқанын алға тартты. Мемлекеттік қызметке кірісер алдында, заңға сәйкес барлық мемлекеттік қызметкерлер секілді осы жылжымайтын мүлікпен қоса барлық жиған-тергенін тізбектеп декларация өткізгенін айтты.
«Мемлекеттік қызметке келгенде заң бойынша біреудің қолына бизнесті бересің. Мысалы мемлекеттік қызметте жүргенде ешқандай бизнеспен шұғылдануға болмайды», – дейді Бас прокурордың орынбасары.
Өзі бұл тақырыпты «жаренный» факт деп есептейді. Сондықтан қайта-қайта қозғай берудің қажеті жоқ деп отыр. Сонымен қатар, Еуропаға барып тұру қажеттілігі болмағандықтан вилланы сату туралы шешім қабылданған.