Қазақстанның екінші, әлемнің 128-ракеткасы Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионатының іріктеу турнирін сәтті өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші алдымен дүниежүзілік рейтингте 240-орында тұрған жапониялық Каича Учиданы жолдан тайдырды – 6:2, 6:2.
Содан кейін рейтингте 169-сатыдағы италиялық Рауль Бранкаччионы сүріндірді – 6:4, 6:3.
Іріктеу сайыстарының финалында Т.Скатов әлемнің 112-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортты 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Тимофей 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 3 эйспен ғана шектелді.
Осымен үшінші рет «Үлкен дулыға» турниріне жолдама алған 22 жастағы Т.Скатовтың АҚШ ашық чемпионатының негізгі жарысындағы қарсыласы кейін анықталады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда рейтингте 82-орындағы аустриялық, 2020 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімазы Доминик Тиммен шеберлік байқасады.
Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина рейтингте 37-орында тұрған украиналық Марта Костюкпен кездеседі. Рейтингте 79-сатыдағы Юлия Путинцеваның бірінші айналымдағы қарсыласы – әлемнің 53-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизан.